Accessibility links

Тәрбиешіден телефон жөндеушіге айналған әйел


Телефон жөндеуші шебер Гүлім Әбілқасымова ұлы Мираспен бірге. Алматы, 2 қараша 2011 жыл.
Телефон жөндеуші шебер Гүлім Әбілқасымова ұлы Мираспен бірге. Алматы, 2 қараша 2011 жыл.

Ұялы телефон қазір күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Байланыс қызметінің бұл түрімен бірге осы салада жаңа мамандықтар да пайда болды. Бүгінгі кейіпкеріміз Гүлім Әбілқасымова – телефон жөндейтін шебер.


Бұрын балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеген Гүлім Әбілқасымова қазір Алматы–Бішкек күре жолының бойында орналасқан «Алтын орда» базарында телефон жөндеумен айналысады.

БЮДЖЕТТІК МЕКЕМЕДЕГІ ЖИЫРМА ЖЫЛ

– Жиырма жылға жуық мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеші болып істедім. Өзің білесің, бюджеттік мекеменің жалақысы – басыңа тартсаң
Алматыдағы «Алтын Орда» базары.
Алматыдағы «Алтын Орда» базары.
аяғыңа, аяғыңа тартсаң басыңа жетпейді. Сонан соң мамандықты ауыстыруға тура келді, – дейді шебер.

Гүлім жаңа кәсіпті қалай меңгергенін де айтып берді.

– Алматыда осындай курс ашылатынын хабарландыру арқылы естіп, оларға хабарластым. «Біз жаңадан адам жинап жатырмыз, жазылып қойыңыз» деді. Арада бес ай өткенде он адамға әрең толды. Тоғыз ер адам және бір әйел – үш айлық курсты аяқтадық, – дейді Гүлім.

Оның айтуынша, Алматы да ғана емес, күллі Қазақстанда телефон жөндейтін шебер әйел өте сирек.

– Енді телефонның сыртқы корпусын ауыстыратын қыздар бар. Бірақ мен сияқты түгел шашып тастап, қайта жинайтындар жоқ, – дейді Гүлім Әбілқасымова мақтанышпен.

Гүлімнің бұл кәсіппен шұғылданғанына алты жыл болыпты.

«ТАБЫС ТАБУ ОҢАЙ ЕМЕС»

Оның сөзінше, базарда өзі сияқты телефон жөндейтін бірнеше бәсекелесі бар.

– Шығынды толық өтеу үшін күніне кемінде бес мың теңге табуым керек. Өкінішке қарай, ондай ақшаны ылғи таба бермейсің. Қазір бәсекелестер көбейіп кетті ғой. Тіпті, әрбір бутик сайын бір-бір телефон жөндеуші бар десем өтірік емес. Бірақ олардың барлығы – әуесқойлар. Алайда олармен бәсекелесуге мәжбүрсің. Осыдан алты жыл бұрын мен алғаш бұл кәсіпті қолға алғанда осы базарда үш шебер ғана болғанбыз. Ол
Гүлім Әбілқасымоваға берілген сертификат. Алматы, 2 қараша 2011 ж.
Гүлім Әбілқасымоваға берілген сертификат. Алматы, 2 қараша 2011 ж.
кезде табыс та жаман емес еді. Енді пайдасы да шамалы болып бара жатыр, – дейді телефон жөндеуші шебер әйел.

Оның айтуынша, қызмет бағасы телефондардың түріне қарай әртүрлі болады.

– Мәселен, арзанқол телефондарды бес жүз теңгеге жасап берсек, қымбаттарының жөндеу бағасы бес мың теңгеге дейін барады. Бірақ мен микросхемаларға көп бара бермеймін. Өйткені ол – өте күрделі жұмыс. Оның үш айдан кейін қайта бұзылмауына кепілдік жоқ, – дейді Гүлім.

Оның шағын шеберханасы базардың шет жағында тұрған контейнердің ішінде орналасқан.

– Міне, мынау - біздің жұмыс орнымыз. Осы жерді екі адам бірігіп жалға алып отырмыз. Әйтпесе, бір өзімнің шамам келмейді – өте қымбат.

Гүлімнің айтуынша, осы жердің жалдау құны - айына елу мың теңге екен.

– Мәселен, мен бутиктің ішінде отырамын. Сондықтан электрге шыққан шығын менің мойнымда. Көріп тұрсың, терезе жоқ. Күндікке жарықты қосып қоямын. Сонда бас-аяғы 30 мыңды төлеймін. Сырттағы апа жиырма бес мың теңге береді, – дейді ол өзі отырған контейнердің кіре берісіне көр-жер бұйымдарын жайып қойып саудалап отырған, жас шамасы алпысты алқымдап қалған әйелді көрсетіп.

Базар ішіндегі кейбір контейнерлер ғана болмаса, көпшілігі - осы кейіпте. Кіре берісіне киім-кешек немесе құрылысқа қажетті құрал-саймандарды жайып қойған. Ал іш жағында шаштараз, дәріхана орналасқан. Тіпті кейбірі асханаға да айналдырып жіберіпті.

ОТБАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ АСЫРАУШЫ

Гүлім кішкентай ұлы Мирасты жанына ертіп алыпты. Ол күні бойы анасының қасында жүреді екен.

– Үш балам бар. Үлкені жұмыс іздеп Ресейге кеткен еді, бірақ әлі орналаса алмапты. Екіншісі осы Алматыда, колледжде оқиды. Оның оқуына
Гүлім Әбілқасымова телефон жөндейтін шеберханасында отыр. Алматы, 2 қараша 2011 ж.
Гүлім Әбілқасымова телефон жөндейтін шеберханасында отыр. Алматы, 2 қараша 2011 ж.
жылына 60 мың теңге төлеймін. Үшіншісі – осы кенжем. Жақында үшке толады. Әзірге балабақшаға барған жоқпыз. Бірақ үміттеніп отырмыз, – дейді шебер әйел.

Ол «Алтын орда» базарына жақын маңдағы жер үйлердің бірін жалдап тұрады екен.

– Бір бөлмелі пәтерге айына жиырма мың теңге төлеймін. Ыстық суы мен суық суы болмаса да, әйтеуір жылу жүйесі тартылған. От жақпайсың дегенім ғой. Газ тартылған, – дейді ол күліп.

«Кішкентай Мирастың әкесі қайда?» деп сұрап едік:

– Қазір «Қайда?» деп сұрауға болады, бірақ «Неге?» деп сұрауға болмайды. Ол осында жүр. Бөлек тұрамыз. Сондықтан біздей әйелдер бұрынғыдай «ер азаматтар асырайды» деп қол қусырып отыра бермей, тірліктің қамы үшін барлығын да үйренуге тура келеді. Қазір мамандық талғап-таңдауға мүмкіндік жоқ, – деп жауап берді телефон жөндеуші шебер.
XS
SM
MD
LG