Accessibility links

Азаматтық алған спортшыларды жанкүйер түрліше бағалайды


Қазақстанға Ресейден келген теннисші Ксения Первак. Суретті Қазақстан теннис федерациясы берді.
Қазақстанға Ресейден келген теннисші Ксения Первак. Суретті Қазақстан теннис федерациясы берді.

Қазақстан азаматтығын алған шетелдік спортшылардың кейбірі елдеріне қайтып кетті. Ал жанкүйерлер шетелден спортшы шақырудың артықшылығы мен кемшілігін түгендейді.

Биыл тамыз айында халықаралық әйелдер теннисі федерациясы (WTA) Лондон олимпиадасына қатысу үшін 2011 жылы Қазақстан азаматтығын алған ресейлік Ксения Первактың еліне қайтқанын хабарлады.

Қазақстан теннис федерациясы да Азаттыққа берген ресми жауабында федерация мен Ксения Первак арасындағы келісім-шарт бұзылғанын растады. «Біздің тарапымыздан теннисшіге өкпе жоқ. Қазақстанда теннистің дамуына қосқан үлесі үшін оған алғыс айтамыз» дейді Қазақстан теннис федерациясы.

Ксения Первак әлеуметтік желідегі парақшасында «отбасы жағдайыма байланысты Ресейге оралдым» деп мәлімдеді.

«НӘТИЖЕСІЗ СПОРТШЫЛАР ҚАЗАҚСТАНҒА КЕРЕК ЕМЕС»

Спорт журналисі Табиғат Абаилдаев «ресейлік теннисші Первактың кеткенінен Қазақстан теннисі ештеңе жоғалтпайды» деген пікірде.

Надежда Петрованың (оң жақта) Лондон олимпиадасына (2012) Ресей атынан барған кезі.
Надежда Петрованың (оң жақта) Лондон олимпиадасына (2012) Ресей атынан барған кезі.
– Ресейден тысқа кеткен Мария Шарапованы айтпағанның өзінде, Светлана Кузнецова, Надежда Петрова, Елена Веснина секілді спортшыларға бәсекелестік көрсете алмайтын теннисшінің Қазақстанға қажеті шамалы еді. Первак кеткен соң Қазақстан әлсіреп кетпейді деп ойлаймын. Ол келгенде де айтарлықтай нәтижеге жеткен де жоқпыз, – дейді журналист.

Оның айтуынша, «Қазақстанда біраз спорт түрінде осындай легионер спортшылар жетерлік».

– Мұндай нәтижесіз спортшылар Қазақстанға керек емес. Қазақстан одан да өзінің қыз-жігіттерін тәрбиелеуі керек, – дейді журналист.

Қазақстан атынан жарыстарға қатысып жүрген канадалық мәнерлеп сырғанаушы Кортни Мансур да 2013 жылы наурызда Қазақстан азаматтығынан бас тартып, еліне оралды. Қазақстандық Дарын Жүнісовпен жұптасып, мәнерлеп сырғанаудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысқан Кортни Мансур кейінгі жарыстарға Қазақстан атынан бармайтынын мәлімдеді.

Спорт шолушысы Нағымжан Сауяевтың пікірінше, «Ксения Первак пен Кортни Мансурдың Қазақстаннан кеткені – үйреншікті жағдай».

– Бұдан былай олар туған жерінің атын шығаруға бел буған шығар. Не біздегілермен келіспей қалған болар. Қандай себеппен кетсе де, бәлен-түген деу, сыртынан сөгу – ұят, – дейді ол.

Ал спорт жанкүйері Арман Хаметов «Первак пен Мансурға емес, оларды Қазақстанға әкеліп жүрген спорт шенеуніктеріне ренжитінін» айтты.

«БҰЛ ЖЕҢІСТЕР –ДЖОНСОН, ИГИТА МЕН САНТАНАНЫҢ АРҚАСЫ»

Тамыздың 11-і күні Филиппин астанасы Манилада аяқталған баскетболдан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы сапында америкалық Джерри Джонсон ойнады. Қазақстан баскетбол федерациясының мәліметі бойынша, АҚШ баскетболшысы шілдеде Қазақстан азаматтығын алған.

2013 жылдың наурызында футзал (шағын залда ойналатын футбол) ойыншылары, бразилиялық Игита мен Лео Сантана да Қазақстан азаматы атанып, осы елдің құрамасында ойнауға келіскен.

Спорт жанкүйері Нұртаң Алиханов америкалық және бразилиялық спортшылар Қазақстанның ірі жарыстарда жеңіске жетуге көмектесіп жатқанын айтады.

Кевин Даллман (оң жақта) "Барыс" командасының сапында. Астана, 3 ақпан 2012 жыл. (Сурет "Барыс" командасының ресми сайтынан алынды)
Кевин Даллман (оң жақта) "Барыс" командасының сапында. Астана, 3 ақпан 2012 жыл. (Сурет "Барыс" командасының ресми сайтынан алынды)
– Джерри Джонсонның арқасында Қазақстан баскетбол құрамасы Филиппинде өткен Азия чемпионатында сегізінші орын алды. Мұндай жетістікке Қазақстан баскетболшылары бұрын жетіп көрмеген. Ал бразилиялықтардың арқасында «Қайрат» командасы футзалдан УЕФА кубогын жеңіп алды. Бұл жетістіктер – Қазақстан азаматтығын алған спортшылардың арқасы, – дейді жанкүйер.

2013 жылдың ақпан айында канадалық хоккейші Кевин Даллман да Қазақстан азаматы атанып, ұлттық құрама сапында олимпиада ойындарының іріктеуіне қатысқан еді.

Одан бұрын Қытай мен Ресейден арнайы шақырылған ауыр атлеттер мен теннисшілер Қазақстан азаматтығын алған. Олардың қатарында ресейлік теннисшілер - Ярослава Шведова, Михаил Кукушкин және олимпиада чемпиондары – Майя Манеза (Қытай), Зүлфия Чиншанло (Қытай), Светлана Подобедова (Ресей) сияқты спортшылар бар .

Ал 2012 жылдың қарашасында шана спортынан Ресей құрамасының мүшесі Татьяна Невзерова Қазақстан азаматы атанған.
XS
SM
MD
LG