Accessibility links

Интернет арқылы ақша табу жолдары


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Қазақстанда интернет арқылы ақша табудың ең көп кездесетін жолы - сайт жасау қызметі.

Мамандардың айтуынша, сайт жасау қызметінің құны орташа алғанда 100 АҚШ долларынан басталып, күрделілігіне қарай қымбаттай түседі. «Жоғары дәрежедегі корпоративті сайттың құны 1000 АҚШ долларын құрайды» дейді олар.

«САЙТ ҚҰНЫ КЛИЕНТКЕ БАЙЛАНЫСТЫ»

ІТ инженер Рахым Меңлібаев бос уақытында сайт жасау бизнесімен айналысып, ақша табады. Оның айтуынша, Қазақстанда сайт жасау бизнесі барған сайын тиімді болып келеді.

- Сайт жасаушылар өз ішінен бірнеше топқа бөлінеді: біреулер ақпаратты салып отырады, біреулер техника жөнінен жауап береді, біреулер дизайнына, скриптке жауаптанады. Флэшпен айналысатындар болады. Мысалы, менің достарым бірлесіп істейді. Сондықтан оларда тапсырыс көбірек. Ал мен жалғыз істегендіктен айына бір-екі тапсырыс қана аламын. Бірақ ол өзіме жетеді, - дейді Рахым Меңлібаев.

«Қосымша бизнесіңізден қанша табыс табасыз?» деген сұраққа ол «коммерциялық құпия» деп жауап беруден бас тартты. Оның ойынша, жасалатын сайттың құны тапсырыс күрделілігіне байланысты.

- Мысалы, жай визитка сайттары 300-400 доллар тұрады. Корпоративті сайттар күрделі. Сондықтан құны да қымбатырақ болады. Интернет-дүкендер бар, екі-үш беттен тұратын жарнама сайты болады. Сайттың құны клиентке байланысты. Айталық, кішкентай балалардың киімін сататын дүкенді алайық. Ондай сайттың жұмысы көбірек. Себебі, ашық түстер керек, балалардың дизайнын жасау керек. Бағасы да қымбатырақ болады, - дейді Рахым Меңлібаев.

«БАСТЫСЫ - ТАБАНДЫЛЫҚ ПЕН ИНВЕСТИЦИЯ»

Интернет компаниясының бас директоры, интернет-бизнеске осыдан бірнеше жыл бұрын келген Дәурен Көбеев қазір интернет-сайттарды алға дамыту арқылы ақша табатынын айтады.

- Өте табысты бір танымал сайтта жұмыс жасап, үш жыл тәжірибе жинадым. Одан кейін сайт беттеріне жарнама іліп, Google мен Яндекс жүйелерінде SEO
Интернет компаниясының бас директоры Дәурен Көбеев.
Интернет компаниясының бас директоры Дәурен Көбеев.
қызметтерін көрсеттік. Арасында, әрине, өзім бастаған шағын сайттар болды, - дейді ол.

Дәурен Көбеевтің айтуынша, ол сайттар Google Adsense партнерлік бағдарламасы арқылы табыс тапқан.

- Дәл қазір сондай табыс көзіне айналатын интернет-жобаларын жасаумен айналысамыз. Менің агенттігім осы жобаларды жарнамалаумен айналысады. Google Adsense жеке өзіме 200 АҚШ доллары көлемінде табыс алып келді. Студент кезінде ермек болды. Ал қазіргі жарнамалық агенттігімнің табысы құпия, - дейді Дәурен Көбеев.

Оның айтуынша, «бағбанға тән табандылық пен еңбек - интернет-бизнесте де өте керек қасиет».

- Жұртқа танымал болған жобалар асықпай табысқа жеткізеді. Қазірдің өзінде өзін-өзі ақтап жүрген жобалар бар. 25 жобаға жарнама ілумен айналысатын агенттігіміздің мәліметі бойынша, Қазақстанда потенциалы мол, табысты сайттар жетерлік. Ең бастысы, шыдамдылық пен инвестиция керек. Тұтынушыларды дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етіп, олармен сәтті қарым-қатынас жасай білу керек, - дейді Дәурен Көбеев.

«ФРИЛАНСЕРЛІК ӘДІС»

Қазақстанда «фрилансерлік әдіспен» де интернетті табыс көзіне айналдырған жастар бар. «Бұл – тұрақты табыс көзі болмаса да, керек кезде қосымша қаржылай көмек» дейді жастар.

Студент Диас Жеңісбеков қолы бос кезде осы әдіс арқылы ақша табатынын айтты.
Оңай бағдарламаларды жазудың өзі100 доллардай болады. Ылғи ақша жетпей жүретін студенттер үшін өте тиімді нәрсе.

- Freelancer.com деген сайт бар. Онда фрилансерлерге арналған әртүрлі мазмұндағы тапсырмалар бар. Әртүрлі программа жазу керек болады. Олардың құны оңай-қиындығына байланысты. Оңай бағдарламаларды жазудың өзі 100 доллардай болады. Қиындары да бар. Ылғи ақша жетпей жүретін студенттер үшін өте тиімді нәрсе, - дейді Диас.

Ақпарат бойынша, тапсырыс беруші мен фрилансер арасындағы әріптестікті Weblancer.net, Free-lance.ru, Acula.org, Top-lance.ru, Dowork.ru, т.б. сайттар жүзеге асырады.

Тапсырыс арқылы жұмыс істейтін фрилансерлерді түрлі топтарға бөлуге болады: ақпараттық-жарнамалық мазмұндағы мәтіндерді жазатын копирайтерлер мен рерайтерлер, рефераттар мен ғылыми жұмыс жазатындар, сайт жазушы веб-программистер, сайттардың қолданушыларын көбейтетін SEO-оптимизаторлар, веб-дизайнерлер, т.б.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ - ТАБЫС КӨЗІ

Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілер, блог арқылы да ақша табуға болады.
Программист Бейбарыс Әміржанов. (Сурет Facebook-тан алынған).
Программист Бейбарыс Әміржанов. (Сурет Facebook-тан алынған).
Мұнда бастысы – аудитория жинау. Програмист Бейбарыс Әміржановтың айтуынша, мұндай әдістің бір кемшілігі – көп уақытты талап ететіні.

– Әрбір әлеуметтік желінің өз системасы бар. Мысалы, «Вконтакте» желісінде екінің бірі отырады. Сол жерде «Public» деген жерде әркім өзінің парақшасын ашып, оған қызықты мәліметтер енгізу арқылы аудитория жинай алады. Адамдар саны неғұрлым көбейген сайын қауымдастық иелеріне ірі компаниялардан жарнама беру жөнінде ұсыныс түсуі мүмкіндігі ұлғая түседі. Бірақ бұған көп уақыт керек, - дейді Бейбарыс Әміржанов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG