Accessibility links

«Елге бала мен ана тамағы өнімдерін әкелу қиындады»


Мерекелік шараны тамашалауға келген әйел бала емізіп отыр. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Мерекелік шараны тамашалауға келген әйел бала емізіп отыр. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бір топ алматылық кәсіпкер «шеттен әкелінетін балалар мен емізетін және жүкті әйелдер тамағы өнімдерін, биологиялық қоспаларды тіркеу мен қайта тіркеу қиындағанын» мәлімдеді. Мемлекеттік орган мұны теріске шығарды.

Қазанның 9-ы күні 10-нан астам алматылық кәсіпкер журналистермен кездесіп, «жақын арада елде сырттан әкелінетін балалар тамағы өнімдері, жүкті және емізетін әйелдерге арналған тағамдар мен биологиялық белсенді қоспалар күрт азаюы мүмкін» деп мәлімдеді. Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, «оған Қазақстан ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті айыпты».

КУӘЛІК МӘСЕЛЕСІ

Алматылық кәсіпкер Сара Дүйсекова 10 жылдан бері Қазақстанға балалар мен аналар тағамы өнімдерінің биологиялық белсенді қоспаларын жеткізумен айналысады. Оның сөзінше, «кейінгі жарты жылда тауарларын қайта тіркеуден өткізе алмай, бизнесі шығынға батуға шақ тұр».

Балалар мен емізетін және жүкті әйелдер тамағы өнімдерін шетелден әкелетін кәсіпкер Сара Дүйсекова. Алматы, 9 қазан 2015 жыл.
Балалар мен емізетін және жүкті әйелдер тамағы өнімдерін шетелден әкелетін кәсіпкер Сара Дүйсекова. Алматы, 9 қазан 2015 жыл.

- Мен осы жылдың наурыз айынан бері жеті тауар түрін қайта тіркеуден өткізе алмай отырмын. Сондағы комитеттің (тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетін айтады – авт.) айтатыны - «мөр дұрыс басылмаған, мына әріп дұрыс көрсетілмеген, тауардың құрамына қатысты ғылыми есеп қажет» деген сылтаулар. 10 жылдан бері құжаттар дұрыс болып келген, ал биылдан бастап сәйкес болмай қалыпты, - дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, «Компаниясының тізімінде барлығы 270 тауар түрі бар. 2014 жылы соның тек 147 түрін тіркеген. Қалғаны қайта тіркеуді талап етеді. Қайта тіркеуден өте алмаған тауар елге кіргізілмейді».

- Біздің жұмысымыздың әлсіреуі тек бізге ғана емес қала бюджетіне де елеулі әсерін тигізеді. Мәселен, біз өткен 2014 жылы тауарға қосылған құн салығын 120 миллион теңге көлемінде төледік. Ал биыл бұл сома бірнеше есе азайды, - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкерлердің сөзінше, «Елге сырттан кіргізілетін тауар тіркеуден өтеді, тіркеу куәлігі тауардың жарамдылық мерзімі біткенше жарамды болады. Сондықтан қазір былтыр кіргізіліп, куәлік алған тауарлар сатылып жатыр. Ендігісі (сол тауар түрінің жаңадан әкелінгені – ред.) қайта тіркеліп, куәлік алмаса, келешекте балалар тамағы, жүкті және емізетін әйелдерге арналған тағамдар мен биологиялық белсенді қоспалар саны күрт азаюы мүмкін».

Қазақстан биологиялық белсенді қоспаларды жеткізушілер ассоциациясы төрағасы Галина Земскова. Алматы, 9 қазан 2015 жыл.
Қазақстан биологиялық белсенді қоспаларды жеткізушілер ассоциациясы төрағасы Галина Земскова. Алматы, 9 қазан 2015 жыл.

Қазақстан биологиялық белсенді қоспалар жеткізушілері ассоциациясының төрағасы Галина Земскованың сөзінше, «бір ғана Алматыда кейбір тауарларын қайта тіркеуден өткізе алмай отырған 50-ден аса үлкенді-кішілі компания бар».

Бірақ ол Алматыда нақты қандай тауар түрлері қанша көлемде тіркелмей жатқанын айтпады.

«ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ»

Алайда Қазақстанның ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті ақпаратына қарағанда, мемлекеттік тіркеуден өтіп, тиісті куәлік алып жатқан кәсіпкерлер саны «өткен жылмен салыстырғанда еш кемімеген».

- Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті беру құжаттары тұрақты және өткен жылғы деңгейде тұрғанын айта кету керек. Мысалы ағымдағы жылдың өткен кезеңінде шетелден әкелінген (Кеден Одағы елдерін қоса алғанда – ред.) балалар тамағы өнімдерін, тағамға тағамдық және биологиялық белсенді қоспаларға 384 мемлекеттік тіркеу куәлігі берілген. 2014 жылы 524 тіркеу кәлігі берілді. Оның ішінде осы жылдың алғашқы тоғыз айында балалар тамағы бойынша 98 мемлекеттік тіркеу куәлігі берілді, ал 2014 жылы 93 мемлекеттік тіркеу кәлігі берілген болатын. Арнайы тамақ өнімдері бойынша, жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған, спортшыларға арналған тамақ өнімдеріне 46 мемлекеттік тіркеу куәлігі берілсе, 2014 жылы 57 куәлік берілген еді, - дейді комитеттің бас маманы Ержан Бибалаев

Өнімнің қауіпсіздігін және тағамдық құндылығын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығына теріс әсерін болдырмау үшін комитет мамандары түсетін құжаттарға мұқият талдау жасайды.

Шенеунік Азаттық тілшісіне балалар тамағы өнімдерін, тағамға тағамдық және биологиялық белсенді қоспаларды мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу саласындағы нормативтер мен мемлекеттік қызмет стандарттарында әзірге ешқандай өзгеріс енгізілмегенін, кәсіпкерлердің не себепті шу көтергенін түсінбейтінін айтты. Ержан Бибалаевтың сөзінше, 2010 жылдан бері құжаттардың толық пакетін ұсынбаған кәсіпкер тауарларын тіркей алмайды.

- Ғылыми есепте аталған өнімнің дәрілік препарат емес екені көрсетілген ақпарат болмауы мүмкін. Тағамда биологиялық белсенді қоспалардың тиімділігін бағалау туралы деректі және көптеген басқа құжаттар болмай қалады. Осыған байланысты тіркелген өнімнің басқа қауіпсіздігін және тағамдық құндылығын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығына теріс әсері мен жанама әсерлерін болдырмау үшін комитет мамандары түсетін құжаттарға мұқият талдау жасайды, - дейді ол.

Комитет маманы айтуынша, мемлекеттік тіркеуден өтіп, тиісті куәлік алу үшін – 10, кей тауарларға қатысты 11 құжат өткізу қажет. Тіркеу мен қайта тіркеуден өту қызметі тегін жүргізіледі.

Мемлекеттік тіркеуге жататын тауарлар тізбесі Қазақстан үкіметі қаулысы негізінде анықталған. Олардың ішінде «балалар тамағы өнімдері, жүкті және емізетін әйелдерге арналған өнімдер, диеталық (емдік және профилактикалық) тамақ өнімдері, спортшыларға арналған тамақ өнімдері; тамаққа биологиялық белсенді қоспалар, тамаққа биологиялық белсенді қоспалар өндіруге арналған шикізат, органикалық өнімдер» көрсетілген. Оларды тіркеуге қойылатын талаптар egov.kz сайтында көрсетілген.

XS
SM
MD
LG