Accessibility links

Әлеуметтік желіге ғана сүйенген саясаткерлер


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Әлеуметтік желілермен тіл табысқан саясаткерлер жетістікке жетті. Миллиардтаған қолданушысы бар әлеуметтік желілер саясилана бастады

Саясаткерге айналған италиялық күлдіргі артист Беппе Гриллоның партиясы өткен айдағы сайлауда ең көп дауыс алған жалғыз партия болды.

"ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫҚ"

Ол сайлау кампаниясы үшін телеарна сияқты дәстүрлі медианы қолданбай, Facebook сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланған еді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жаңа медиа мен әлеуметтік желінің саясатқа қалай ықпал ететінін көрсеткен соңғы мысалдардың бірі.

Саясаткер емес екенін Беппе Гриллоның өзі де мойындайды. Бірақ оның «Бес жұлдыз қозғалысы» партиясы өткен айдағы парламенттік сайлауда 25 пайыз дауысқа ие болып, көпті таң қалдырды.
Беппе Грилло, италиялық саясаткер
Беппе Грилло, италиялық саясаткер

Ол өзінің жақтаушылары алдында айтқан бір сөзінде: «Біз басқа бір кезеңге қадам бастық. Оның қайда апаратынын білмеймін. Бұл - ғажайып нәрсе. Өзгердік. Тек қозғалыс емеспіз, қауымдастыққа айналдық» деген.

Бақылаушылар болса, саясаткер мен оның жақтастарын киберкеңістіктегі қауымдастыққа теңейді.

Грилло газет, телеарна сияқты дәстүрлі медиадан қашқақтап, оның орнына Facebook, Twitter сияқты әлеуметтік желіге арқа сүйейді. Онда оның шамамен миллион оқырманы бар.

- Италиядағы сайлау, 2009 жылғы Ирандағы сайлау, Occupy Wall Street немесе Араб көктемі сияқты әлеуметтік желі араласқан соңғы бірнеше жылдағы саяси оқиғалардан - біз тек саясатқа қарсы наразылықты көрмейміз, сонымен бірге оған жасырынған саясаткерлердің тәсіліне де қарсылықты байқап жүрміз, - дейді Лондондағы Вестминстер университетінің оқытушысы Грэхэм Мейкл.

Ол Грилло жетістігін – жаңа медианың саясатта қаншалықты күшті рөл атқаратынын көрсететін мықты мысал ретінде атап өтеді.

- Адамдар әлеуметтік желіні телеарна мен газетте басылмаған көзқарастарын жеткізу үшін, өздерінің идея-көзқарастарымен бөлісу үшін, сол желі арқылы пікірлерін көрген адамдармен бірігу үшін қолданады, - дейді Грэхэм Мейкл.

ЫҚПАЛ ЕТУ

Ұлыбританиялық Yatterbox сайты Ұлыбританиядағы заң шығарушы органдардың әлеуметтік желідегі белсенділігін бақылап отырады.

Ол сонымен бірге сайлаушыларға парламенттегі саясаткерлердің белсенділігі туралы пікірлерін жеткізуге мүмкіндік беретін ресурс.

Веб-ресурстың авторы Мэтт Фрекелтон бір жынысты некені заңдастыруға байланысты жақында ғана парламентте болған пікірталастың қалай өткенін былайша сипаттайды.
Қол телефоны арқылы әлеуметтік желіге шығып тұрған адам.
Қол телефоны арқылы әлеуметтік желіге шығып тұрған адам.

- Палатаның ішінде де, сыртында да Twitter арқылы жазба жазып жатқан көптеген саясаткерлер болды. Осы уақыт аралығында көптеген саясаткерлердің көпшілікке ықпал еткісі келгеніне куә болдық. Ал көпшілік саясаткерлердің дауыс беруіне де ықпал жасап, сол арқылы елде қабылданатын тұтастай заңға тікелей әсер етпек болды, - дейді ол.

Ұлыбританиядағы консервативтік партияның өкілі Дуглас Карсвел әлеуметтік желіде белсенді саясаткерлердің бірі.

Ол «Саясаттың ақыры және интернет-демократияның дүниеге келуі» атты кітаптың авторы.

Оның пікірінше, интернет саясатты, демократияның табиғатын өзгертіп жатыр.

- Бұл (интернет - ред.) бізге пікірлерімізді біріктіруге мүмкіндік береді - идеяны бірлесіп қолға алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін саяси партиялар жасаған нәрселерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл осы ғимараттағы саясаткерлерді өзгертетеін фактор. Алайда бұл сонымен бірге қарапайым азаматтарды да өзгертті. Себебі олар саяси шешім жасауға ықпал ететін жаңа тәсіл тапты, - дейді Дуглас Карсвелл.

Араб әлемінде де, батыс ұйымдарында да, сарапшылар әлеуметтік желі саяси тәртіпті дүр сілкіндірді деп есептейді.

(Мақала voanews.com сайтына шыққан Генри Ригвелдің материалы негізінде әзірленді)
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG