Accessibility links

Оппозицияның сайлауға жасаған бойкотына Ақорда қалай жауап береді?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекеттік хатшы – сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл.

Қазақ оппозициясы президенттік сайлауға өз кандидатын ұсынудан бас тартты. Оппозицияның пікірінше, сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілуі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне сенімсіздігінің белгісі болып саналады және бұл сайлау оған халықаралық қауымдастық алдында ешқандай бедел әпермейді.


Қазақстанның саяси оппозициясы мерзімінен бұрын өткізілгелі отырған президенттік сайлауға, шын мәнінде, бойкот жариялады деуге болады. Оппозиция сайлауға қатыспайтын болды. Ресейлік «Коммерсантъ» газеті жазғандай, бұл сайлауда президент Нұрсұлтан Назарбаев «өзімен өзі күреспек».

Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамед Ертісбаевтың пікірінше «ергежейлі кандидаттар Нұрсұлтан Назарбаевқа бәсекелес бола алмайды». Оппозициядан қауқарлы балама кандидат қатыспаған сайлауда жеңіске жеткен президент Назарбаев батыстағы әріптестерінің алдында өзінің «демократтық» келбетінен айырылып қалмай ма?

Азат Еуропа/Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысушылар алдағы президенттік сайлауға байланысты осындай мәселелерді талқыға салды.

Дөңгелек үстелге қатысқандар: Болат Әбілев – «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы; Серікболсын Әбділдин – Коммунистік партияның бұрынғы жетекшісі; Владислав Косарев – Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының жетекшісі; Расул Жұмалы – тәуелсіз саясаттанушы.

Сенат депутаты және Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов пен Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев жол жүріп бара жатқандарына байланысты аталған сауалдарға өз жауаптарын алдын-ала айтып берді.

Дөңгелек үстелдің модераторы – Азат Еуропа/Азаттық радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтан-Хан Аққұлұлы.

КӨЛЕҢКЕМЕН КҮРЕС

Жүргізуші:

– Оппозиция кезектен тыс президенттік сайлауға қатысудан бас тартып, билікке бірқатар маңызды талаптар қойды. Енді Ақорда қандай шешім қабылдайды: оппозицияның талабын орындай ма, әлде оппозициядан кандидат қатыспаса да сайлау өткізе бере ме?

Ғани Қасымов:

– Ресейлік баспасөзде айтылған пікірмен келісемін, билік енді ештеңе де жасамайды. Басты өлшемдер белгіленді, енді осы қарқынмен аяғына бір-ақ шығады.
Ғани Қасымов, Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі және парламент депутаты. Алматы, 12 қазан 2010 жыл.
Бірақ мені қуантатын бір жайт бар, бұл жолы қалай болғанда да Конституцияға нұқсан келтірілген жоқ. Барлығы заңға сәйкес өтіп жатыр.

Жүргізуші:

– Оппозицияның талаптарын орындау үшін «Сайлау туралы» заң мен Конституцияға өзгерістер енгізу қажет. Қазақ парламентіне бұл соншалықты қиын іс пе?

Ғани Қасымов:

– Бір партия үшін ешкім де дәл сайлау қарсаңында заңдарды қайта жасамайды, ешқандай да заңи шаралар қабылданбайды.

Жүргізуші:

– Бір адамға немесе бір партияға бола Қазақстан Конституциясын өзгертуге бола ма?

Ғани Қасымов:

– …

Жүргізуші:

– Өкінішке қарай, бұл сауалға Ғани Қасымов жауап бермей, телефон тұтқасын қоя салды.

Серікболсын Әбділдин:

– Президенттік сайлау жарияланды, бірақ ондай сайлау болмайды. Назарбаевтың кезінде ешқашан әділ сайлау мен референдум өткен емес. Бұл сайлау да кезекті ойынның бірі. Сайлауға кім қатысса да, өздері жоспарлап отырғандай 92 пайыз дауыс Назарбаевқа жазылады.
Серікболсын Әбділдин, Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы жетекшісі. Алматы, 29 қаңтар 2011 жыл.
Оппозиция сайлауға қарсы емес – оппозиция Конституцияны бұзуға қарсы. Біріншіден, Назарбаевтың президенттік өкілеттілігінің соңына дейін әлі екі жыл бар.

Конституцияда президенттің қашан сайланып, өкілеттілігі қашан бітетіні анық көрсетілген. Заң бойынша оның өкілеттілігі кезекті сайлау өткізілген соң бір айдан кейін бітеді, егер тағы да президент болып сайланса қайтадан ант береді. Бұл ант, президент бірінші кезекте Конституцияның бұлжымай сақталуының кепілі дегенді білдіреді. Сенаторға қойып отырған сауалдарыңыз дұрыс: тек бір адам қаласа не өтініш айтса болды – Конституцияны өзгерте салады да, басқаларға келгенде қолынан келмей қалады.

1995 жылы жасалған Конституция тек бір адам үшін ғана қабылданған. Ол адамның аты-жөні – Нұрсұлтан Назарбаев. Сонан бері Назарбаев Конституцияға не істегісі келсе, соны істеп келеді. Сондықтан Коммунистік партияның өкілі ретінде тағы да қадап айтамын: оппозиция сайлауға қарсы емес, оппозиция Конституцияға нұқсан келтіруге қарсы. Біз Конституцияны қорғаймыз, сол жолда қарсылық көрсетеміз, халықпен жұмыс істеп, бүгінгі режимнің істеп отырған ісін әшкерелей береміз.

Расул Жұмалы:

– Сайлау, кей мәтелде айтылатындай «ауа-райына қарамайды», бірақ кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдануы мен үшін үлкен жұмбақ болып тұр. Егер дүниежүзілік тарихқа үңілетін болсақ, мерзімінен бұрын сайлау өткізу өте сирек кездесетін саяси жайт екенін көреміз. Ол үшін қандай да төтенше алғышарт болуы керек. АҚШ пен Ұлыбритания Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де мұндай қадам жасаған жоқ.
Расул Жұмалы, саясаттанушы. Алматы, 30 қыркүйек 2010 жыл.
Тіпті күні кеше төңкеріс болған Египеттің өзінде жергілікті элита мен халық сайлауды ілгеріде белгіленген уақытта, яғни 2011 жылдың қыркүйегінде өткізу жөнінде шешім қабылдады.

Сайлаудың Конституцияда көрсетілген мерзімде өтуі мемлекеттің тұрақты дамуының белгілі бір деңгейдегі кепілі болып саналады. Қазақстанда президенттік сайлау науқанына небәрі екі-ақ ай берілуіне әлі де таңғалып отырмын. Өйткені билік бұл кампанияны үш-төрт айға созса да 91 пайызды қамтамасыз ете алатынын білеміз. Сонда оппозицияның да бүгінгідей уәжі болмас еді.

Президент кеңесшісі айтқандай, бұл сайлау президенттікке жалғыз кандидаттың «ергежейлілермен» бәсекесі болғалы тұр. Балама кандидат болмаған соң сайлаудың да мәні кетіп, «көлеңкемен күрестен» басқа ештеңе қалмайды.

Владислав Косарев:

– Менің ойымша, Конституцияда белгіленген күнді күтпестен мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу билікке өз жағдайын түзеп алу үшін керек.

Екінші жағынан қарағанда, сайлауға қатыса ма, қатыспай ма – әркім өзі біледі. Оппозиция кедергі келтірмесе, билікке тіпті жақсы. Мұны биліктің құрылымдары миығынан күліп отырып, әдемі пайдаланады.

Ал енді Еуропа қалай бағалайды деген мәселеге келер болсақ: Менің ойымша, Назарбаевқа өткен жылдың желтоқсан айында-ақ беретін бағасын беріп қойды. Сол баға енді өзгеріп кетеді деп ойламаймын, өйткені Назарбаев өзінің билік өкілеттігін ұзартатын тетікті өйтіп-бүйтіп бәрібір тапты. Және бұл көптеген президентерге жақсы үлгі болуы да мүмкін.

Болат Әбілев:

– Ақорданың амал-айла жасайтын кеңістігі шектеулі. Рас олар сайлауды өткізеді – оған ешкім күмәнданбайды. Мәселе басқада. Референдум не үшін керек болды? Сайлау неге қажет бола қалды? Жалпы не болып жатыр өзі? Мінеки, алдымызда осындай сұрақтар көлденең тұр, бұларға тез арада жауап берілуі керек.

Билік тұрақтылық, сабақтастық, баламасыздық деген ұғымдарды жиі қайталайды. Онда мәселе неде? Менің ойымша, мұның бәрі 2012 жылы жағдайымыз бүгінімізден жақсы боларына сенбегендіктен туып отыр. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жетісіп тұрған жоқ, халықтың әлеуметтік көңіл-күйі төмен. Оған азық-түлік пен қызмет түрлерінің күннен күнге өршіп бара жатқанын қосыңыз.
Болат Әбілев, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының теңтөрағасы. Алматы, 18 қазан 2010 жыл.

Халық барған сайын кедейленіп, жоқшылық қысып барады. Сондықтан 2012 жылы президент өзгелерді ойсырата жеңеді дегенге сенімдері жоқ, бәрін ертерек бастап, тезірек аяқтауға ұмтылып отырғандары сол. Осы жайттарды ескере келе, біз президенттік сайлауға қатыспауды ұйғардық.

Сайлау Конституцияда белгіленген мерзімде өтуі тиіс, біз соны талап етеміз. Халықаралық қауымдастық пен біздің талаптарымызға жауап беретін, заңға сәйкес келетін сайлау өткізсін! 20 жылда өз еліміздің азаматтарының да, халықаралық қауымдастықтың да көңілінен шығатын бір сайлау болған жоқ.

21 ғасырда өмір сүріп отырмыз, 2011 жылдың табалдырығынан аттадық, дені дұрыс бір сайлау өткізер уақыт болды ғой. Ақыр аяғы, халықтың кімді президент ретінде көргісі келетінін, қандай парламентті қалайтынын білетін уақыт жетті. Бұл біздің ұстанымыз, біз осыны талап етеміз.

«КҮЛКІДЕН ҚҰЛАП ЖАТЫР»

Жүргізуші:

– Оппозициядан беделді балама кандидат қатыспаған сайлауда жеңіске жетіп Қазақстан президенті батыстық әріптестерінің, ЕҚЫҰ алдында «демократ» ретіндегі келбетінен айырылып қалмай ма?

Ғани Қасымов:

– Жоқ, айырылмайды, өйткені оппозиция әуелі өз келбетін ойлауы керек. Президент бұрын қандай болса – қазір де сондай. Ол сайлауға барады – сонымен бітті. Қоғам алдындағы, шетел алдындағы демократиялық келбеті бола ма, басқасы бола ма өзге саяси күштер, соның ішінде оппозиция ойласын. Іс басындағы мемлекет басшысы президенттікке кандидат ретінде сайлауға қатысады.

Болат Әбілев:

– Бұл сайлау жөнінде халықаралық қауымдастықтың не ойлайтыны президентті де толғандыратыны анық. Әрине, «қорқатын ештеңе де жоқ, сайлау өтеді де кетеді» дей салуға болады. Бірақ бұл мәселеге тереңірек үңілу керек. Мәселе, әлемнің өзгеріп жатқанында. Бір мемлекетті 20-25 жыл билеп отырған басшыларға деген көзқарас Тунис пен Египеттегі уақиғалардан кейін түбегейлі өзгерді. Мерзімінен бұрын сайлау өткізудің ешқандай да қажеттілігі болған жоқ. Екі айдан кейін сайлау өтеді деп жариялап, бұл процесті осынша жеделдетудің түкке керегі жоқ.

Халықаралық қауымдастық пен көршілес елдер президенттің айналасындағылардың, депутаттар мен сенаторлардың, қатты айтсам кешірім өтінемін, президенттің жан-жағын қалай жалап жатқан көріп, күлкіден құлап жатыр. Олар мемлекет басшысын ғана емес, бүкіл Қазақстанның беделін түсіріп, соның ішінде мына бізді де күлкіге қалдырып, масқаралап отыр. «Беделіңе «түкірдім», билік болса болды» деген сөз бұл. Қалай болғанда да бұл жайттардың біздің серіктестерімізге, көршілеріміз бен өзге де мемлекеттермен қарым-қатынасымызға қалай әсер ететініне қарауымыз керек. Президент айналасындағылардың бүгінгідей жағымпаздығы – 21 ғасырға жараспайтын қылық. Мұны мемлекет басшысының өзі тоқтатуы қажет.

Владислав Косарев:

– Назарбаевтың имиджі саммиттен кейін қалыптасты. Қазіргі болып жатқан уақиғаларды, еуропалық мемлекеттердің кейбір басшылары іштей айыптағанымен, түсіністікпен де қарайтын болар.

Өйткені бүгінде билікшіл күштер бір ғана нәрсеге – қайткенде биліктен айырылмауға ұмтылады. Бұл тәжірибе кейбіреулерге үлгі болуы да мүмкін.

Расул Жұмалы:

– Қазақстан тәуелсіздік алғалы президенттік сайлау да, парламенттік сайлау да аз өткен жоқ, бірақ халықаралық ұйымдардың, соның ішінде ЕҚЫҰ-ның да сол сайлауларды демократиялық нормаларға сай өтті деп мойындағаны есімде жоқ. Алдағы сайлау да Батыс үшін тосын сый болады деп айта алмаймын. Ал енді олардың реакциясы қандай болады, әсіресе араб әлемін дүрліктіріп жатқан уақиғалар тұрғысынан алып қарағанда, бұл басқа мәселе.

Серікболсын Әбділдин:

– Ұлттың алдында арың таза, жүзің жарық болса «референдум», «мерзімінен бұрын сайлау» деген қитұрқыларды ойлап табудың да қажеті жоқ. Мәселе, осы тұрғыдан Назарбаевтың өзіне сенбейтіндігінде. Ол жоқшылық қамытын киген миллиондаған қазақстандықтардың алдында өз абыройын баяғыда-ақ төккен.

«Хабар» арнасының ақпараттарына қарасақ, президент ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларын Астанаға саммитке шақырып, үлкен ұпай жинаған көрінеді. Алайда бұл саммиттен қандай нәтиже шықты? Бірде-бір даулы мәселелер шешілген жоқ, шешілмек түгілі дұрыстап қаралмады да. Назарбаев саммитке тек қана мемлекет басшылары келеді деген еді. Біз олардың жартысы ғана келгенін көрдік. Обама да, Саркози де, мына жердегі Кәрімов те келмеді. Келгендерінің өзі, мәселен, Медведев пен Клинтон саммит аяқталмай жатып кетіп қалды.

Назарбаев ЕҚЫҰ саммиті деген желеумен шоу ұйымдастырды. Ал бұл шоудың бас кейіпкері де, шетелден келген бас қонағы да Берлускони болып шықты. «Хабар» арнасы саммит кезінде де, саммит аяқталғаннан кейін бір апта бойы да тек Берлускониді көрсетумен болды. Біздің жағымпаздар қанша жерден мақтауын асырса да, бұл саммитте ештеңе де шешілген жоқ. Саммитті ұйымдастыру үшін салық төлеушілердің есебінен орасан зор қаржы жұмсалды. Менің көзқарасымша, Астанада өтетін саммитте көзделген мәселелердің бірде-бірі нәтижелі аяқталған жоқ.

«БЕТ» ДЕГЕН ӨЗГЕРЕ БЕРЕДІ»

Ермұхамет Ертісбаев:

– Сайлаудан кейін Қазақстанның партиялық-саяси алаңында батыстық элиталық білім алған жастардан, бизнесмендер мен кәсіпкерлерден, мүмкін мемлекеттік аппараттағылар да қосылатын болар, жаңа оппозициялық саяси күш құрылатын болады. Назарбаевпен осыдан бір апта бұрын қос партиялық жүйе туралы сөйлескенімде президент шын мәнінде осындай жүйені қалап отырғанын білдім.

Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі. Астана, 28 қазан 2009 жыл.
Менің ойымша, сайлаудан кейін белгілі бір саяси өзгерістер жасалып, парламенттің қызмет аясы кеңейеді. Біз саяси партияларды салғастырып, солардың ішінен қағазда ғана емес, өмірде бар партияларды іріктеп алуымыз керек.

Болат Әбілев:

– Бір жағынан келгенде, референдум өткізу жөніндегі идеясы үшін билікке рахмет, осы арқылы кімнің кім екені белгілі болды: өзін оппозициялық партиямыз, балама көзқарастарымыз бен ұстанымдарымыз бар деп жүрген партиялардың бет пердесі ашылып қалды. Референдум өткізу туралы бастама жарияланғаннан кейін билік коалиция құрмақ болып, саяси күштердің барлығын шақырды. Сөйтіп ол коалицияға «Ақ жол», «Әділет» «Руханият», Патриоттар партиясы секілді партиялар кірді. Нағыз оппозициялық партия біздің партиямыз бен Серікболсын Әбділдаұлының партиясы, яғни коммунистер екені анық көрінді.

Ал жаңа оппозиция құрамыз деген сөз тіпті күлкілі. «Жоғарыдан» ондай партия құрылмайды, ал дипломды кеше алған жастар оған бармайды да. Әрине, Ақорданың балама саяси партия құруды көздейтін жобасы болуы мүмкін. Бірақ біз бәсекелестіктен қорықпаймыз. Оппозиция Қазақстанда 20 жылдан бері күресіп келеді, мұнан кейін де күресе береді. Сондықтан басқа күшті оппозициялық партия құрамыз деу – бос әурешілік қана. Нағыз оппозиция кім, ойыншық кім, Ақорданың жобасы қайсы ¬– жұрт бірден ажыратады. Тағы да қайталаймын, референдум кімнің кім екенін көрсетіп берді.

Расул Жұмалы:

– Кез-келген билік, оның ішінде біздің билігіміз де бар, күшті оппозицияға зәру. Батыстың дамыған елдерінде «дені сау» саяси бәсекелестікке конституциялық кепілдік беріледі. Сөйтіп партиялар өзара бәсеке арқылы қарым-қатынастарын айқындап, басшылық қызметтерді, парламенттік көпшілік орынды бөліске салады.

Міне, осылардың барлығы жинала келгенде білгілі бір прогреске бастайды. Яғни кез-келген билік, қаласын-қаламасын қарсылас күшке зәру болып шығады, елдің дамуы мен гүлденуінің бұл да бір кепілі. Ешқандай конституциялық кепілдік жоқ жерде билікке оппозицияны жасанды жолмен құруға тура келеді. Ал мұндай оппозицияның нағыз оппозицияға қалай қарайтыны түсінікті.

Владислав Косарев:

– Ертісбаев бізді шатастырғысы келіп отыр. Оппозиция президенттің бір кеңесшісінің ойымен құрылмайды, оны бұқара халық қалыптастырады. Оппозицияның құрамында кімдер болатынын биліктің әрекетінен запы болған халықтың өзі анықтайды. Билік шынайы оппозицияны жалған оппозициямен ауыстыруға тырысып отыр. Шетелден білім алып келген балалар, әрине, өздерімен бірге отаршылдық режимнің жаңа тенденцияларын ала келеді. Міне, осылайша моральдық құндылықтарды қорғаушы адамдардың пікірі демократия жолындағы жаңадан пайда болған «күрескерлермен» таптала береді.

Серікболсын Әбділдин:

– Жалпы, Қазақстанда саяси партиялардың қалыптасуы Еуропадан немесе басқа да демократиялық мемлекеттерден мүлде өзгеше. Назарбаевтың режимі оппозициялық партияларды қалыптасып, аяғынан тұруына еш мүмкіндік берместен жойды. Саяси алаңда партия құрмақ түгілі, басқаша ойлаудың өзіне жол берілмеді.

Сондықтан бүгінгі оппозиция өз қатарындағы адамдардың әлсіздігінен әлсіз болып отырған жоқ. Өйткені бұл оппозициялық пеартиялар билік құрылымдарына қалыптастыруға мүлде қатыстырылмайды. Мәселен, парламентте де, атқарушы билікте де бір коммунист жоқ. Оларды, тіпті, қарапайым мектеп мұғалімдерінің арасынан да таба алмайсың.

Ертісбаев жаңа партия құрылады деді ме? Ия, ол да мүмкін. Бірақ ол Назарбаевтың екінші партиясы болып шығады. Басқа демократиялық мемлекеттердегідей бұлар да өздерін оппозициялық қырынан танытуға тырысады.

Бірақ өтірік өрге баспайды, өйткені халық бұл партияның кімге қызмет ететін сұрайтын болады. 1994 жылы 26 саяси қозғалыс пен партия есебінен мен құрған үйлестіру кеңесінің құрамында Ертісбаев та болды. Кейін жалт беріп, аунап кетті. Сондай-ақ ол Назарбаевтың кейбір пікірлерді қоғамға «тастап қойып» қарап отыратынын және айтқандарының жүзеге аса бермейтінін де жақсы біледі. Сондықтан Ертісбаевтың сөзіне сене бермеймін.

Сіз «Назарбаев еуропалық мемлекеттерге қай бетімен қарайды?» деген сарында сұрақ қойдыңыз. «Бет» деген өзгере береді. АҚШ пен өзге де мемлекеттердің алдында Мүбәрактың да беті ашық еді. Ал енді не болды? Назарбаев сияқтылар бұрын да болған. Қайда солардың бәрі? Тарихтан көріп отырмыз не болғанын.

Кезектен тыс сайлау Назарбаевқа ешқандай бедел әпермейді.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, осымен Азаттық радиосы бүгінгі дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға рақмет. Сау болыңыздар.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG