Accessibility links

Еріктілер электрондық кітапхана жасап жатыр


Тимур Бектұр, қазақ блогері.
Тимур Бектұр, қазақ блогері.

Бірнеше ерікті Android, Apple және Kindle құрылғыларына арналған қазақша электрондық кітаптар қорын жасай бастады. Ол қордан көркем әдебиет туындыларын жүктеп алуға болады.

Бұған дейін қазақ тіліндегі шығармалардың электрондық кітап оқығыш, не смартфонға арналған нұсқаларын іздеген оқырманның көбі оларды шетелдік сайттардан көшіріп алатын. Ал осы аптада ашылған epub.kz электрондық кітапханасы – қазақстандық қолданушылардың өздері жасаған кітап қорларының бірі.

Азаттық тілшісі epub.kz жобасын жасаған еріктілер тобының жетекшісі, блогер Тимур Бектұрмен сұхбаттасты.

Азаттық: – Тимур, электрондық кітапханаға қанша кітап енген? Кітаптарды кімдер жүктей алады?

Тимур Бектұр: – Әзірге оншақты кітап салдық. Бұл процесс әрі қарай жалғаса береді. Қасымдағы блогшылардан құралған көмекшілерім қазір сол іспен айналысып жатыр. Ондағы кітаптарды кез-келген адам жүктей алады. Негізінен ашық екі формат бар – epub және mobi деген. Біреуі Amazon Kindlе планшеттеріне, екіншісі Android және Apple құрылғыларына арналған. Қағаз кітаптар ескіліктің қалдығы секілді екінші сортты болып қалған заманда, смартфон, электрондық оқулық, планшеттерге сұраныс артқан уақытта қазақ оқырмандарына электрондық кітап ұсынайық деп шештік. Оқырманның орнына, мекеніне, мезгіліне қарамай кітап оқитын мүмкіндіктері болсын деген мақсатпен жасалып отыр.
Онлайн мәтін оқып отырған қазақстандық интернет қолданушы. Көрнекі сурет
Онлайн мәтін оқып отырған қазақстандық интернет қолданушы. Көрнекі сурет

Азаттық: – Жобаларыңыздың былтыр ашылған ikitap.kz онлайн-кітапханасынан қандай айырмашылығы бар?

Тимур Бектұр: – ikitap.kz порталында меншік құқығы мәселесіне орай ашықтан-ашық көшіріп алатын функция жоқ. Тек онлайн түрінде оқисыз. Міндетті түрде интернетке қосылуыңыз керек. Ал біздің жобада кітапты тікелей жүктеп оқи бересіз. Бірақ онлайн түрінде оқи беретін функцияны да жоспарлап отырмыз.

Азаттық: – Шығарма иелерінің авторлық құқығына байланысты мәселелерді қалай шештіңіздер? Мұндай жобаға ақын-жазушылар қалай қарайды?

Тимур Бектұр: – Біз материалдарды ашық ресурстардан алдық. Яғни, Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын PDF, djvu форматтарында интернеттен жүктеп алып, екінші форматқа конвертация жасадық. Бар болғаны сол. Заң бойынша менің ашық ресурстардан кітаптарды, материалдарды алуға құқығым бар. Ал олардың (құқық иелерінің – ред.) оларды жоюға құқығы бар. Сайтта «кімде-кімнің осында жасалған кітаптарға претензиясы болса немесе бұл кітаптың ол жерде тұруына мүлдем қарсы болса, кітапты сайттан өшіре аламыз» деп анық жазып қойдық.
Оқырмандардың өздері кітап жасайтын мүмкіндікке ие болатын вебинар ұйымдастырсам деген жоспарым бар.

Жобаны көрген ақын-жазушылар хабарласып, алғыстарын айтып, қуанып жатыр. Қазір көптеген ақын-жазушылардың электрондық кітабы түгіл қағаз кітабы өтпей шаң басып жатыр. Біздің шығармашылық адамдары көбіне елдің аузына ілінсе деп, меншік құқығынан гөрі жарнамалау жағына көп мән береді.

Азаттық: – Жобаны ары қарай дамыту жайлы қандай жоспарларыңыз бар?

Тимур Бектұр: – Әзірге бұл жобамен өзіміз айналысып жатырмыз. Мүмкін болса, осыны халықтық жоба қылғым келеді. Яғни бір сағаттық вебинар ұйымдастырып, epub пен mobi форматтарын қалай жасау керегін көрсетіп, оқырмандардың өздері кітап жасайтын мүмкіндікке ие болса деген жоспарым бар. Бірақ оның қаншалықты жүзеге асар-аспасын білмедім.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG