Accessibility links

ҮЕҰ дербес деректерін ашуды міндеттейтін ережеге шағымданды


Шымкенттегі үкіметтік емес ұйым мигранттарға кеңес беріп жатыр. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі үкіметтік емес ұйым мигранттарға кеңес беріп жатыр. (Көрнекі сурет)

Астана сотынан ҮЕҰ қызметіне қатысты деректерді беру ережелерін заңсыз деп тануды сұрайды. Азаматтық сектор өкілдерінің кейбірі мұны «мемлекетке тәуелсіз бірлестік құру құқымызды бұзу» деп атайды.

Үкіметтік емес ұйымдарды (ҮЕҰ) билікке өзі жайлы деректер беруге міндеттейтін ереже ҮЕҰ туралы заңға енгізілген түзетулерді орындау мақсатында 2015 жылдың аяғында жарияланған. Үкіметтік емес сектор өкілдері өздері жайлы мәдениет және спорт министрлігіне 31 наурызға дейін есеп тапсыруы тиіс.

Ережеге сәйкес, ҮЕҰ ұйым атауын үш тілде көрсетуі, құрылтайшысы, қызметкерлері туралы және басшысы мен бухгалтері жайлы жеке ақпарат жолдауы тиіс әрі әр қызметкердің мекенжайы, телефон нөмірлері, жеке куәлігінің нөмірі сияқты дербес ақпарат беруі тиіс. Бұған қоса, ҮЕҰ реквизиттерінде донор ұйымның атауы мен меншігіндегі мүлкі көрсетіліп, жобалары мен бюджет көлемін сипаттап жазуы тиіс.

Астананың Есіл аудандық сотына әлгі ережелерге қарсы арызды «Халықаралық құқықтық бастама» қоры президенті Айна Шорманбаева берген. Сот бұл істі қарай ма, жоқ кері қайтара ма - бұл бір аптадан кейін белгілі болады.

ЕСЕП БЕРУ МЕН ДӘЛСІЗДІК

Алматылық ҮЕҰ жетекшісі Айна Шорманбаеваның арызында нақты емес мәлімет бергені үшін ұйымға санкция салу қарастырылғандықтан, «мәдениет және спорт министрінің 2015 жылы желтоқсанның 22-сі күні шыққан бұйрығы азаматтардың бірлесу еркіндігіне қатысты конституциялық құқығын бұзады» деп жазылған.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоры президенті Айна Шорманбаева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.
«Халықаралық құқықтық бастама» қоры президенті Айна Шорманбаева. Алматы, 22 сәуір 2014 жыл.

- Әлгі «нақты емес» дегені шенеуніктер өзіне ыңғайлап қолданатын екіұшты ұғым болып шыққан. Мысалы, «уақытында емес» дегенді қалай түсінуге болады, оны белгілеуді де шенеуніктердің құзырына беріп қойған. Бәрі қолдарында болғандықтан, олар қандай шешім қабылдаймын десе де ырықты әрі тәуелсіз ұйымдарды өз еркінше қудалауға мүмкіндік алады. Әлдебір себептермен бір ұйым әлдебір шенеунікке ұнамай қалса, оның ойына келген шешім шығара салуына болады, - дейді Айна Шорманбаева Азаттыққа.

Оның пікірінше, мемлекеттік органдардың қолында бар бүкіл ақпаратты артық қайталаудың мәні жоқ. Азаматтық сектор белсенділері «онсыз да тиісті деректерді салық, статистика ведомстволары мен әділет органдарына жыл сайын береміз» дейді.

- Өздеріне қажет деректерді электрондық үкімет арқылы оңай ала салуына болады ғой. Бұл талап мемлекеттік грант алғысы келетіндерге ғана қойылса, оларды түсінер едім. Бірақ біз олардың өз қолында тұрған ақпаратты қайталап тапсыруға мәжбүрлеуін шектен тыс талап деп санаймыз, - дейді Айна Шорманбаева.

Бұл - көбінесе тәуелсіз ҮЕҰ-ды қадағалауға арналған идеологиялық құрал ретінде ойластырылған ереже... Дерекқорға енгізілетін мәліметтер тәуелсіз ҮЕҰ-ды бақылауда ұстау үшін керек.
Айна Шорманбаева.

«Халықаралық құқықтық бастама» қоры президенті Айна Шорманбаева құқық қорғау қызметімен 15 жылдан бері айналысатынын айтады. Оның айтуынша, құрылғанына алты жыл болған ұйым мемлекеттен ешқандай грант алмайды. Сондықтан ұйым жетекшісі мемлекеттік дерекқорға мәлімет беруге міндетті емеспіз деп санайды.

- Бұл - көбінесе тәуелсіз ҮЕҰ-ды қадағалауға арналған идеологиялық құрал ретінде ойластырылған ереже. Өйткені ГОНГО (Government-Organized Non-Governmental Organization – «үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар») онсыз да билікке бағынышты әрі олардың немен айналысатыны онсыз да түсінікті. Ал әлгі дерекқорға енгізілетін мәліметтер тәуелсіз ҮЕҰ-ды бақылауда ұстау үшін керек. Бірақ тәуелсіз ҮЕҰ әлдебір қылмыстық ұйым емес, заңды түрде тіркелген, тиісті салығын төлеп, статистикалық есебін тапсырып отырған әрі бүкіл жұмысын жария жүргізетін ұйымдар ғой. Егер әлдебір сұрақтар туындаса, кез келген уақытта келіп, немен айналысатынымызды сұрауға болады ғой, - дейді Айна Шорманбаева.

Құқық қорғаушыҮЕҰ қызмет көрсету үшін емес, адам құқығы мен принциптерін қорғау үшін құрылғанын ескертеді. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанда шамамен 27 мың үкіметтік емес ұйым тіркелген. Айна Шорманбаевның пікірінше, олардың 20 шақтысы ғана- тәуелсіз ұйым.

«ТРАНСПАРЕНТТІК БОЛАДЫ»

Астаналық «Адам Денсаулығы Институты» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Дмитрий Терешкевичтің айтуынша, оның ұйымы мемлекеттен әлеуметтік тапсырыстар алып тұрады. Ол ҮЕҰ туралы деректер тапсыру ережелерінің ұтымды тұстары да бар деп санайды.

«Адам Денсаулығы Институты» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Дмитрий Терешкевич. Астана, 12 мамыр 2015 жыл.
«Адам Денсаулығы Институты» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Дмитрий Терешкевич. Астана, 12 мамыр 2015 жыл.

- Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жайлы ақпарат веб-сайтта жарияланып, онымен жұрт таныса алады, сондықтан бұл - ашықтық пен есеп беруге міндеттейтін қадам. Бірақ ереженің түсініксіз тұстары да бар. Ақпаратты қалай және қайда тапсыру керек екенін ешкім білмейді. Біз ұйым жайлы есеп беру ережелеріне қатысты мемлекеттік органдардан әлі ешқандай кеңес алған жоқпыз, - дейді Дмитрий Терешкевич.

Оның айтуынша, «Адам Денсаулығы Институты» өзге мемлекеттік органдардан алуға болатын ақпаратты ҮЕҰ-дан жинаудың қажеті жоқ деген ұсыныстарын жолдаған, бірақ оларды елемеген.

- Түскен ақша жайлы декларация тапсыратын салық органы бар емес пе? Мемлекеттік органдардан алмай, неге бізден талап етеді? Олар дерек бермеген соң бізден алғысы келеді ғой. Өзге мемлекеттік орган әлгі ақпаратты құпия санайды. Жауабын алмаған сұрақтарымыз көп, - дейді Дмитрий Терешкевич.

Белсенді ҮЕҰ туралы заңға енгізілген түзетулер жайлы да екіұдай пікір білдіреді. Ол заңда грант түріндегі қаржыландыру мен халықаралық стандарттарға сай емес мемлекеттік сатып алу жүйесінен бас тарту қарастырылғанын айтады.

- Меніңше, мына ережелер заңға асығыс енгізілген, ал оларды біртіндеп енгізу керек еді. Жұрт бұрын мүлде есеп тапсырмайтын, енді бәрі тапсыруы тиіс, бұлай міндеттеу дұрыс емес. Бұл жүйені кезең-кезеңмен енгізу керек. Үкіметтік емес ұйымдардың да деңгейі әртүрлі екенін ескеру керек. Бүкіл құжатты жинай алатын да, түрлі себептермен жинай алмайтын да ұйымдар бар ғой. Мысалы, бірінің бухгалтері, тағы бірінде интернет жоқ болуы мүмкін, ал енді қоғамдық жұмыспен бос уақытында айналысатын кейбірінің уақыты жетпей қалуы мүмкін ғой. Ондайларға айыппұл салу қарастырылған, - дейді Дмитрий Терешкевич.

Азаттық тілшісі «Қазақстан азаматтық альянсы» президенті Нұрлан Ерімбетовтен де комментарий алуға тырысты. Ол әуелі «дайындалуым керек» деген уәжбен кейінірек хабарласуды сұрады. Ал қайта хабарласқанымызда Ерімбетов «заң қабылданғанынан хабардар екенін», бірақ анық-қанығын білмейтінін, ал қазір сайлаудың қамымен жүргендіктен, комментарий беруге уақыты жоқ екенін айтты.

БҰЙРЫҚ

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бұйрығында ҮЕҰ қызметі туралы дерекқорды үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс істейтін өкілетті орган оларды министрліктің веб-порталына электрондық түрде енгізу арқылы құратыны жазылған.

Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтік емес ұйымдар туралы заңға енгізілген түзетулерге 2015 жылдың желтоқсанында қол қойған. 50-ден аса ҮЕҰ белсенділері одан ҮЕҰ туралы заңға вето қоюды сұраған. Азаматтық сектор өкілдері заң қабылданса, азаматтардың бірігу еркіндігі, айналысатын қызмет түрін таңдау еркіндігі, көзқарас еркіндігі, сөз еркіндігі мен пікір білдіру бостандығы сияқты құқықтарымыз шектеледі деп алаңдаған болатын.

Ертеректе мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында «заң жобасы азаматтық қоғам институттары қоғам үшін пайдалы функцияларымен көбірек айналысу үшін ҮЕҰ-дарды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және институциялық тұрғыдан қолдауды көздейді» деп мәлімдеген.

Заңда ҮЕҰ-ды грант түрінде қаржыландыратын бірыңғай оператор құру да қарастырылған. Сондықтан БҰҰ бұл заңды Қазақстандағы ҮЕҰ құқығын шектеу ретінде қабылдаған. БҰҰ сарапшылары үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік және мемлекеттік емес гранттарды бірыңғай оператор арқылы бөлу Қазақстанның ассоциациялар еркіндігіне қатысты алған халықаралық міндеттемелерін бұзады деп алаңдаушылық білдірген.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Ботайұлы қатысты.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG