Accessibility links

"Наразы жұрттан әкім айқай естіді. Арнайы қызмет тек бақылап тұрды"


"Аман-саулық" қоғамдық қоры президенті, дәрігер Бақыт Түменова. 29 қараша 2016 жыл.

Облыстық ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Түменова 1990 жылдары наразы жұртпен жұмыс жүргізуде қандай тәсілдер қолданылғаны жайлы айтып берді.

Азаттық Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Тәуелсіз адамдар" жобасын жалғастырады. 1990 жылдардың басынан осы кезге шейін беделді, қоғамдық пікірдің жетекшісі болған саясаткер, музыкант, журналист, экономист, әртіс және танымал БАҚ өкілдерінен сұхбат аламыз. Жоба кейіпкерлері жаңа мемлекетте адам ретінде және маман ретінде алдына қандай мақсат қойғанын, 2016 жылы оның нәтижесі қандай болғаны туралы баяндайды.

Жобаның 20 сериясында белгілі дәрігер әрі бұрын екі облыстың ішкі саясат басқармасы басшысы болған Бақыт Түменова Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдардың проблемалары 1980-1990 жылдары қалай шешілгені, қандай медициналық аспаптар қат болғаны және аймақтарда наразы жұртты күш қолданбай, 10 күнге қамауға алмай қалай таратқандары туралы айтып берді.

"ОЛАРДЫҢ МЕДИЦИНА ЖАБДЫҚТАРЫН КӨРІП КӨҢІЛІМ ҚҰЛАЗЫДЫ"

Вячеслав Половинко: - Совет Одағы ыдырағанда қайда едіңіз және мұны қалай қабылдадыңыз?

Бақыт Түменова: - Ол кезде мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары болатынмын. Ол қызметті 1986 жылдан бері атқарып жүргем.

Вячеслав Половинко: - Сол кезде мемлекеттік қызметшілер қандай көңіл-күйде болды? Торығып, уайымға салынды ма, жоқ әлде рухтанып, қуаныш сезімінде болды ма?

Бақыт Түменова: - Түсініксіз көңіл-күйде болды. Мұның жақсы не жаман екенін онша ешкім ұқпады, біртіндеп ыдыраудың арты неге ұласатыны, ары қарай не болатыны да белгісіз еді. Негізі, [1980 жылдардың басында] елден береке қашып, бас хатшылар бірінен кейін бірі өліп жатты ғой, сөз бен іс қабыспады. Одақтағы жағдайға наразылар сол кездің өзінде болған еді. Сондықтан [СССР тарағаны] жұртты үрейлендірді мен, жоқ әлде шаттандырды ма, оны айту қиын. Сол тұста әлдебір салтанатты шара болғаны есімде. Дәстүр бойынша ондай шарада Совет одағы мен Қазақ ССР-і әнұрандары орындалатын. Ұйымдастырушылар одақ гимнін қосайық па, жоқ па деп әрі-бері ойланды. Бірақ одақтың ыдырағаны әлі ресми жарияланбаған кез болатын. Ақыры одақтың әнұранын қостық, ертеңінде бәрімізді қалалық партия комитетінің екінші хатшысы шақырды.

Вячеслав Половинко: - Яғни сөгіс алдыңыздар ма?

Бақыт Түменова: - Иә. Күн дүйсенбі - жұмыс көп болатын, мен және екі орынбасар бар - үшеуімізді бір сағат бойы ұстады. Содан ашу шақырып, "ойнатсақ, фашистік Германия емес, Совет одағының әнұранын ойнаттық қой. Сізден нұсқау болмаған соң ойнаттық. Өзіңіз қайда қарадыңыз? Идеолог, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы сіз емессіз бе? Ешқандай нұсқау бермеген өзіңізден көріңіз, ал негізі, біздің саясатта мүлде шаруамыз жоқ" дедім.

Не болып жатқаны дәрігер бізге ғана емес, өзгелерге де түсініксіз болғанын осыдан-ақ көруге болады. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істеген кезде жұрт бізге шенеунік ретінде емес, дәрігер деп қарайтын. Мен де өзімді дәрігер сезінетінмін.

Вячеслав Половинко: - 1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың басында өзге проблемаларға қоса, халық тұтынатын тауарлар да мүлде тапшы болды ғой. Ал медицинада дәрі-дәрмек, шприцтер тапшылығы сезілді ме?

Мені бас дәрігер етіп тағайындаған бетте емдеуді шұғыл бастауға қажет әлгі тапшы препараттарды қорапшаға салдырып, кезекші дәрігердің кабинетіне қойдырдым.

Бақыт Түменова: - 1986 жылға дейін мен бас дәрігер болып жұмыс істедім. Дәрі-дәрмекке қатты тапшылық болды деп айта алмаймын. Негізі, тиісті дәрі-дәрмектің бәрі болды. Ол кезде науқасқа "сатып әкеліңіз" демейтінбіз. Ал бір жағынан, науқасты емдеудің әр дәрігер өзі белгілеп алған бейресми стандарттары болды. Шұғыл емдеу шараларын жүргізуге қажет кей препараттар жетіспеді. Біздің ауруханада үш үлкен бөлім мен алты бөлімше болды. Әр бөлімнің аға медбикесі тапшы препараттарды өзінде сақтайтын, бірақ олар түнде отырмайтын. Ауыр халдегі науқастар түскен кезде оларға шұғыл көмек көрсетілмей қалатын, өйткені әлгі препараттар тұрған бөлмені жауып кететін. Айтпақшы, ол кезде біздің ауруханада жан сақтау бөлімі мен қарқынды терапия палаталары болған жоқ, оған штат бөлінбейтін. Сондықтан түнде бүкіл ауруханада жалғыз кезекші дәрігер ғана қалатын. Ал мені бас дәрігер етіп тағайындаған бетте мынадай шешім қабылдадым: емдеуді шұғыл бастауға қажет әлгі тапшы препараттарды қорапшаға салдырып, кезекші дәрігердің кабинетіне қойдырдым. Әлгі қорапшаны аға медбикелер емес, аурухананың аға медбикесі бақылауында ұстап, кезекшілікке қалатын дәрігерлер бір-бірінен қабылдап отырды. Препараттарды науқас түскен бөлімнің аға медбикесі тіркеген факті бойынша есептен шығару тәртібі енгізілді. Мүмкін әлгі іс-әрекетіміз онша заңды болмаған шығар, бірақ ылғи осылай амалдайтынбыз. Сондықтан күнделікті қолданылатын дәрі-дәрмектерге болмаса да, шұғыл жағдайда қажет болатын препараттарға тапшылық болды. Ол кезде жабдықтау деңгейі, әрине, қазіргідей емес еді.

Вячеслав Половинко: - Ал советтік денсаулық сақтау жүйесі әлемдегі ең үздік деп дәріптелді ғой?

Бақыт Түменова: - Ең үздік денсаулық сақтау жүйесі деп дәріптелуінің себебі – ол кезде медицина жұрттың бәріне қол жетімді болды. Дәрігердің әлеуметтік мәртебесі жоғары болды, оларға жұрт сенетін. Коррупция болған жоқ, бүкіл бір бөлімшеге бір қорап кәмпит сыйлайтын, оны сол жерде бөліп жеп алатын. Хирургтерге бір бөтелке коньяк, перзентханадағыларға торт әкеліп беруі мүмкін. Ешкім оны пара немесе сыйлық деп санамайтын, ізгі дәстүр деп қабылдайтын. Науқастан ақша алып, оны "қалтаға басу" деген болған жоқ.

1992-1993 жылдары Дүниежүзілік біріккен әдістемелік шіркеудің шақыруымен АҚШ-қа алғаш рет бардым. Семей полигоны жабылғаннан кейін аймаққа шетелдіктер ағылды. Олармен іскерлік және достық байланыстар орнады, Стэнфордта өткен полигонды жабуға арналған конференцияға қатыстым. 1993 жылы АҚШ пен Қазақстан арасында медициналық әріптестік басталды. Америкада денсаулық сақтау одағы болды. Семейде жұмыс істеген дәрігерлер ретінде бізді бағдарламаға қосып, әлгі жобаның директоры болдым. Хьюстонда Семейден барған 200-дей дәрігер, медбикелерді оқыттық.

"Аман-саулық" қоғамдық қоры президенті, дәрігер Бақыт Түменова. Алматы, 29 қараша 2016 жыл.
"Аман-саулық" қоғамдық қоры президенті, дәрігер Бақыт Түменова. Алматы, 29 қараша 2016 жыл.

Хьюстондағы медицина орталықтарының құрал-жабдықтарын алғаш көріп, көңілім құлазыды. Бұл шетелге, оның үстіне АҚШ-қа алғаш шығуым еді. Қаншалықты мешеу қалғанымызды сонда түсіндім. Егер әлгіні өз көзіңмен көрмесең, бұған қоса біз бүкіл планетаның алдындамыз деп айтса еріксіз сенесің ғой. Мен де біздің елде әлемдегі ең үздік медицина деп ойлайтынмын. Ал шетелдің әлгіндей жетістіктерін көргенде бүкіл түсінігім өзгерді. Ол жақта шіріген капитализм деп құлағымызға құйып тастаған ғой, ал шындығында мүлде олай емес екенін көрдік.

Сол арада жұрт жалақы ала алмай, зейнетақыны кешіктіріп төлеу сияқты аласапыран басталып кетті. Тіпті карточкалық жүйені қайта енгізді. Өзге қалаларда қалай болғанын білмеймін, бірақ Семейде етті, арақты, сабынды талонмен алатынбыз. Тіпті еден жуатын шүберектің өзін бөліп беретін. Бір рет қолданылатын шприцтер 1980 жылдардың аяғында пайда болды, оларды түскен бетте бірден талап әкететін.

Вячеслав Половинко: - Ал оған дейін көп мәрте қолданылатын шприцтер болды ма?

Бақыт Түменова: - Әрине. Көп мәрте қолданылатын шприцтер болған, медбикелер олардың қанын жуып, қолмен тазартатын. Шприцтің таза екенін тексеретін арнайы сынама болған. Санэпидстанциядан адам келіп шприцке ерітінді тамызып тексеретін, егер қан қалдықтары қалса, әлгі ерітіндінің түсі көкке боялып шыға келетін. Бұл үшін бірден айыппұл салатын. Күні-түні ауыр халде жатқан науқастарға қарап шаршайтын медбикелерді шприц, инелерді қолмен тазартуға мәжбүрлейтін. Кейін орталықтандырылған стерилизациялау бөлімі ашылып, медикелер әлгі ауыртпалықтан құтылды. Стерилизациялау бөлімінде бір медбике немесе санитарка жұмыс істейтін, сол бәрін автоклавқа салып қайнататын. Бір мәрте пайдаланылатын шприцтер медбикелер үшін рахат болды. Қазіргі жас аналар үшін памперс қандай ыңғайлы болса, ол кезде бір мәрте пайдаланылатын шприцтер де медбикелердің жұмысын көп жеңілдетті. Ол кезде бір мәрте пайдаланылатын шприцтерті санап қана беретін.

Вячеслав Половинко: - Көп мәрте қолданылатын шприцке айналып кеткен жоқ па?

Бақыт Түменова: - Жоқ, әрине.

Вячеслав Половинко: - Ойлап отырсаң, көп мәрте пайдаланылатын шприцтер кезінде инфекция жұқтыру қаупі жоғарырақ сияқты. Бірақ совет заманында ондай жағдайлар туралы ештеңе естілмейтін. Ал кейін аурухана аспаптары арқылы ауру жұқтыру оқиғалары көп тіркелді ғой.

Бір кездері республикада дифтерия тарап кетті. Жоғары жақтағылар мұны жария етпеуді ұйғарды, ал біраздан кейін ауру қайта тарап, кісі өлімі болды.

Бақыт Түменова: - Ол кезде, мысалы С гепатитін дәл анықтайтын мұндай диагностика болған жоқ. Қазір диагностикалық жабдықтар әлдеқайда жақсарды ғой. Екіншіден, совет заманында "ДСП" (қызметте пайдалану үшін) деген гриф болатын, ол медицинада да болған. Инфекциялық дертке шалдыққандардың, аса қауіпті инфекцияның таралу көрсеткіштері жиналатын. Ол кезде біз Мәскеуге бағынышты болдық, сондықтан Қазақстан кей нәрселерді көрсеткісі келмеген шығар. Мұның соңы кейде ауыр зардаптарға соқтыратын. Бір кездері республикада дифтерия тарап кетті. Жоғары жақтағылар мұны жария етпеуді ұйғарды, ал біраздан кейін ауру қайта тарап, кісі өлімі болды.

Сәби өлімі, ана өлімі көрсеткіші, туберкулезге шалдыққандар өте көп болатын, қазіргімен тіпті салыстыруға да келмейді. Қазіргі медицинаны қанша сөксе де, мен қазір қазақстандық медицинаның жағдай көп ілгері деп санаймын.

"ЖАРЫЛЫС БОЛАДЫ, СЫҒАЛАМАҢДАР!"

Вячеслав Половинко: - Полигонды жапқаннан кейін шетелдіктермен байланыс орнап, сіз ядролық жарылыстардан зардап шеккен адамдармен жұмыс істейтін комиссияны басқардыңыз.

Бақыт Түменова: - 1994 жылы Ғалымжан Жақиянов Семей облысының әкімі болды. Шамамен бір жылдан кейін ол мені ядролық жарылыс зардаптарын жою үшін құрылған комитетке жұмысқа шақырды. Бірақ мен жарылыстардың адамға тигізетін зардабын зерттеумен облыстық денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істеп жүргенде – 1989 жылдан айналыса бастағанмын. Біз бөлімде және Анатолий Цыб басқарған халықаралық ведомствоаралық комиссия құрамында зерттеулер жүргіздік.

Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыс кезінде түсірілген видеодан скриншот.
Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыс кезінде түсірілген видеодан скриншот.

Вячеслав Половинко: - Әлгі зерттеулердің нәтижелері сізді шошытқан жоқ па? Әлде Семейде мұндай нәрселер қалыпты жағдай саналды ма?

Бақыт Түменова: - Негізі, жұрт бәрін білетін. Біздің аурухананың жанында әуелі жер үсті, ал кейін жер асты ядролық жарылыстары жасалған территорияда тұратын адамдардың денсаулығын зерттейтін "Бруцеллезге қарсы диспансер" деген жазумен бүркемеленген бөлімше болған. Жер үсті сынақтары болған кезде айналаның бәрі селкілдеп кететінін өзім де бала кезімде көргенмін. Бұл да тек қызметтік мақсатта пайдаланылатын ақпарат болғандықтан, дәрігерлер де онша айтпайтын.

Біз мұны біліп, облыстық денсаулық сақтау басқармасы аясында зерттеу жүргіздік. Кейін Жақиянов комитетке жұмысқа шақырды, ал алты айдан кейін оның функцияларын облыстық әкімшіліктің ішкі саясат және әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа бөліміне берді де, маған әлгі бөлімді басқаруды ұсынды.

Вячеслав Половинко: - Полигондағы сынақтарға байланысты әлдебір сұмдық дертке шалдыққан науқастар болғаны есіңізде қалған жоқ па?

Бақыт Түменова: - Нақты есімде қалмапты. Әйтеуір, бір ауданнан бүкіл денесі бөртіп кеткен 12-13 жастағы қыз баланың түскені есімде. Кейін әлгі бөртпенің түрі өзгеріп, тіпті тұтасып алды, ал кейін некрозға айналды. Әлгі баланың қан құрамы өзгеріп, ішкі органдарынан көп қан кетіп, бір жарым-екі тәулік жатып қайтыс болды. Оған қандай түпкілікті диагноз қойғанымыз есімде жоқ, бірақ оның қандай дерт екені сол күйі белгісіз болып қалды.

Вячеслав Половинко: - Бұрын полигон орналасқан территорияда немесе оған таяу жерде тұрған адамдардың ішінде қатерлі ісік дертіне шалдықтық деп айтатын адамдар көп. Бұл шынымен полигонның тікелей әсері болуы мүмкін бе?

Оларды арнайы қазылған окопқа отырғызып, "қазір үстеріңді брезентпен жауып тастаймыз, жарылыс болады, бірақ сығалап қараушы болмаңдар" деп бұйырыпты.

Бақыт Түменова: - Ондай дертке шалдыққан әр науқасты жеке алып тексеру керек. Қазір онкология барлық жерде, бүкіл елде тіпті көбейіп кетті ғой. Бірақ қатерлі ісіктің пайда болуына радиация дозасының әсерін анықтауы тиіс арнайы зерттеу институты бар. Дертке шалдыққандардың көбі радиацияны жер үстінде сынақтар жасалған кезде алғандар ғой.

1949 жылы алғашқы жер үсті сынағын өткізген кезде экспериментке қатысқан ең бірінші топта болған 30-дан аса адамның ішінен екі адаммен кездесіп, сөйлескенмін. Оларды арнайы қазылған окопқа отырғызып, "қазір үстеріңді брезентпен жауып тастаймыз, жарылыс болады, бірақ сығалап қараушы болмаңдар" деп бұйырыпты. Ал мұндай кезде адамды әуестік жеңеді емес пе, олар үстеріне жапқан брезенттің тесігін тауып алып жарылысқа қараған. Әлгі кісілер "жарылыстан кейін үстімізге сұр түсті күл-тозаң жауды" деп айтқан еді. Кейін біреулер келіп,радиация деңгейін дозиметрмен өлшеп, экспериментке қатысқан адамдарға 200 грамнан арақ, ақша беріп, үйлеріне жіберген және оқтын-оқтын медициналық тексеруден өтіп тұруға мәжбүрлеген.

Аймақтағы адамдарды әдейі сәулеге шалдықтырды деуге болмайды, полигонда ядролық энергия ел игілігі үшін зерттелді, бірақ техника нашар болды, сондықтан жер үсті сынақтары кезінде біреулер шамадан тыс доза алып, кейін онкологиялық дертке шалдығуы мүмкін. Бұдан бөлек, 1960 жылдары мектепте бізге міндетті түрде сүт ішкізетін. Кезекші оқушы асханадан подносқа салып әкелетін, әр оқушы тақтаның алдына шығып стақандағы сүтті ішуі тиіс болатын. Оны радиацияның зиянды әсерінен қорғайтын профилактикалық шара деп санаған болуы керек. Бірақ егер сиырлар зақымданған өрісте жайылса, радиоактивті йод дәл сол сүтте жиналуы мүмкін ғой.

Сондықтан радиация әсірінен қатерлі ісікке шалдығу мүмкін, бірақ тағы да айтайын, әр жағдайды тексеру керек. Ал кезінде "4-бруцеллезге қарсы диспансердің" елден әкетілген зерттеу материалдарын Қазақстанға қайта әкеліп, жер үстінде жаалған сынақтар кезде туған және кейін өсіп-өнген ұрпақтың денсаулығы не болып жатқанын зерттеу керек деп санаймын.

"БАСТАМАҒА ЕРКІНДІК БОЛДЫ"

Вячеслав Половинко: - Жақиянов жұмысқа шақырған кезде сіз оның командасына сіңіп кеттіңіз деп айтуға бола ма?

Бақыт Түменова: - Солай шығар. Ол бізге облыс әкімшілігі басшысы болып келген кезде АҚШ-тан үлкен делегация келгені есімде. Ішкі саясат бөлімі бастығы "Жақиянов әлгі кісілерді көргісі келеді, ал сіз Бақыт Ниязбекқызы, бармай-ақ қойыңыз" деді. Бірақ әдістемелік шіркеуден келген америкалықтар "сізсіз ешқайда бармаймыз" деп тұрып алды, сондықтан Жақияновтың кабинетіне олармен бірге мен де бардым.

Бәріміз әкімшілік басшысының кабинетіне кірдік. Ішкі саясат бөлімі бастығы Жақияновқа менен басқа кісілердің бәрін таныстырып шықты. Әлгі жерде "ал мен Түменовамын!" деп қолымды өзім создым. Жақиянов мәдениетті кісі ғой, жымиып қолымды алды, сосын жайланып отырып әңгімелестік. Ол кезде мен жайлы "Түменова дінін өзгертіпті, америкалықтардың ақылымен Семейде әлдебір шіркеу салғалы жүр екен" деген қауесет тарап жатқан болатын, Жақиянов әлгі қауесетке мән бермеді.

Тұтқын Ғалымжан Жақияновтың түзеу колониясы басшылығы оған елді мекен аумағындағы үйде тұруға рұқсат берген кезде түскен суреті. Павлодар облысы, 19 қыркүйек 2004 жыл.
Тұтқын Ғалымжан Жақияновтың түзеу колониясы басшылығы оған елді мекен аумағындағы үйде тұруға рұқсат берген кезде түскен суреті. Павлодар облысы, 19 қыркүйек 2004 жыл.

Ал кейін Жақиянов халықаралық ұйымдармен жүргізген жұмысымның нәтижесін (облысқа гуманитарлық көмек әкелдім, АҚШ-тың мемлекеттік департаментімен жұмыс істедім), 13 шақырылған жоғарғы кеңес депутаттығына ұсынылғанымды көріп мені жұмысқа шақыруды ұйғарған сияқты.

Вячеслав Половинко: - Ал кейін сізді Павлодарға шақырды ма?

Бақыт Түменова: - Кейін Семей облысын таратып (ол Шығыс Қазақстан облысы құрамына кіріп, Өскемен қаласы облыс орталығы болды. - Азаттық), бүкіл әкімшілік қалалық деңгейге түсіп қалды. Жақияновты 1997 жылғы желтоқсанда Павлодар облысының әкімі етіп тағайындады. Ол Семейге келіп, мені ішкі саясат бөлімі меңгерушісі қызметіне шақырды, Павлодарда ол орын бос екен. Жасым 50-ге толатын қарсаң еді, демалыс алып, күйеуім екеуміз пәтерді жөндетіп, үйдің өзге шаруаларымен айналысып жатқанбыз. Жақиянов ойлануға бір күн мұрсат беріп, "келіссеңіз, бір аптада көшіп келіңіз" деді.

Содан Семей ақыры облыс мәртебесінен айырылды деп ойладым, жаңа басшылық жұмыстарымды азайтып тастады. Әбден жұмыс істеп үйренген адамға қиын екен. Сондықтан оның ұсынысын қабыл алуды ұйғардым. Ал жарты жылдан кейін облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалдым.

Вячеслав Половинко: - Екі облыста ішкі саясат бөлімі бастығы қызметін атқарған кезде наразылық акцияларын реттеуге тура келген кездер болды ма?

1990 жылдары материалдық жағынан ауыр болды. Бірақ бастамаға еркіндік бар еді. Жұрт жаңа мемлекет құрып жатқанын түсінетін.

Бақыт Түменова: - Иә, әрине! Жақиянов Семейден кеткеніне екінші ме, үшінші күні ме күн болған - зейнетақымызды төлеңдер деп талап етіп, әкімдікке зейнеткерлер келді. Олармен сөйлесуге әуелі әлеуметтік қорғау бөлімі қызметкерлері кетті. Бірақ бір кезде жаңа әкім Виталий Метте ішкі тікелей желі арқылы телефон соғып, "Бақыт Ниязбекқызы, зейнеткерлерді сіз көндіре алатын сияқтысз. Сіз түспесеңіз, мына шу ұзаққа созылып кетті" деді.

Содан төменге түстім. Не деп айтсам екен? Наразы жұрт жиналып тұр, қала әкімі келіп еді, оған айқайлап ұрсып тастады. Жандарында арнайы қызмет орындары өкілдері тұр – олардың түрін танимын ғой – бірақ құр бақылап тұрды, ешкімнің қолын бұрап, сүйреп әкетейік деген тіпті ойларында да болған жоқ. Ақыры әлгі жерде зейнеткерлерді үйлеріне тарауға үгіттеп көндірдік. Сол оқиғадан кейін Метте маған әлеуметтік қорғау басқармасы бастығының орнын ұсынды, бірақ мен бас тарттым.

Ал Павлодарға барған бетте балаларға төленетін жәрдемақыны кешіктіру проблемасы алдан шықты. Бюджет көп қарыз болып қалып, ауылда тұратын 30 шақты әйел жиналып, Астанаға жаяу сапарға шықты. Күн суытып қалған кез еді, тамағым қатты ауырып үйде жатқанмын. Бірақ Жақиянов екінші күні үйге телефон соғып, "шұғыл көмегіңіз керек болып тұр, әйелдерді тоқтата алмай жатырмын" деді. Сол кездегі еркіндікті қарасаңызшы, Жақиянов жолға шыққан әйелдерге полицей жасағын қосып жіберді, ұстап әкету үшін емес, күзету үшін. Әлгі әйелдер түз даламен жүріп, от жағып, сол жерде түнеген.

Ақыры неше түрлі таблетқаны ішіп алдым да іздерінен кеттім, мені әйелдер кетіп бара жатқан көпірдің тұсына дейін жеткізіп тастады, оларға өзімді таныстырып, әйелдермен бірге ілестім. Келе жатып сөйлеп келемін, сөйлеп келемін. Жәрдемақыны бөліп-бөліп төлеудің схемасын құру керек, оған ақша жинау керек, Астанаға босқа барасыздар, ол жақта бәрібір ештеңе шешпейді деген сияқты әлдебір уәждер келтірдім. Ақыры оларды кері қайтарудың сәті түсті, телефон нөмірімді беріп, мына шаруа қалай шешіліп жатқанын оларға айтып тұруға, әр қадамымызға есеп беріп тұруға уәде еттім. Сөйтіп жәрдемақының проблемасын алты айдан асырмай шештік.

Тағы айтайын, ол кезде біз ешкімді ұстап әкетпейтінбіз, қорқытып, үркіту деген болған жоқ. Экономикада қазіргіден де қиын дағдарыс болды, бірақ проблемаларды диалог арқылы шешетінбіз.

1990 жылдары материалдық жағынан ауыр болды. Бірақ бастамаға еркіндік бар еді. Жұрт жаңа мемлекет құрып жатқанын түсінетін.

"БҰРЫС КЕТЕ БАСТАҒАНЫМЫЗ СЕЗІЛДІ"

Вячеслав Половинко: - "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ДВК) қозғалысына, яғни оппозицияға қосылғаныңызға қарағанда, әлдебір жайттарға көңіліңіз толмады ма?

Бақыт Түменова: - Мен ДВК-ны құрғандардың ішінде болған жоқпын, Жақияновтың орынбасары болып қана жұмыс істедім. Бірақ елде азды-көпті ілгерілеу басталған 1990 жылдардың аяғына қарай шенеуніктердің әрекеттерінен көзбояушылық элементтерін байқай бастадым. Бұл мен үміт артқан жас мемлекет принциптеріне қайшы болды.

Вячеслав Половинко: - Ал бұл неден байқалды? Ұжымдасып бас шұлғу түрінде ме?

Бақыт Түменова: - Иә, ол да бар. Әйтеуір дұрыс емес бірдеңе басталып келе жатқаны сезілді. Бірақ мұны байқадым да, арыз жазып өзім кеттім деп айтуға болмайды, мені қызметімнен Ғалымжан Жақияновтың командасының бір бөлігі ретінде бұйрықпен алып тастады. Бірақ меніңше, елдің бұрыс жолға түсіп бара жатқанын Жақиянов та, ДВК-да болғандардың бәрі бізден гөрі жақсы байқады, өйткені олар шешім қабылдайтын орталыққа жақындау болды. Бұл курсынан 5-10 градусқа ауытқыса, жолаушыларға білінбейтін, капитан мен оның жанындағылар ғана байқайтын кемедегі жағдай сияқты. Бізде де солай болды, елдің жағдайы сәл түзеліп, инвестиция келе бастады, қоғам енді бәрі жақсы болады деп ойлады. Ал бағытымыз өзгеріп, еліміз бұрыстау бағытқа түсе бастады, бірақ мұны жоғары биліктегілер ғана байқады. ДВК-ны халықтың жаппай қолдамағаны да содан, адамдар бәрі өзгеріп бара жатқанын байқаған жоқ.

Вячеслав Половинко: - 1990 жылдарды қайта оралғанын қалар ма едіңіз?

Бақыт Түменова: - Жоқ, ол жылдардың қайта оралғанын қаламас едім. Тек ол жылдардың еркіндік деңгейін ғана қайтарғым келер еді.

XS
SM
MD
LG