Accessibility links

Атырауда хиджаб мәселесі тағы бір мәрте қызу талқыланды


Атырау мемлекеттік университетіндегі хилжап киген қыздар жиынға қатысып отыр. Атырау, 10 наурыз 2011 жыл
Атырау мемлекеттік университетіндегі хилжап киген қыздар жиынға қатысып отыр. Атырау, 10 наурыз 2011 жыл

Сайлау алдында Қазақстанның әр аймағынан жиналған бір топ дін өкілдері атыраулық студенттерге «дәстүрлі дін» мен ұлттық қауіпсіздік туралы үгіт-насихат айтты. Имамдар елдегі татулық пен бірлік «елбасының көреген саясаты» арқасында орныққанын ескертуді де ұмытпады.


Мәдениет министрлігінің діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі басқарма сарапшысы Асылхан Нұрмағамбетовтың айтуынша Қазақстан республикасы президент әкімшілігі берген арнайы тапсырма бойынша осындай үгіт-насихат тобы құрылып, олар елдің әр аймағына жіберілген.

- Соның ішінде Атырау облысы да бар. Дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттап және теріс пиғылды діни ағымдардың белсенділігін азайту мақсатында келіп отырмыз, - деп мәлімдеді ол.

- Соңғы кезде Атырау облысында хиджаб киген қыздарға да, намаз оқыған ер-азаматтарға да құқық қорғау органдары тарапынан «уахаббшылар, салафтар» деген күдік айтылып, кейбірі жауапқа да тартылып, сотталып та жатыр. Діни бірлесіктермен жұмыс жөніндегі сарапшы ретінде осындай бірлестіктердің Қазақстанда барлығы жайлы ақпарат бере аласыз ба? Бар болса ол еліміздің қай түкіпірінде, қалай көрініс тапқан? – деген Азаттық тілшісінің сауалына ол:

Асылхан Нұрмағамбетов, Мәдениет министрлігінің діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі басқарма сарапшысы. Атырау, 10 наурыз 2011 жыл


- Уаххабизм мәдениет министрілігінде діни бірлестік ретінде еш жерде тіркелмеген. Бірақ сырттан келіп жатқан теріс пиғылды ағымдар бар. Сол ағымдарды ұстанатын кісілерді тек бізде ғана емес, басқа мемлекеттерде де "уаххабшылар", "салафтар" деп атап кеткен. Дегенмен ол Қазақстанда мынадай жерде бар, олармен қалай күресеміз деген сауалға жауап айта алмаймын. Өйткені олардың бізде нақты жүргені жайлы тіркелмеген, - деп қысқа қайырды.

«МӘСЕЛЕНІ ДІН ӨКІЛДЕРІМЕН АҚЫЛДАСЫП ШЕШУ КЕРЕК»

Кездесу барысында сөз алған Алматы қаласының бас имамы Мәди Ахметов соңғы уақытта дінді дұрыс түсінбеудің көп кездесіп отырғанын тілге тиек етті. Оның ойынша Қазақстандағы оқу орындарындағы көптеген жастар орамал тағып, намаз оқып, шариғат шеңберінде өмір сүруге тырысықанымен парыз бен шынайы тақуалықты айыра алмай келеді.

- Қазір оқу орындарында сақал қою, хиджаб кию мәселесі көтеріліп жүр. Ислами үлгіде киіну деген сөз Құран Кәрімде айтылғандай өздігінен көрініп отырған әдемі, зейнет жерлерді жабу. Бірақ тұмшаланып, бетімізді жауып, біреу сөйлегенде төмен қарап, құрбыларымыздан, қоғамнан бөліну шынайылық емес, - деген имам Атырау мемлекеттік университеті және басқа оқу орындары қызметкерлеріне дін мәселесіне қатысты сауалды дін өкілдерімен ақылдасып шешуді ұсынды.

Алматы қаласының бас имамы Мәди Ахметов. Атырау, 10 наурыз 2011 жыл


- Бізге заң жөнінде нұсқаулар келіп жатса біз заңгерлермен бірігіп шешеміз. Сол секілді дін жөнінде нұсақауларды діни өкілдермен біріге шешкендеріңіз дұрыс, - деді Алматы қаласының бас имамы.

«ХИДЖАБҚА ТЫЙЫМ САЛУҒА ДА, ТАҒУҒА ДА БОЛМАЙДЫ»

Бұдан әрі әңгіме хиджаб киген студент қыздардың сұрағының төңірегінде жалғасты.

- Ұстаздарымыздың университеттің ішкі тәрітібі бойынша орамал тағуға болмайды дегені бізді алаңдатып отыр. Бірақ ол ішкі тәртіпте хиджаб туралы айтылмаған. Олай болса бізге ол туралы жазбаша неге берілмейді? Болмаса оқуға түсерде неге ескертілмейді? - деген сауал қойды орамал таққан қыздардың бірі.

Бұл сауалға жауап берген АМУ-дің бірінші проректоры профессор Серік Кеңесбаев оқу орнының ережесін көлденең тартты.

- Әр жоғары оқу орнының өз ішкі тәртіп ережесі бар. Ол ғылыми кеңесте бекітіледі. Студенттер жоғары оқу орындарында, жатақханада қалай болуы керек, соның бәрінің тәртібі бар. Бетін тұмшалап, орамал тағып келмесін деген тәртібіміз бар, сіз - осы университет студентісіз, орындауға міндеттесіз, - деп шорт кесті Серік Кеңесбаев.

Атырау мемлекеттік университетінде өткен ұлттық қауіпсіздік туралы жиынға қатысушылар. Атырау, 10 наурыз 2011 жыл


Ал тәрбие жөніндегі проректор Баянсұлу Құдысқызының сөзіне сүйенсек, егер бүгін хиджабқа рұқсат берілсе, ертең кришнаит, буддистер де өз киімдерімен қаптап кетуі мүмкін. Дін тек киіммен өлшенбейді, мұсылман болғысы келсе отырған жерін, қойылған талапты құрметтеуі керек деп санайды ол.

Алайда мұғалімдердің мұндай кесімді жауабы діни басқарма өкілдеріне ұнамады. Конситуцияға сілтеме жасаған Мәди Ахметов әркімнің діни наным-сенімге қатысты хақы барлығын еске салды.

- Ислам дінінде істеуге тиісті дүние бар. Соның бірі әйел адамға орамал тағып, ислами үлгіде киініп жүру. Алматыдағы әл-Фараби атындағы университет біздің дін туралы сауатты әңгіме жүргізуімізге қарсылық білдіріп, «біз зайырлы мемлекетпіз» дегенді айтатын. Енді келіп көп оқу орындары көмек сұрап жатыр. Осылайша жастардың басқа ағымдарға кетуіне өздері мұрындық болып отыр, - деді ол.

Атырау мемлекеттік университетіндегі хиджаб киген студент қыздарды оқу орнына кіруге тыйым салған жайттар туралы Азаттық радиосы бұған дейін де жазған еді. Осы мәселені тағы еске салған Азаттық тілшісі жиынның модераторы болып отырған университет проекторы Серік Кеңесбаевқа «орамал таққан қыздарға қатысты талаптың ары қарай жалғасуы мүмкін бе?» деген сауал жолдаған еді.

- Біз бірде-бір студентті орамал таққаны үшін оқудан шығарған емеспіз. Бірақ ішкі тәртіп ережеміздің орындалуын талап ете береміз, - деп жауап берді проректор.

Ақтөбе орталық мешітінің наиб имамы Сансызбай Шоқанов Атырау қ., 10 наурыз 2011 жыл


Азаттық тілшісі сайтымызда жарияланған мұсылмандық үлгідегі киімі үшін оқудан шығарылған тағы бір Атырау агро-техникалық колледжінің студенті Бибінұр Өмірзақованың тағдыры туралы осы оқу орнының өкілінен сұраған еді.

Алайда хиджаб киген қыздың сабақтан киімі үшін емес, оқу үлгерімі үшін шығып қалғанын мәлімдеген колледж өкілі Азаттық тілшісін мәселені бір жақты жазасың деп кінәлады.

Дегенмен Бибінұр Өмірзақова өзінің Азаттыққа берген сұқбатында сабағынан қалмайтынын, жақсы оқитынын, тек басындағы орамалы үшін құқай көріп отырғанын айтып, шағымданған болатын.

Осылайша екі сағаттан астам уақытқа созылған тәжікелесу нәтижесіз аяқталды. Діни басқарма өкілдері «ислами үлгіде киінуге тиым салуға құқыларыңыз жоқ» десе, ұстаздар қауымы «мекеменің ішкі ережесіне сай тыйым саламыз» десті. Ал мәдениет министрлігінің дін комитеті өкілі Асылхан Нұрмағамбетов ешбір мәселе бойынша жақ ашып пікір білдермеді.

«ХИДЖАБТЫ БІРЕУ КҮШТЕП ШЕШКІЗСЕ, ЖАЗАСЫН АЛЛА БЕРСІН»

Жиынға қатысқан Нұр-Мүбәрәк университетінің мұғалімі, теология ғылымдарының докторы Мұхаммад Махфуз ислам ілімінің маңызы жайлы дәріс оқыды.

Теологпен арнайы сұхбаттасқан Азаттық тілшісі бірнеше сауал қойған еді.

- Мұхаммад мырза, Египеттегі жағдайдан соң университет атауының өзгеруі мүмкін бе? Өйткені Орталық Азиядағы адам құқы және Қазақстан мұсылман одағы басшысы Мұрат Телібеков ендігі мұндай ұсынысты білім министрлігіне жасап та үлгерді.

- Бұл өте маңызды мәселе емес. Нұр-Мүбәрәк - тарихи ерекше бір мәселелерде қалыптасқан египеттік мәдени университет. Егер атауын өзгерту керек боса өзгерте саламыз, онда тұрған ештеңе жоқ.

- Египеттік ретінде ондағы болып жатқан қоғамдағы ахуалдарға қалай баға бересіз?

- Египетте болған уақиғаларға қатысқан жастардың бір ісіне разымын. Олар ешкімнің қанын төкпей өз райларын бейбіт жолмен көрсетті. Исламда әркімнің өз райын еркін білдіруге хақы бар ғой.

Мұхаммад Махфуз, Нұр-Мүбәрәк университетінің мұғалімі, теология ғылымдарының докторы Атырау университетіндегі басқосуда. 10 наурыз 2011 жыл.


- Қазақстанда алты жылдан астам уақыт тұратыныңызды айтып отырсыз, Мұхаммад мырза. Олай болса бізің еліміздегі "салафтар", "уахабшылар" деп құқық қорғау органдары тарапынан қудаланып, тіпті отанынан кетуге мәжбүр болған қазақстандық діндарлардың тағдыры туралы да естіген боларсыз?

- Ондай адамдар жайлы хабарым жоқ. Салафи деген атау тағылған адамдар болса, оларды міндетті түрде шақырып, пікріталас ұйымдастыру керек. Бірақ оларға қандай да бір күш көрсету дұрыс жол емес. Әрине, кейбір құқық қорғау органдары, мысалы ұлттық қауіпсіздік комитетінің араласуы дұрыс, бірақ тек теріс пиғылдарын анықтау мақсатында ғана. Алайда қандай да бір күш көрсету арқылы шешу дұрыс емес. Өйткені оларға бір жерден қатаң тыйым салынып жатса, ол екінші бір жерден басқаша көрініс табуы мүмкін. Сондықтан мұндай мәселені ақылдасу түрінде шешу керек.

- Білім министрлігі соңғы сөзін айтқанмен атыраулық оқу орындары ішкі тәртіпті көлденең тартып, қыздардың ислами киім үлгісіне қарсылықтарынан бас тартпай отыр? Теолог ғалым ретінде осы қаншалықты дұрыс деп санайсыз?

- Хиджаб тартуда ешқандай күштеу заңы жоқ, егер әйел тартқысы келсе тартады, тартқысы келмесе еркі біледі. Жазасын Алла алдында, ақиретте өзі тартады.

Университетте оны біреу күштеп шешкісі келсе, оның жазасын және Алла береді. Қыздың ол жерде кінәсі жоқ. Ниқабқа қатысты айтарым, университетке кім келіп тұрғанын білу үшін оны шешу керек. Египеттегі университте қыздардың 80 пайызы хиджаб тартады. Бірақ олардың хиджаб арқылы университетке залал әкеліп жатқан дәнеңесі жоқ. Сондықтан оларды бір ерекше проблема қылу қажет емес.

XS
SM
MD
LG