Accessibility links

Қазақстанда Африка мен Америка футболшылары көбейді


Өскемендегі "Восток" футбол командасының ойыншылары. (Сурет команданың баспасөз бөлімінен алынды).
Өскемендегі "Восток" футбол командасының ойыншылары. (Сурет команданың баспасөз бөлімінен алынды).

Наурыз айының басында Қазақстанда кезекті футбол маусымы басталады. Биылғы Қазақстан чемпионатында Африка, Оңтүстік Америка елдерінен келген футболшылар да ойнайды.

Гамбиядан (Солтүстік Африка – ред.) келген футболшы Эбрима Сохна биыл Қазақстан біріншілігінде ойнайды. Ол Өскеменнің «Восток» командасымен бір жылға келісім-шарт жасасты.

"Гамбияның Серекунда қаласында туғанмын. Сегіз жасымнан футбол ойнаймын. Өз елімнің жастар және ұлттық құрамасында ойнадым. Норвегия, Финляндияның клубтарында ойнадым. Агентім қазақстандық командалардан ұсыныс түскенін айтқанда бірден келістім. Әлемде Қазақстан деген ел бар екенін мектепте естігенмін. Бұл елде халықтың көбі мұсылман дінін ұстанатынын білемін. Мен өзім мұсылманмын" деді футболшы Азаттық тілшісіне берген жазбаша жауабында.

ЖАҢА ЛЕГИОНЕРЛЕР

Гамбиядан келген тағы бір футболшысы Момоду Сиссей Алматының «Қайрат» командасымен келісім-шартқа қол қойды. Ол Бельгия, Словакия, Швейцария чемпионаттарында ойнаған. Сиссей «Жилина» клубының сапында Словакия чемпионы атаныпты. Бұл футболшы 2005 жылы Гамбия құрамасының сапында Африканың жасөспірімдер арасындағы чемпионатын ұтып алған, өз елінің ұлттық құрамасында алты ойынға қатысқан.

2012 жылы Өскеменнің «Восток» командасы Гайана (Оңтүстік Америка – ред.) құрамасының ойыншысы Уолтер Мурды өз құрамына алды. Мур өз елінің ұлттық құрамасының сапында 80-нен астам ойын өткізген.

Шығыс Қазақстандық команда биыл Сальвадор (Орталық Америка – ред.) құрамасының капитаны Альфредо Санчез Паредеспен де келісімге қол қойды. Ол Сальвадор құрамасында 74 ойын өткізіп, екі гол салған. АҚШ елінің чемпионатында ойнаған.

Ал Перу (Оңтүстік Америка – ред.) құрамасының ойыншысы Хесус Рабаналь
Қазақстанға Перуден келген футболшы Хесус Рабаналь. (Сурет ФИФА сайтынан алынды).
Қазақстанға Перуден келген футболшы Хесус Рабаналь. (Сурет ФИФА сайтынан алынды).
алматылық «Қайрат» командасында үш жыл ойнайтын болды. Өз еліндегі «Университиадо» және «Арена Лима» командаларында ойнаған. Перу ұлттық құрамасында жеті ойын өткізген.

Эфиопия (Шығыс Африка – ред.) құрамасының сапында Африка чемпионатына қатысқан Сольно есімді футболшы биылғы маусымда Қостанайдың «Тобыл» командасында ойнайды. 28 жастағы футболшы өз елінің ұлттық құрамасында жеті ойын өткізген.

«БҰЛ – СТАДИОНҒА ЖАНКҮЙЕР ЖИНАУ САЯСАТЫ»

Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) арнайы қабылдаған ережесі бойынша әр команданың жеті легионер футболшы алуына болады. ҚФФ командалардың ойыншылар алу, легионерлер шақыру саясатына араласпайды.

Спорт журналисі Дастан Кенжалиннің айтуынша, шетелдік легионерлер
Қазақстан футболын дамытпайды.

- Соңғы кезде Қазақстанға Сербия, Хорватия, Босниядан көп футболшы келді. Бірақ бәрі - ортаңқол ойыншылар. Ал биыл келген Сальвадор, Перу, Гамбия футболшылары да мықты емес. Бұл - Қазақстан чемпионатының деңгейін көтеру үшін, стадионға көрермен жинау үшін жасалып жатқан шаруа болуы мүмкін. Бірақ бұл саясаттан ештеңе шыға қоймайды. Халық өзіне таныс емес елдің футболшыларын көру үшін стадионға жиналмайды. Оның орнына жанкүйерге есімі таныс легионерлерді шақырған дұрыс, - дейді спорт шолушысы.
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. (Сурет Қазақстан футбол федерациясы ресми сайтынан алынды).
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. (Сурет Қазақстан футбол федерациясы ресми сайтынан алынды).

Ал ардагер футболшы Құралбек Ордабаев:

- 2012 жылы Қазақстанға Сербия, Македониядан футболшылар көп келген. Енді биыл Африка, Америка елдерінен келіп жатыр. Бұл - Қазақстан футбол федерациясымен жұмыс істейтін агенттердің ісі. Эфиопия, Сальвадордан келген футболшылардың мақтауын асырып, өз елдерінің көшбасшысы деп жарнама жасап жатырмыз. Бұл жарнаманың қаншалықты рас екенін биылғы чемпионатта көреміз. Бірақ Қазақстан чемпионатына келген шетелдік футболшылар алғашқы үш айда жақсы ойнайды да, кейін қазақстандық футболшылардың деңгейіне түсіп кетеді. Қазақстан чемпионатында дамитын орта жоқ. Сондықтан алыс шетелден келіп жатқан футболшылар біріншілікті дамытады дегенге сенбеймін, - дейді.

«ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ГЕОГРАФИЯСЫ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ»

Ал ҚФФ арнайы лицензиясын алған футбол агенті, менеджер Талғат Жантеміров Қазақстанға легионерлердің көптеп келуі қалыпты жағдай деп бағалады.

- Бізге әр команда ұсыныс жібереді. Ол жерде футболшының бағасы, жасы, елі көрсетіледі. Біз сол ұсыныс бойынша футболшы іздейміз. Осы ұсыныстарды жинап алып, әлемдегі өзіміз байланысатын шетелдік агенттерге шығамыз. Олар бір айдың ішінде кандидаттар тізімін жібереді. Біз оны клубтарға жібереміз. Клуб басшылығы біз ұсынған кандидаттарды қарап, өз таңдауларын жасайды. Кейде клуб басшыларының өздері агенттерге тікелей шығады. Бұрын қазақстандық клубтар агенттер ұсынған ойыншыларды ала беретін. Қазір командалар да талаптарын күшейтті. Биыл өз елдерінің құрамасында ойнайтын футболшылар келіп жатыр. Бұл командалардағы деңгейдің өскенін көрсетеді , - дейді футбол агенті.

Менеджер маманның айтуынша, Қазақстандағы барлық клубтарда легионер бар.
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. (Сурет Қазақстан футбол федерациясы ресми сайтынан алынды).
2012 жылғы Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. (Сурет Қазақстан футбол федерациясы ресми сайтынан алынды).

- Қазақстанда мықты және ортақол командалардың бәрінде легионер бар. Жоқ дегенде легионерлер Ресей, Украинадан келеді. Легионерлер клубтың мақсатын орындауға көп көмегін тигізеді. Шетелден футболшы шақыру процесі – футболдың бір бөлшегі. Сондықтан Қазақстанға легионерлердің көптеп келуі қалыпты жағдай. Былтыр Сербия, Македония футболшыларының Қазақстанға көп келуі - біздің агенттердің осы елдің агенттерімен жақсы қарым-қатынаста жұмыс істеуінің нәтижесі. Биыл біз бүкіл әлем елдеріне шықтық. Қазір Қазақстан агенттері Швеция, Испания, Финляндия, Словакия агенттерімен жиі жұмыс істей бастады, - дейді Талғат Жантеміров.

Сұхбаттасымыз алдағы уақытта Қазақстанда Катар, Ботсвана, Мали, Сенегал футболшылары келуі мүмкін екенін айтты.

Ал футбол жанкүйері Аспендияр Қайратовтың пайымдауынша, Қазақстан футболының географиясы жыл сайын кеңейіп келеді.

- Чемпионатқа қатысатын әр команданың құрамында бес шетелдік ойыншы болуы керек. Клубтар осы ережені сақтаса болды. Жыл сайын біз білмейтін елдерден футболшылардың келуі чемпионатты қызықты ете түседі, - дейді футбол фанаты.

2012 жылы Қазақстан чемпионатында ойнау үшін Менсур Куртиши (Македония), Мато Шимунович (Австрия) Стюарт Дафф (Шотландия), Фокси Кетевоама (Орталық Африка республикасы), Рохер Каньяс (Колумбия), Ханнес Сигурдссон (Исландия) Фаусто Лоренсу (Португалия) сияқты шетелдік футболшылар келді.
XS
SM
MD
LG