Accessibility links

Қазақстанның аймақтық электр энергиясы жүйесінен шығу жоспары


Қарағанды мен Теміртау арасындағы жоғары кернеулі электр желілері. 2010 жылдың сәуірі. (Көрнекі сурет)
Қарағанды мен Теміртау арасындағы жоғары кернеулі электр желілері. 2010 жылдың сәуірі. (Көрнекі сурет)

Jamestown («Джеймстаун») қоры Қазақстан электр желілерін басқару компаниясының (КЕГОК) Орталық Азия электр қуаты нарығынан кету туралы жоспарын сөз етеді. Электр энергиясы мәселесінде Қырғызстан мен Өзбекстанның Қазақстанмен аймақтық келісімге келе алмауы осындай қадамға түрткі болғанын айтады аталмыш қор.


Орталық Азия электр энергиясы желісіндегі техникалық түйткілдерге байланысты Қазақстанның оңтүстігіндегі қос көршісі тізе қосып жұмыс істей алмаған. Соның кесірінен жүйеге шамадан тыс ауырлық түсіп, елдің оңтүстігі мен солтүстігін қосатын желілер істен шыққан дейді Jamestown қоры.

«ОРТАҚ ӨГІЗДЕН ОҢАША БҰЗАУ АРТЫҚ»

Ал Қырғызстанның Энергетика министрі Асқарбек Шадиевтің айтуынша, Қазақстан желіден шықса, Қырғызстанға кері әсерін тигізеді. Асқарбек Шадиев: «Қырғызстанның солтүстік бөлігі электр қуатын тарату желісінің сыйымдылығы төмен болғандықтан тапшылық көреді» дейді. Бірақ Jamestown қоры: «Қырғыз басшылығы Қазақстанның шешіміне алаңдағанымен, Астананың аймақтық электр қуатын тарату желісінен шығуы неғайбыл. Бір жыл бұрын Өзбекстанның да осындай ниеті болған, бірақ ол жүзеге аспай келеді» дегенді алға тартады.

«Астана мен Ташкенттің мәлімдемесі асығыс қабылданған шешім емес. Ол екі елдің де болашақта Орталық Азия электр энергиясы желісіне тәуелділіктен құтылудың қамына жедел көшуінен хабар береді» деген пікірді ұстанады Jamestown қоры. Аймақтық жүйеден мейлінше тәуелсіз болғысы келген Өзбекстан ауылдық жерлерге электр энергиясын шектемек ойы бар. Қазақстан басшылығы ондай қадамға бара қоймайды. Оған қоса Ташкент бірнеше жылдан бері аймақтық желіден шықпақ ниеті барын көршілеріне ескертіп келді. Тіпті, бірнеше электр энергиясын тарату желілерін де тұрғызып үлгерді. Ал Астана көршілерімен жаңадан келісім жасауға дайын екендігін білдірді дегенді айтады Jamestown. Бірақ аймақтық сарапшылардың сөздеріне сенсек, екі елге де алға қойған мақсатқа жету үшін бірнеше жыл қажет көрінеді.

Қазақстан мен Өзбекстан Совет Одағы кезіндегі Орталық Азиядағы электрмен жоспарлаудан қалған қиын шаруаларға тап болды. «Себебі өзен
Бірақ Қазақстан мен Өзбекстанның ішкі қажеттілігін өздеріндегі жылу электр станциялары да қамтамасыз ете алады
аңғарының төменгі және жоғарғы жағында орналасқан елдер ауыл шаруашылығына қажетті су мен судан алынатын энергияны ядролық отынға айырбастауға міндеттенген еді» дейді Jamestown. Өзеннің жоғарғы жағында орналасқан Қырғызстан мен Тәжікстан өздеріне жеткілікті энергия өндіреді, ал төменгі жақтағы Қазақстан мен Өзбекстан аз энергияны қанағат етеді. «Бірақ Қазақстан мен Өзбекстанның ішкі қажеттілігін өздеріндегі жылу электр станциялары (ЖЭС) да қамтамасыз ете алады. Ал Тәжікстан мен Қырғызстан электр қуатына деген күнделікті сұраныстың ауытқуын елдегі су электр станцияларынан алынатын энергиямен өтей алады» деп жазады Jamestown қоры.

«БЫЛАЙ ТАРТСАҢ, ӨГІЗ ӨЛЕДІ...»

Қазақстан мен Өзбекстанның электр энергиясын көп пайдаланатын маусымдағы тәуліктік сұранысын Қырғызстан мен Тәжікстан жағы мемлекеттік жылу электр станцияларының (тәуліктің қуатты аз пайдаланатын бөлігінде үнемделген) энергиясымен толықтыра алады. Бір-біріне тәуелді мұндай жүйе Совет Одағы кезінде тиімді болғанмен, кейін шикілігі көріне бастағанын айтады Jamestown қоры. Мәселен, өезеннің төменгі ағысында орналасқан елдерде, әсіресе Өзбекстанда электр энергиясына сұраныс артса, Ташкент жоғарғы жақтағы елдердің
Бір-біріне тәуелді мұндай жүйе Совет Одағы кезінде тиімді болғанмен, кейін шикілігі көріне бастаған
мақұлдауынсыз электр энергиясын жеткізуді тоқтата салады. Соның кесірінен тұтас облыстар мен қалалар электр энергиясынан тапшылық көреді.

Өзбекстанның аймақтық жүйеден шығу ниеті Тәжікстанға көп зардабын тигізсе, Қазақстанның жоспары Қырғызстанға кері әсер етпек. Қырғызстан Энергетика министрі Асқарбек Шадиев: «Бішкектің жылу электр станциясы Қырғызстанның солтүстік аймақтарының сұранысын қанағаттандыра алмайды. Аймақ елдері жеткілікті мөлшердегі электр энергиясын өндіру мен сұраныстың ауытқушылығын реттеудің тиімді жолдарын тапқанға дейін мәселенің шешілетін түрі жоқ. Ал аймақтық жүйеден шығайық десек, қиын жағдайға тағы тап боламыз», – дейді.

Қазақстанның солтүстік аймақтарының сұранысын Ресейдің Сібір өзендеріндегі су электр станциялары өтейді. Алайда Қазақстанның оңтүстіктегі Алматы, Шымкент және Қызылорда облыстарының электр энергиясын ең көп тұтынатын тәулік бөлігіндегі артық сұранысын қамтамасыз ету оңай емес. Өйткені солтүстіктен оңтүстікке электр энергиясын тасымалдайтын желілердің сыйымдылығы шамадан тыс энергияны өткізе алмайды.

Ал Бішкекте жергілікті жылу электр станциясын елдің оңтүстігіндегі жылу электр станциясына жалғамақ болған әрекет сәтсіздіке ұшырады. Соның кесірінен Бішкек тұрғындары өткен жолы бірнеше күн бойына жарықсыз отырды. Елдің энергетика саласының тиімділігін арттыруға бағытталған қырғызстандық шаралар көбінесе жемқорлық пен тиімсіз басқарудың салдарынан жүзеге аспай келеді. Жаңа басшылық жылу энергиясы саласындағы жемқорлықпен күресуге ыңғай танытқанымен, бұл саланы дамытуға батыл шаралар жасаудың ауылы әлі де алыс секілді деп түйіндейді Jamestown қоры.
XS
SM
MD
LG