Accessibility links

Франциядан бас тартқан Депардьеге паспорт ұсынушылар бар


Француз актеры Жерар Депардье. Келте Машат ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 3 қыркүйек 2009 жыл
Француз актеры Жерар Депардье. Келте Машат ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 3 қыркүйек 2009 жыл
Актер Жерар Депардье ауқатты азаматтардан алынатын салықты көбейткен Франциядан кеткелі жатыр. Бірнеше елдің басшысы оны шақырып та үлгерді.

Француздың 63 жастағы актері Жерар Депардье ел президенті Франсуа Олландтың 2013 жылдан бастап ауқатты азаматтарға салынатын табыс салығын 75 пайызға ұлғайту туралы шешіміне наразы. Енді ол өз елінің паспортын өткізіп бермек.

«45 ЖЫЛ БОЙЫ 145 МИЛЛИОН ЕУРО САЛЫҚ ТӨЛЕДІМ»

Франция премьер-министрі Жан-Марк Эйро актердың бұл шешімін «бейшаралық» деп атаған соң Депардье ашық хат жазды.

«Мен 1948 жылы тудым. 14 жасымнан теруші, қоймашы, кейіннен актер болдым. Салықты тұрақты төлеп келемін. 45 жылдың ішінде 145 миллион еуро салық төледім... Мақтанбаймын, шағым айтпаймын. Бірақ мені «бейшара» деп атауға болмайды. Маған үкім айтатын сіз кім едіңіз, месье Эйро» деп жазды актер.

ПУТИН МЕН ҚАДЫРОВТЫҢ ШАҚЫРУЫ

Енді актердің қай мемлекеттің азаматы атанатыны белгісіз. Француздың Le Monde газеті сәрсенбі күні Депардьенің үш елді таңдауы мүмкін екенін жазған. Бұлар - Черногория (Монтенегро), Бельгия және Ресей.

Басылым осы аптада Депардьенің «Путин маған паспорт жіберіп те қойды» деп әзілдегенін де ескертіп өтеді.

Ресей президенті Владимир Путин мен актер Жерар Депардье. Санкт-Петербург, 11 желтоқсан 2010 жыл
Ресей президенті Владимир Путин мен актер Жерар Депардье. Санкт-Петербург, 11 желтоқсан 2010 жыл
Ресей президенті Владимир Путин бейсенбі күні Мәскеудегі баспасөз-мәслихатында журналистерге:

- Егер Жерар расында Ресей паспортын алғысы келсе, онда бұл мәселе шешілді деп есептей беріңіздер, - деді.

Бұдан бір күн бұрын, желтоқсанның 19-ы күні Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров та журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде "егер актер Ресей азаматтығын алса, Кавказ оны қабылдауға дайын" деп мәлімдеді.

- Жерар Депардье француз азаматтығынан бас тартты. Оған себептері болған шығар. Біз ұлы әртісті қабылдауға әзірміз деп нақты айта аламын, - деді Рамзан Қадыров.

Француз актері Жерар Депардье Грозный күніне орай осы жылы қазан айында Шешенстанға барып, шақырғаны үшін Қадыровқа алғыс та айтқан. Мерекелік шарадан түсірілген видеода Депардье «Грозный жасасын! Шешенстан жасасын! Қадыров жасасын!» деп айғайлаған көпшілікпен бірге тұрды.

ДЕПАРДЬЕ МЕН ҚАЗАҚСТАН

2009 жылдан бері «Кеш келген махаббат», «Күнәлі періштем» сияқты қазақстандық
Жерар Депардье мен Нұржұман Ықтымбаев түскен жарнама.
Жерар Депардье мен Нұржұман Ықтымбаев түскен жарнама.
фильмдерге түсіп үлгерген Жерар Депардье Қазақстанға да «бөтен» емес.

Актер Нұржұман Ықтымбаев екеуі бірге түскен Еуразиялық банктің жарнамасын Қазақстан көрермендері күн сайын теледидардан көріп жүр.

Жерар Депардье 2010 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Парижде кездескен кезде оның Астананы тұрғызудағы еңбегін айтып, алғыс жаудырған еді.

Франция паспортынан бас тартқан Жерар Депардье табыс салығы Ресейдікінен де аз (10 пайыз) Қазақстанды да таңдай ма, жоқ па - ол жағы белгісіз.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG