Accessibility links

Одақтас елдердегі шерулерден соң «қысымның күшеюін» күту


Шеруге келген мәскеуліктер көшедегі шамдарға шығып тұр. Бергі шамда наразылық шерулерінің символына айналған кроссовкалар ілінген. Мәскеу, 26 наурыз 2017 жыл.

Сарапшылар өткен демалыс күндері Ресей, Беларусь және Қырғызстанда өткен шерулер сияқты наразылық акциялары Қазақстанда жуық арада болмайды деп болжайды. Олар мұның бір себебін заңдарды күшейтумен байланыстырады.

ҮШ ЕЛДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚ

Наурыздың 26-сы күні көрші Ресейде Владивостоктан бастап біраз қалада ондаған мың адам қатысқан наразылық митингілері мен шерулері өтті. Наразылық шерулерін ұйымдастырушы әрі Коррупциямен күрес қоры жетекшісі, оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды метро станциясынан шыққан бетте бірден ұстап әкеткеніне қарамастан, ең көп адам қатысқан шеру Мәскеуде өтті. Әртүрлі дерекке сәйкес, оған сегіз мыңнан 20 мың адамға дейін қатысқан. Ресей билігі акцияға қатысушыларды күш қолданып жаппай ұстап әкетіп жатты. Әртүрлі дерекке сәйкес, Мәскеудің өзінде ғана 500-ден 900 адамға дейін ұсталған. Наразылар Ресей үкіметі төрағасы Дмитрий Медведевті коррупцияға қатысты айыптауға жауап беруге шақырып, президент Владимир Путин екеуінің отставкаға кетуін талап етті.

Сол күні Беларусь астанасы Минскіде арнайы жасақ (ОМОН) алдыңғы наразылық акцияларына қатысқаны үшін қамалғандарды босатуды талап еткен шерушілерді ұстап әкетті. Билік мұның себебін алдыңғысы сияқты жаңа акция да рұқсатсыз ұйымдастырылған деп түсіндірді. Наурыздың 25-і күні Минскіде 1918 жылы Белоруссия халық республикасы құрылған Еркіндік күніне орай акция өткізген 300-ге жуық адам (бейресми дерек – ред.) ұсталған. Президент Александр Лукашенко қолдаған, жұмыс істемейтін азаматтарды арнайы салық төлеуге міндеттейтін «арамтамақтық туралы» заңға қарсы наразылық акциялары Беларусь елінде ақпаннан бері жалғасып келеді. Наразылық акцияларынан кейін билік заңды қолдануды уақытша тоқтатқан. Бірақ акциялар енді өзге ұрандармен жалғасып жатыр.

Мәскеудегі шеруден жасалған видеотрансляция үзіндісі:

Наурыздың 25-і күні Қырғызстанда эмиграциядан елге оралған бетте қылмыстық іс бойынша бірден тұтқындалған оппозициялық саясаткер, парламенттің бұрынғы депутаты Садыр Жапаровты қамауға қарсы шықты. Қырғызстанда жақтастары «қолында қаңтарда Түркия жүк ұшағының Бішкек түбінде апатқа ұшырауына қатысты президент Атамбаевты әшкерелейтін материалдар бар» деп мәлімдеген «Ата Мекен» оппозициялық партиясы жетекшісін қамауға алғаны үшін президент Алмазбек Атамбаев қатты сынға ұшырады. Қырғызстандағы Садыр Жапаровты қорғау мақсатында ұйымдастырылған әрі ондаған адамды ұстап әкеткен әлгі акция наурыздың 24-і күні президент Атамбаев Қызғалдақ революциясының 12 жылдығына арналған салтанатты шаралар кезінде «Қырғызстанда енді революция болмайды» деп мәлімдеген күннің ертеңінде өтті.

Үкіметке қарсы митингілер бір мезгілде өтті деуге болатын үш ел де - Қазақстанның Еуразия экономикалық одағындағы одақтастары. Ал Қазақстанда алдыңғы демалыс күндері тыныш болды. Кей сарапшылар жуық арада елде ауқымды наразылық акциялары болмайды деп жориды.

NEXT ҰРПАҒЫ

Азаттық пікірін сұраған қазақстандық сарапшылар Ресейдегі жаппай наразылық акцияларына жоғарғы сынып оқушыларының қатысқанына ерекше назар аударады.

- Балалар ересектердің қателігін түзей бастады, - дейді Ресейдегі наразылық акцияларына мектеп оқушыларының қатысқаны жайлы телефон арқылы комментарий берген құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов.

ФОТОГАЛАРЕЯ: Мәскеу. Коррупцияға қарсы шеру (суретті басыңыз)

Ресейде жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыру үшін Алексей Навальный телевизияны пайдалана алмады, есесіне ол әсіресе жастар арасында үгіт-насихат жүргізу үшін интернет мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланды. Дуванов «жастардың бұл буынын Навальный емес, интернет тәрбиелеп шығарды» дейді. Оның сөзінше, жастардың өздерін-өзі интернет арқылы бұлай тәрбиелеуі Қазақстанда да жүріп жатыр, бірақ әзірше баяу.

Оның сөзінше, енді билік көрші елдерде өткен жаппай наразылық акцияларынан ой түйіп, заңдарды, оның ішінде интернетті пайдалануға қатысты заңдарды күшейтуі мүмкін.

БИЛІК ПЕН ХАЛЫҚТЫҢ ПРОБЛЕМАСЫ

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) жетекшілерінің бірі Айдар Әлібаевтың Азаттыққа айтуынша, үш елде наразылар қарсы шыққан проблемалар Қазақстанда да бар, Қазақстан билігі де әлгі елдердің билігі сияқты. Бірақ Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдеріндегі жағдайдан Қазақстандағы жағдайдың бір өзгешелігі, оның сөзінше, Қазақстандағы «халық – өзгеше, оның төзімі шексіз». Оның сөзінше, билік осыны пайдаланып, қысымды одан әрі күшейтуі мүмкін.

Минскідегі шерушінің ұсталған сәті. Беларусь, 25 наурыз 2017 жыл.
Минскідегі шерушінің ұсталған сәті. Беларусь, 25 наурыз 2017 жыл.

Азаматтық белсенді Айдос Сарым Facebook желісіндегі «Маңайдағы митингілер және «тұрақтылық аралы» жайлы» деген постында «қазақтарды кем санап, әлдебір фантастикалық шексіз төзімді деу бекер», өйткені «мына толқуды былтыр қазақтар бастаған» деп жазған. Ресей, Беларусь және Қырғызстанда өткен жаппай наразылық акцияларынан кейін Айдос Сарым «Бізде билік қалай әрекет етер екен?» деген сауал тастайды.

«Жер мәселесіне қатысты қорқыныш ешқайда кеткен жоқ. Көрші елдердегі оқиғалар бізде де наразылықты қоздырады. Экономика тұралады, азаматтардың кірісі құлдырап барады. Сырттан келетін резервтер тыйылды. Сондықтан екінің бірі: не алжуды тоқтатпай, өміршең емес екенін көрсете береді не демократиялық процесті бастайды. Режим нені таңдар екен?» деп жазған Айдос Сарым өз сұрағына сұрақпен жауап берген.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің Азаттыққа айтуынша, Қазақстанда Ресей мен Қырғызстандағы сияқты әлеуметтік проблемалар жоқ; оның сөзінше, «сандырақ заңдар» қабылданатын Беларуське қарағанда, Қазақстан басшылығының дені дұрыстау. Сондықтан саясаттанушының сөзінше, Қазақстанда жуық арада жаппай наразылық акциялары бола қоюы екіталай.

Бішкектегі полициямен қақтығыстың видеосы:

Былтырғы көктемде Қазақстан билігі азаматтық қоғамның «жер мәселесіне» қатысты наразылық акциясын өткізу әрекетін қатал басып тастаған. Көп адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян түрмеге кесілді.

Қазір әлеуметтік желі қолданушылары жуырда қылмыстық кодексті «Қазақстан Республикасының өмірлік маңызды мүдделеріне ауыр зиян келтіру, мемлекет пен қоғамның тіршілігі мен тұрақтылығына қатер төндіру» туралы баппен (184-бапқа толықтыру – ред.) толықтыруы мүмкін деген мәселені қызу талқылап жатыр. Бұл бап бойынша сотталғандарды 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, не азаматтықтан айырып, дүние-мүлкін тәркілеп, өзін өлім жазасына кесу қарастырылады. Бұл ұсынысты президенттің конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жақында шыққан жарлығы аясында үкімет әзірлеген. Бұған қатысты пікір жазған желі қолданушыларының көбі әлгі бап жобасындағы түсініктердің (қабылданған жағдайда) бұлыңғырлығы билікке оларды саяси қарсыластарын қудалауға пайдалануға мүмкіндік беруі мүмкін деп қауіптенеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG