Accessibility links

Ағашты заңсыз кескен орманшының өзі болып шықты


Кесілген ағаштар
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:44 0:00
Жүктеп алу

Кесілген ағаштар.

Қарағанды облысының қорықшылары «Нияз-Аюлы орманындағы бағалы ағаштарды отап кетті» деп дабыл қақты. Азаттық тілшісі ағаш оталған жерді көріп қайтты.

Қазақстан жерінің шамамен үш пайызы ғана - орман. Елдегі орман браконьерлерден, одан соң өрттен көп зардап шегеді. Азаттық тілшісі 17 маусым - дүниежүзілік шөл мен құрғақшылыққа қарсы күрес күні қарсаңында Қазақстан ормандарының қалай оталып жатқанына куә болды.

«ЖАЛАҢАШ ДАЛА БОЛЫП ҚАЛДЫ»

Теміртаулық қорықшы Юрий Марков пен оның досы Сергей Степанов жақында бұлаққа барған. Екеуі жақын маңдағы Нияз-Аюлы орманы жақтан электр араның даусын естиді.

Шағын тоғай болғанымен, Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы бұл орманда қайың мен көктерек сияқты ағаштар ерте заманнан өседі, аң-құстың да түрі көп. Бұл аңшылық алқап мемлекеттік орман қорына тиесілі.

Не болып жатқанын тексермек болған олар орманда ағаш кесіп жатқан бірнеше адамның үстінен түседі. Әлгі адамдар зәулім ағаштарды кесіп, "КамАЗ" көлігіне тиеп, әкеткелі жатыр екен. Жанында тұрған тіркемесі бар тракторға кесілген ағаштарды артып үлгермеген.

Қорықшы Юрий Марков. Қарағанды облысы Осакаров ауданы, 13 маусым 2013 жыл.
Қорықшы Юрий Марков. Қарағанды облысы Осакаров ауданы, 13 маусым 2013 жыл.
- Бұлары барып тұрған браконерьлік қой. Обал емес пе, бұған заңмен де тыйым салынған. Бұрын мұнда бұлдырық та, ақ, сұр құр да бар еді, елік пен қоян да жүретін. Енді оталған орманда не қалады, білмеймін. Елік паналайтын жер қалмай, тоғай селдіреп, жалаңаш дала болып қалды, - дейді Азаттық тілшісіне Теміртаудағы аңшы-балықшылар қоғамының қорықшысы Юрий Марков.

Сол күні жай адамша киініп, жеке көлігімен жүрген қорықшы өздігінен ешқандай шара қолдана алмаған. Жағдайды облыстық орман және аңшылық инспекциясына хабарлаған, инспекция қызметкерлері рейд жүргізіп, орманның оталғанын келіп көріп кеткен.

Жергілікті тұрғын Сергей Степанов «Табиғатты мұндай ашкөздікпен тонауды бұрын-соңды көрмеппін. Бұрнағы жылдары ауыл тұрғындары тоғайға еркін кіріп-шығатын. Сол кездері олар орманды өздері бақылап, шыққан өртті өшіріп, қураған ағаштардан тазартып тұратын. Орманшы келген соң тоғайға рұқсатсыз кіруге тыйым салынды» дейді.

Кесілген ағаштардың түбіртегі. Қарағанды облысы Осакаров ауданы, 13 маусым 2013 жыл.
Кесілген ағаштардың түбіртегі. Қарағанды облысы Осакаров ауданы, 13 маусым 2013 жыл.
Ол жергілікті тұрғындардың бұл тоғайдан рұқсатсыз саңырауқұлақ пен жидек те тере алмайтынын, тамызыққа құрғақ бұтақ та жинай алмайтыны айтады. Ал көлденең біреулердің емін-еркін келіп, жайқалып тұрған бағалы ағаштарды аяусыз кесіп әкететініне налиды.

​- Ең бағалы ағаштарды алып кеткен сияқты. Түбіріндегі сақинасына қарағанда, мынау - жүз жылдық қайың, мынау - көктерек. Ал қалғандарын тастап кеткен. Бәрін тағылықпен кескен. Бензин арамен түк қалдырмай отағанын көрдіңіз бе? Рұқсат етілген жерден емес, өздеріне ыңғайлы тұстағы ағаштарды кесіп әкеткен. Енді мына томарлар шіріп біткенше жылдар өтеді, ал жас ағаш тамыр алып, көктей ала ма - белгісіз, - дейді «Колхозное» ауылының тұрғыны Сергей Степанов.

Ол «Бұдан да қураған ағаштарды кесіп әкетсе, пайдасы тиер еді. Ағаш отағандар тастап кеткен жасыл желек бұтақтарды ауыл тұрғындары тым құрығанда моншаға апаратын сыпыртқы ретінде пайдаланар еді. Енді, міне, іске жарамай қурап, үйіліп жатыр» дейді. Бір жерде осындай бұтақтардың сегізі жатыр.

"Колхозное" ауылының тұрғыны Сергей Степанов. Қарағанды облысы Осакаров ауданы, 13 маусым 2013 жыл.
"Колхозное" ауылының тұрғыны Сергей Степанов. Қарағанды облысы Осакаров ауданы, 13 маусым 2013 жыл.
​Тағы бір тоғайды аралап шыққан қорықшы ол жақтан да кесілген ағаштардың томарларын тапты. Біреулерін жаңадан кесіп әкеткен, енді біреулерін күйік шалған. Ағаш отаушылар бұл жерде де қоқысты тазаламай кетіпті. Сұлап жатқан ағаштарға қарағанда, оларды біреулер үркітіп, кескен ағаштарының біразын тастап кеткен.

Қорықшы мен ауыл тұрғыны екі тоғайдан жаңа кесілген ондаған ағаштың томары мен үй салуға арнайы кесілгенге ұқсайтын, түп-түзу бірнеше ағашты санап шықты.

ОРМАНШЫНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Қарағанды облысындағы орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының қызметкерлері Азаттық тілшісіне бұл іс бойынша тиісті шаралар жасалып жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, ағаштарды заңсыз кескендердің кім екені қазір анықталып, оларға қатысты «ағаш-бұталарды зақымдаған және орманды заңсыз отаған» деп әкімшілік материал толтырылған.

Қарағанды облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының қызметкері Данияр Баубеков «Заңды бұзғандар орманшы мен сол жердің ағаш дайындаушысы екен» деп хабарлады.

Кесілген ағаштардың жапырағы қураған бұтақтары. Қарағанды облысы Осакаров ауданы. 13 маусым 2013 жыл.
Кесілген ағаштардың жапырағы қураған бұтақтары. Қарағанды облысы Осакаров ауданы. 13 маусым 2013 жыл.
- Сол жерде акт жазылып, зиянның көлемі есептелді. Жедел әрекет ету барысында заң бұзушыларды да анықтадық. Заңсыз ағаш кескендер орманшы мен Осакаровка кентінде тұратын ағаш дайындаушы болып шықты. Орманды қорғайды деген орманшының өзі заңды бұзып, қызметтік қылмысқа барған, - дейді Данияр Баубеков Азаттық тілшісіне.

Қазір бұл іс сотқа жіберілді. Енді орманды заңсыз отаған күдікті екі адамға ескерту жасалады немесе айыппұл салынады.

- Екеуі енді өздері келтірген зиянның орнын толтыруы тиіс. Зиян көлемін есептегенде, ағаш оталған жердің ауданы емес, кесілген ағаштың текшесі көрсетіледі, - дейді Данияр Баубеков.

Орманшы өз түсініктемесінде «жер су болғандықтан, ағаш кесуге рұқсат берілген жаққа өте алмадық» деп жазған. Сондықтан рұқсат етілмеген жерден ағаш дайындамақ болған. Бірақ орманшы мен ағаш дайындаушының қолында ағаш кесуге рұқсат беретін билет болмағаны кейін анықталды.

«Бізді қатаң жазаламауды өтінеміз және бұдан былай ағашты Қазақстан республикасы заңына сәйкес қана дайындаймыз» деп жазады орманшы өз түсініктемесінде.

Орманшы «ағаштар менің қадағалауыммен кесілді, күйген ағаштардан бір КамАЗ отын дайындалды» деп жазады. Алайда заң бұзушыларды бірінші болып көрген қорықшы Юрий Марков пен жергілікті тұрғын Сергей Степанов «жайқалып тұрған бағалы ағаштар кесілген» дейді. Олардың сөздерін тоғайда шашылып жатқан бұтақтар мен жаңа кесілген ағаштардың томарлары, сұлап жатқан ағаштар да растайды.
XS
SM
MD
LG