Accessibility links

Қазақстанда азық-түлік бағасы қымбаттап, етті Аргентинадан тасиды


Азық-түлік дүкені. Орал қаласы, 6 ақпан 2009 жыл.
Азық-түлік дүкені. Орал қаласы, 6 ақпан 2009 жыл.

Астанадағылардың ауыл шаруашылығындағы табыстар туралы сөздеріне қарамастан елде азық-түлік бағасы қымбаттай түсті. Етті сырттан әкеледі, оған кеткен қыруар қаржы өзге елдердің экономикасын көтеруге жұмсалып жатыр.


БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (БҰҰ ААҰ) деректері бойынша, әлемде миллиардқа жуық адам тоя тамақ ішпейтін көрінеді.

Осыған байланысты БҰҰ аштықты тоқтату үшін саясаткерлерді петицияға қол қоюға шақырды. Ел үкіметі тәуелсіз 20 жылдағы экономикалық табыстары жайлы жағы талмай қайталаумен келе жатқан егемен Қазақстанда да тоя тамақ ішпейтін адамдар бар.

ААҰ-ның 2010 жылға арналған «Әлемдегі азық-түлік тұрақсыздығы» атты баяндамасына сәйкес, Қазақстандағы тоя тамақ ішпейтін адамдар саны соңғы рет 2000-2002 жылдары атап өтілген екен. Ол кезде ондай адамдардың саны 1,2 миллион болатын.

Зерттеушілер соңғы он жылда азық-түлікке баға индексінің 2,2 есе артқанын атап көрсетеді. Оның ішінде, ет бағасы – 1,5 есе, сүт өнімдері – 2,1 есе, астық – 2,6 есе, май мен тоң майлар – 3,2 есе, қант – 3 есеге өскен. Әсіресе соңғы айларда азық-түлік бағасының күрт қымбаттауына байланысты ААҰ дабыл қағып жатыр.

Ресей БАҚ-тары азық-түліктің бағасы әлем бойынша өсіп отырғанын хабарлады. Бүкіләлемдік банк Ресей экономикасына арналған кезекті шолуында биылғы жылғы ауа райының тым ыстық болуына байланысты азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы кедейлер санын көбейтіп жібергеніне назар аударып отыр.

Банктің болжамы бойынша 1,4 миллион ресейліктің жағдайы кедейлік шегінен де түсіп кетпек. Кейбір жағдайларда жалпы инфляцияны үрейлене күтудің салдарынан бірқатар тауарлардың тапшы болуы бағаның қымбаттауына апарып соққан.


ӘКІМДЕРДІ БАЗАРЛАРҒА ҚУУ

Азық-түлік бағасының қымбаттауы қазақ билігінің де алаңдаушылығын туғызып отыр. Қарашаның 2-інде өткен үкіметтің селекторлық жиынында қаралған мәселелердің бірі негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасына қатысты болды. Азық-түлік бағасының мәселесі күрделі күйінде қалып отырғаны жайында бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттік төрағасы Мәжит Есенбаев мәлімдеді деп хабарлайды «Қазақпарат».

Мәжит Есенбаев заң нормаларын бұзған нарықтың алақол субъектілеріне қатысты тексерулер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жалпы алғанда 156 тексеру басталған. Оның ішінде ұнға байланысты – 44 субъекті, нанға қатысты – 33, өсімдік майына қатысты – 35 субъекті бар. Премьер-министр Кәрім Мәсімов азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттап кетпеуін ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл дегеніңіз әкімдердің базарларды аралауға мәжбүрлейді. Әкімдер ол жаққа елеусіз жалғыз өзі емес, толып жатқан журналистерді, өзге де нөкерлерін шұбатып ертіп барады.

Азық-түлік нарығын тұрақтандыру үшін Қазақстан үкіметі қосымша астық сатып алып, азықтық астықтың сақтандыру қорын жасамақ. Ресми насихатқа сенсек, Қазақстан жыл сайын миллиард пұт астық жинайды екен. Советтік кезеңде Қазақстанның астық жинаудағы табысын әсірелеп көрсету үшін оны миллиард пұтпен есептейтін. Ол кезде бұның қаншасының қосып жазылғандығын ешкім анық білмейтін. Егемендік алған соң қосып жазулар ресми өтірікке айналды.


БАҒАНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ

Ал енді статистика туралы агенттіктің деректері бойынша, азық-түлік өнімдерінің бағасы 2010 жылғы қазан айында 2009 жылдың қазан айымен салыстырғанда 8 пайызға қымбаттаған. Бұл, әрине, ресми деректер.

Атап айтқанда, май мен тоң майдың бағасы – 14,2 пайызға, кофе, шай және какао – 11,9 пайызға, жармалар, жеміс пен көкөніс – 11,7 пайызға, қант бағасы – 11 пайызға, сүт өнімдері – 9,2 пайызға, кондитер өнімдері – 7,9 пайызға, ұннан жасалған өнімдер – 6,3 пайызға, алкогольді ішімдіктер – 4,9 пайызға, нан – 0,2 пайызға қымбаттаған.

Ет пен ет өнімдерінің бағасы 11,3 пайызға көтерілген. Атап айтқанда: қой еті – 10,4 пайызға, шошқа еті – 7,4 пайызға, жылқы еті – 4,4 пайызға, шұжық өнімдері – 8,2 пайызға, құс еті – 7,7 пайызға қымбаттаған.

Соңғы жылдарғы азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттау динамикасы мынадай: баға 2003 жылы – 7,1 пайызға, 2004 жылы – 7,4 пайызға, 2005 жылы – 8,1 пайызға, 2006 жылы – 7,3 пайызға, 2007 жылы – 26,6 пайызға, 2008 жылы – 10,8 пайызға, 2009 жылы – 3 пайызға өскен.

Биылғы жылдың қазан айындағы инфляция 0,9 пайыз болғанымен, ең төменгі күнкөріс деңгейі қыркүйек айымен салыстырғанда 2,8 пайызға өсіп, 14752 теңге (шамамен 100 доллардай) болған деп хабарлайды статистика жөніндегі агенттік. Жұмсалатын шығынның ішінде ет пен балықтың үлесі – 18,6 пайыз, май мен тоң майлар – 14,5 пайыз, жеміс пен көкөністер – 16,2 пайыз, нан және макарон өнімдері – 8,1 пайыз, қант, шай және дәмдеуіштер – 2,6 пайыз болған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аман ҚазТАГ тілшісіне берген сұқбатында азық-түлік бағасының қымбаттауы мен елдің ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір проблемаларды атай кетеді: «Солай бола тұра бағалар (құс шаруашылығы өнімдерінің – ҚазТАГ) қымбаттады, біз бұны растаймыз. Құс еті мен жұмыртқа бағасының едәуір төмен болу себебі өткен жылдары жемге арналған астық 50-70 доллар тұрды. Осының өзі құс шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнының төмен болуына себепкер болды».


АРГЕНТИНАДАН ЕТ ТАСУ

Сөз жоқ, жемге арналған астық бағасының өсуі қазақстандықтар үшін аса маңызды ет және ет өнімдері бағасының – өзінде өндірілетіннің де, импортталатын өнімнің де – одан ары қымбаттауына әсер етеді. ААҰ-ның «2009 жылғы азық-түлік және ауыл шаруашылығы саласындағы жағдай» баяндамасының деректері бойынша, 1995 жылы Қазақстанда мал өнімдерінен алынатын калория мөлшері жан басына шаққанда күніне 617,4 килокалорияға тең болған.

Арада он жыл өткен соң бұл цифр енді 731,8 килокалорияға жеткен. Аталған көрсеткіш бойынша Қазақстан тек Орталық Азиядағы көршілерінен ғана емес (кейбіреулерінен 3,3 еседен артық), орташа көрсеткіші күніне бір адамға 694,6 килокалория болған кейбір дамыған елдерден де озып кеткен. Жалпы алғанда, егер ресми деректерге сенер болсақ, қазақстандықтар етті бұрынғысынша көп жейтін көрінеді.

Қаншалықты парадокс болып көрінгенімен, ет державасы саналатын Қазақстан қыруар ақша жұмсап етті сырттан сатып алып отыр. Ал әлгі кеткен қаржының барлығы ет импорттайтын елдердің ауыл шаруашылығын дамытуға жұмсалады. Биылғы ақпанның 2-і күні Қазақстан үкіметінің «Еттің кейбір түрлерін алып кіруге байланысты тарифтік квоталар көлемін бөлу туралы» қаулысы жарияланды.

Қаулының қосымшасына сәйкес, Қазақстанға импортталатын жас және тоңазытылған сиыр етінің квотасы 20 мың тонна мөлшерінде белгіленген; тоңазытылған сиыр еті – 10 мың тонна. Оның ішінде 1,4 мың тоннасы – Аустралиядан, 4,3 мың тоннасы – Аргентинадан, 2,3 мың тоннасы – Бразилиядан, 1,3 мың тоннасы – Еуропа Одағы елдерінен импортталады.

Үй құстары етінің квотасы жас және тоңазытылған күйінде 110 мың тонна мөлшерінде белгіленген. Оның 96,4 мың тоннасы – АҚШ-тан, 13 мың тоннадан астамы өзге елдерден импортталады.

Әйтеуір Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мал өсіру кешендерін дамытудың қажеттілігіне назар аударыпты. Оның үстіне бұған қажетті жағдайдың барлығы елде бар.

Мәселен, қарашаның 8-і күні парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев 2015 жылға қарай асыл тұқымды малдың үлес салмағы 15 пайызға дейін көбейетін болады деп мәлімдеді.

Бес жылдың ішінде 60 мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Онда бір мезгілде 150 мың бас немесе жылына 300 мың бас мал ұсталады. Бірақ бұның барлығы жоспар ғана. Бір кездері бүкіл Совет Одағын етпен қамтамасыз еткен Қазақстанның даңқы келмеске кеткендей.


Қазақстан қалаларындағы кейбір азық-түлік тауарларының орташа бағасы (теңгемен).

Азаттық радиосы тілшілері 2010 жылы желтоқсанда жинаған деректер

ҚАЛАЛАРҚой еті
1 кг
Сиыр еті
1 кг
Қазы
1 кг
Ақ нан
Сары май
1 кг
Алма
1 кг
Сүт
1 л
Күнбағыс
майы
1 л
Картоп
1 кг
Күріш
1 кг
Астана700-900900-1000150050-551000180-250120-200230-25060-80200-210
Алматы 800900-1000150060800-950250-300 120-180 350 80-100 250
Ақтөбе 850-900 950-12001300-
1500
45-50 400-1300 200-250 140-200 250-330 100-110 140-200
Атырау 800-850 800-8501500-
2000
45 350 200-400 190-200 300-370 110-120 140-200
Петропавл 700 630 900 40 950 280 75 250 85 130-135
Семей 750-900 750 1300 55 280-300 150-200 190 250-380 55-75 170-220
Өскемен 650-700 750-850 1500 45-55 750 250 150 250 60-80 180-200
Талдықорған 850 850 1500 55 950 350 110 320 75 220
Теміртау 900-950 800-850 2300 40 550-950 200 100 330-340 80 120
Шымкент 900 850-1000 1300 35-40 750-1100 150-250 90-150 240-350 60 120-140
XS
SM
MD
LG