Accessibility links

ИМ-ге қарсы ресми науқан күшейе бастады


«Шайтан жолындағы жыныстық жиһад» бейнефильмінен скриншот.
«Шайтан жолындағы жыныстық жиһад» бейнефильмінен скриншот.

Таяуда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты «Хикмет» студиясы түсірген «Шайтан жолындағы жыныстық жиһад» атты қысқа бейнефильм тарады. «Бұл – қауіптің алдын алу» дейді ҚМДБ өкілі.

Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбай – ҚМДБ сайты мен YouTube арнасында «Шайтан жолындағы жыныстық жиһад» атты қысқа бейнефильмнің жариялануын қуана құптағандардың бірі. Оның айтуынша, мұндай фильм «дін саласы бойынша қоғамдағы ауытқулар мен қате түсініктердің алдын алу үшін» керек.

Наиб-имам Сирия мен Ирактағы діни ультра-радикал содырлармен уақытша неке қию үшін «жыныстық жиһад» жариялап, қақтығыс аймақтарына кетіп жатқан шетелдіктердің арасында қазақстандық қыз-келіншектер бар-жоғы туралы естімеген. Бірақ «қате түсінік қазақ жастарын уламау үшін деректі фильм түсіріп таратуды» жөн көреді. Ол ҚМДБ-ға ("мүфтият" деп те аталатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ред.) халықтан осы құбылысты түсіндіріп беруді өтінген көптеген сұраныс хат түскенін айтады.

«Насихат жұмыстары газеттер мен сайттарға жарияланған мақаладан гөрі бейнероликтер арқылы жылдам әсер етеді» дейді Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбай.

«Шайтан жолындағы жыныстық жиһад» бейнефильмінен скриншот.
«Шайтан жолындағы жыныстық жиһад» бейнефильмінен скриншот.

ҚМДБ «Хикмет» студиясына тапсырыс беріп түсірткен 12 минуттық видеофильмде «теолог» деп таныстырылған бірнеше адам «жыныстық жиһад» деген атпен белгілі бола бастаған құбылысты барынша теріске шығарады, «Исламда уақытша некенің жоқ екеніне» назар аудартуға тырысады. Соңғы жылдары Сирия мен Ирактағы қарулы исламшыл жасақтардың арасында әйел «жиһадшылар» да пайда бола бастаған. 2013 жылы «сауд арабиялық шейх «жыныстық жиһадты» мақұлдап пәтуа шығарыпты» деген сыбыс тарады. Бірақ бұл мәлімет ресми түрде расталған жоқ. Кейін Тунис пен Египеттің кейбір діни қайраткерлері қақтығыс аймақтарындағы қарулы содырларға тәнін ұсыну арқылы «жыныстық жиһадқа» шыққан қыздардың бар екенін айтып, сынап шықты. Шетелдік және жергілікті БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде дақпырты күшейген бұл құбылыс фильмде «жалған пәтуаның негізінде мұсылманшылық пен адамшылықтан ауытқу» деп сипатталады. Бейнефильм сарапшылары көрермендерді барлық діни мағлұматты тек ҚМДБ сайтынан алуға шақырады.

Теология және философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетайұлы «Қазақстанда «жыныстық жиһадқа кету» қорқынышы жоқ» деп санайды.

«Бұл – жаппай белең алып жатқан құбылыс емес. Бірен-саран жамағаттардың ішінде арнайы дайындалғандар болмаса, жаппай тараған жоқ» дейді ол. Теолог мұндай көпшілікке бейтаныстау ұғымдарды орынсыз талқылай беру арқылы кейбір ақпарат арналары терроризм мен экстремизмді насихаттау құралына айналып кете ме деп те қауіптенеді.

Орталық Азиядағы Ислам деректерін зерттеуші, шығыстанушы Әшірбек Мүмінов «жыныстық жиһад» ұғымының пайда болғанын, бірақ белең алып кетпегенін, керісінше біртіндеп азая түсетінін айтады.

Сирияға жиһадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)
Сирияға жиһадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)

«Қазақстандағы «жиһадшы» ұғымындағы әйелдер – олар ерлерімен, бала-шағаларымен бірге [Ирак пен Сирияға] кеткендер. Сол себепті қазақстандықтардың «жыныстық жиһадқа» кету қаупі жоқ» дейді ол.

2013 жылғы қарашада «Сирияға кеткен 150 адамдық қазақ отбасы» туралы видео интернетте алғаш тарағаннан соң Қазақстан қоғамында «радикал жиһадшылық» тақырыбы жиі көтеріле бастады. Әуелгі жылдары бұл мәселе көбіне әлеуметтік желілерде ғана ашық талқыланды. Осы тақырыпты жан-жақты қамтыған Азаттық сайтының материалдары Қазақстан аумағында жиі бұғатталып жатты.

Бірақ кейін Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Сирия мен Иракта 150-ден астам қазақстандық соғысып жүргенін, олардың қасында 200-ден аса әйел, бала-шаға бар екенін» хабарлады. Іле-шала «Ислам мемлекеті» діни ультра-радикал содырлар ұйымы туралы түрлі сақтандыру мәліметтері ресми БАҚ пен ҚМДБ вебсайттарында жиі жарияланатын болды. Жуырда Оралдағы қазақ драма театры діни радикализмді айыптайтын спектакль қойды.

XS
SM
MD
LG