Accessibility links

Қазақстан Сочиде 10 спорт түрінен жарысады


Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин Ванкувер олимпиадасында (Канада).
Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин Ванкувер олимпиадасында (Канада).

Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан туын ұстайтын спортшы белгілі болды. Бұл елден әзірше 38 спортшы олимпиадаға жолдама алды.

Ақпанның 7-сі күні өтетін Сочи (Ресей) олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туын шаңғышы Ердос Ахмадиев ұстап шығады. Ахмадиев Қазақстан шаңғы құрамасы сапында Азия ойындарына және әлем кубоктары кезеңіне қатысқан. Сочи ойындары оның спорттық карьерасындағы алғашқы олимпиада болмақ.

Сочиге Қазақстаннан баратын 38 атлет спорттың 10 түрінен жүлдеге таласады. Халықаралық қысқы спорт федерациясының мәліметіне сәйкес Қазақстан шаңғымен жарысудан – сегіз, шаңғымен секіруден – бір, конькимен жүгіруден – 11, шана спортынан – екі, сноубордтан бір лицензия алды. Шорт-трек пен тау шаңғысынан іріктеу жарыстары әлі аяқталған жоқ.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
Қазір бірнеше спорт түрінен олимпиадаға кімдер баратыны белгілі. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев, фристайлдан Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд және Жібек Арапбаева қатысады. Бұлардың барлығы - Сочи медалінен үміткер.

Биатлоннан Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева, 2012 жылы қыста Австрияда өткен жасөспірімдер олимпиадасының күміс жүлдегері Галина Вишневская және Дарья Усанова, Марина Лебедева мен Алина Райкова да Сочиге аттанады. Ал ерлер арасындағы биатлон жарысына Ян Савицкий, Антон Пантов, Сергей Наумик, Диас Кенешев, Александр Трифонов қатысады.

Қазақстан спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің дерегі бойынша Сочи олимпиадасына қатысатын спортшылардың толық тізімі қаңтардың 20-сы күні жарияланады.

Қазақстаннан Сочи олимпиадасына 30 спорт ардагері, 35 жас спортшы, 40 журналист, бірнеше дәрігер барады.

2010 жылы Ванкуверде (Канада) өткен қысқы олимпиадада Елена Хрусталеваның жалғыз күміс медалімен жалпы есепте 25-орын иеленген Қазақстан Сочиде жақсы нәтижеге жетуден үмітті.

Ал Infostrada сараптама орталығының жобалауынша, «Қазақстан Сочиде бір алтын, бір қола медальмен жалпы есепте 21-орын алады». Infostrada «алтынды шаңғышы Алексей Полторанин жекелей жарыста иеленеді, қола жүлдені Алексей Полторанин мен Николай Чебатько командалық жарыста алуы мүмкін» деп болжайды.
XS
SM
MD
LG