Accessibility links

«Халал» шұжықтардан дау шықты


"Халал" өнімдері көрмесіне қойылған шұжықтар. Алматы, 2 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
"Халал" өнімдері көрмесіне қойылған шұжықтар. Алматы, 2 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі «халал» деп сипатталған кейбір шұжықтардан шошқа еті табылғанын мәлімдеді. Ал шұжық жасаған кәсіпорын ол айыппен келіспейді.

Алматы тұрғыны Бағлан Әбутәліпұлы жақында «халал шұжықтардан шошқа еті табылғанын» естіп, шұжық жеуден мүлде бас тартқанын айтады.

- Шұжықтан шошқа еті табылса, оның несі халал? Намаз оқитын адамдар шұжықты халал болғаны үшін ғана жейді. Шұжықтардан шошқа еті табылса, онда ол компанияларды сотқа беруге болады, - дейді Бағлан Әбутәліпұлы.

«ХАЛАЛ» БЕЛГІСІ ЕШТЕҢЕ БІЛДІРМЕЙДІ»

Қазақстан тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі «халал» деп сипатталған кейбір шұжықтардан шошқа еті табылғанын осы аптада хабарлаған еді. Агенттік ақпаратына қарағанда, шошқа еті бірнеше өнімнен («Мұсылмандық» қысқа шұжығы, «Сиыр еті» қысқа шұжығы, «Халал» жартылай сүрленген сиыр еті шұжықтары, т.б.) шыққан. Агенттік «өндірушілер ол шұжықтарды халал өнімдер деп атап, тауар құрамын дұрыс көрсетпей, Кеден Одағының техникалық регламентін бұзды» дейді.

Азаттық тілшісі тұтынушылар құқығын қорғау агенттігіне хабарласып, «халал шұжықтарынан шошқа еті табылған» екі компанияның Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында және Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында орналасқанын анықтады.

Халал өнімдер көрмесіне қойылған шұжықтар. Алматы, 2 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Халал өнімдер көрмесіне қойылған шұжықтар. Алматы, 2 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Агенттіктің техникалық регламент талаптарын сақтауды бақылау департаменті басшысы Нұрқан Сәдуақасовтың сөзінше, бұл компанияларға ешқандай шара қолданылмайды. Агенттік бұған дейін ол компаниялармен хат алмасып, мәселенің мәнісін анықтауға тырысқан.

- Кәсіпорындардың бірі шошқа етінің қалай шұжыққа түскенін түсіндірді. Өндірушінің айтуынша, ет турағыш біреу ғана - әуелі шошқа еті туралады, сосын халал етті өткізген кезде қалдығы қосылған. Енді олар халал еттен бастап турауға уәде етіп отыр, - дейді Нұрқан Сәдуақасов.

Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі өкілі «шошқа етінің адам денсаулығына қаупі жоқ екенін, гәп - өндірушілердің тұтынушыларды алдағанында екенін» айтады.

- Біз осыны хабарладық. Яғни «Халал» белгісі ештеңе білдірмейді. Ол - сауданы жақсартудың амалы ғана. Бірақ «Халал индустриясы қауымдастығы» мұнымен келіспей отыр, - дейді Нұрқан Сәдуақасов.

Азаттық тілшісі Оңтүстік Қазақстан облысындағы «шұжығынан шошқа еті табылды» деп сипатталған компанияға хабарласқан еді. Кәсіпорын директоры Нұрмахан Әбдібаевтың айтуынша, «Халал» шарты бұзылғаны туралы ақпарат - қате».

- Күдік болса, тексеріңіздер. Шымкентте «Халал» комитеті бар. Лабораторияға апарыңыздар. Шұжықтың барлық түрін көрсетейік, - дейді ол.

Оралдағы шұжық өндіруші компанияға хабарласу мүмкін болмады.

«ХАЛАЛ» АТАУЫ ЖӘНЕ САУДА

«Қазақстан халал индустриясы қауымдастығының» төрағасы Марат Сәрсенбаев тұтынушылар құқығын қорғау агенттігі айтқан екі компанияның біреуіне ғана «Халал» сертификаты берілгенін мәлімдеді.

«Қазақстан халал индустриясы қауымдастығы» төрағасы Марат Сәрсенбаев.
«Қазақстан халал индустриясы қауымдастығы» төрағасы Марат Сәрсенбаев.

- Қазығұрт ауданындағы компания өнімдерінің 100 пайыз халал екенін айтады. Олар өздерін айыптаған агенттікті сотқа береміз дейді. Өнімдерін тексеруге жіберді. Ал Оралдағы компанияның консервіленген ет өндіруге ғана рұқсаты бар. Бұған дейін бірде-бір «Халал» өнімін шығармаған. Бірақ олар кейбір өнімдеріне «Мұсылмандық» деген сөзді жапсырады, - дейді Марат Сәрсенбаев.

Оның айтуынша, қазір шұжық шығаратын көптеген компаниялар өнімдеріне «Мұсылмандық» деген сөзді тауар атауы ретінде жапсыра береді. Олардың бәрін бақылауға «Халал индустриясы қауымдастығының» мүмкіндігі жоғын, «Халал» сертификатын алған компаниялардың атын пайдаланатын «жалған өндірушілер» де бар екенін айтқан Марат Сәрсенбаев: «Халал» өнімдері жөнінде арнайы заң қабылданса ғана талап бұзғандарды жазалауға болады» деп болжайды.

Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің ақпараты бойынша, «Халал» өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі регламентін анықтайтын заң жоқ. Пісірілген «Халал» шұжығының «СТ 1353-2005» ұлттық стандарты ғана бекітілген. Оның өзін сақтау заңмен талап етілмейді, өнімді сертификаттау да міндеттелмеген. Сондықтан арнайы органдар «Халал» өнімдерінің адам өміріне қауіпсіздігін ғана тексереді.

Астанада өткен Kazakhstan International Halal Expo көрмесіне қойылған шұжықтар. 2010 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)
Астанада өткен Kazakhstan International Halal Expo көрмесіне қойылған шұжықтар. 2010 жылдың қазаны. (Көрнекі сурет)

Ал «Халал» өнімдерінің шариғат ережелері бойынша өндірілуін «Қазақстанның халал индустриясы қауымдастығы» бақылайды. Арнайы заң болмағандықтан, қауымдастық беретін «Халал» сертификаттарының заңдық күші жоқ. Қауымдастық мәліметіне қарағанда, олар бүгінге дейін 600-ден астам өндірушіге сертификат берген. Оларды қауымдастық жыл сайын тексеріп отырады.

«Халал» өнімдерінің халықаралық стандарттарының талаптары бойынша, өнімдегі қоспалардың барлығында алкоголь, ГМО, шошқаның барлық компоненттері, «Халал» талаптарына сай емес түрде өлтірілген жануар еті, жыртқыш аң мен құс еті, улы заттар болмауы тиіс.

Шошқа желатині де халал стандарттары бойынша тыйым салынған затқа жатады. Егер құрамында улы және адамға зиян қоспалары болмаса, азық-түлік өніміне синтетикалық және химиялық қоспалар қосуға рұқсат етілген.

XS
SM
MD
LG