Accessibility links

Батыс Қазақстан облысының әкіміне «қолайсыз» сұрақ қойғаны үшін журналист қызметінен қуылды


Қазақ журналисі Луқпан Ахмедьяров. Орал
Қазақ журналисі Луқпан Ахмедьяров. Орал

«ТДК-42» телеарнасының жаңалықтар қызметінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке оның туыстары туралы сұрақ қойғаны үшін қызметінен айрылып қалды

28 қаңтарда аймақтық БАҚ өкілдеріне арналған әкім Бақтықожа Ізмұхамбетовтың өткен жыл қорытындысы бойынша кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Мәслихат соңын ала әріптестерімен бірге әкімге Лұқпан Ахмедьяров та сауал берген еді, бірақ журналистің сұрағы әкімнің туыстары туралы болғандықтан қолайсыз көрінген болуы керек

Журналист Бақтықожа Ізмұхамбетовтың күйеу баласы Аманжол Зейнуллин иелік ететін «Монолит-2» құрылыс компаниясын меңзеген оймен әкімге: «Өткен жылдағыдай бюджеттік қаражатты игеруге Сіздің туыстарыңыз тағы да қатысатын бола ма?», - деген сұрақты төтесінен қойды.

2008 жылы «Монолит-2» облыс аумағындағы бірқатар әлеуемттік жобаларды жүзеге асырып, мектептер салу сияқты айтарлықтай ауқымды мемлекеттік тапсырыстарға ие болды. Ал жуырда әкімнің туған қарындасы Софья Ізмұхамбетова президенттің «100 мектеп және 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған бір мектептің директоры болып тағайындалды.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа İзмұхамбетов.


Әкімге бұл сұрақ күтпеген жерден келіп, ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Ол мазасызданып, күйгелектене бастады, бірақ сүраққа жауапты былай деп берді:

«Мен әкім бола қалды деп, туыстарым облыстан кетуі тиіс емес және олар бәрібір менің туыстарым болып қала береді. Олар тендерге жалпы негізде қатысып жүр. Мен тендерлік комиссияның мүшесі емеспін және оның шешіміне еш ықпалым жоқ. Менде бір ғана талап бар – барлық жобалар көп жағдайда жергілікті компаниялармен іске асуы тиіс. Сонымен қатар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысым жоқ. Ал мұндай сұрақтарды әдепсіз және лас деп есептеймін», - деп жауап қайырды.

Лұқпан Ахмедьяровтың қойған сұрағы тілшінің түбіне жетті. «ТДК-42» телеарнасының бас директоры Серік Мерғалиев ыңғайсыз журналисті тез арада жұмыстан босатуға шешім шығарды.

Лұқпан Ахмедьяровтың өзі телеарна басшылығы тарапынан мұндай жағдайды күтпегенін айтты:

- «Мен әкімдіктен оралған кезде, бірден Серік Мерғалиев өзіне шақырып алды. Ол мені әкімге қойған сұрағым үшін кінәлай бастады. Ол сонымен бірге оған Бақтықожа Ізмұхамбетов телефон шалғанын, араларында «қиын» әңгіме болғанын хабарлады. Сосын ол менің өз еркіммен жұмыстан босату туралы арыз жазуымды талап ете бастады. Мен өз кезегімде арыз жазудан бас тартып, егер оған себеп болса, оның заңды түрде болуын сұрадым. Бап бойынша жұмыстан босатыңыз», - дедім мен. Бірақ Мерғалиев әлі бұйрық шығарған жоқ, сол себептен мен өзімнің не себеппен жұмысымнан айрылғанымды біле алмай отырмын».

Азаттық радиосының тілшісі «ТДК-42» телеарнасының бас директоры Серік Мерғалиевтен болған жағдай жөнінде түсініктеме алғысы келгенімен, оның хатшысы журналистердің оның бастығын не мәселе жөнінде мазасын алатынын біліп, батыл түрде оларды бас директормен байланыстырудан бас тартты.

Бұл жағдайға дейін 2008 жылдың қыркүйегінде «ТДК-42» телеарнасынан, осыған ұқсас оқиға бойынша, журналист Санат Урналиев жұмысынан босатылған еді. Санат Урналиевтің сөзі бойынша, оны да Орал қаласының әкімі Самиғолла Оразовқа қойған ыңғайсыз сұрағы үшін қызметінен кетірген. Ал өткен жылдың қыркүйегінде ТДК -42 телеарнасының тағы да бір журналисі түсініксіз себептер бойынша жұмысынан айырылады. Бірақ көпшілік ол тек оппозициялық партияның белсенді мүшесі болғаны үшін ғана айыпты болды дегенді айтады.
XS
SM
MD
LG