Accessibility links

Девин Ди Уис: «Мұсылман елдерімен байланыс жасау – Орталық Азияға сырттан уағызшы керек деген сөз емес»


Индиана университетінің профессоры Девин Ди Уис. Алматы. 24 тамыз 2010 жыл.
Индиана университетінің профессоры Девин Ди Уис. Алматы. 24 тамыз 2010 жыл.

Таяуда Қазақстанға АҚШ-тағы Ішкі Еуразияны зерттеу институтының директоры, Индиана университетінің профессоры, исламтанушы Девин Ди Уис келіп қайтты. Ғалыммен болған сұқбат Орталық Азия елдеріндегі діни ахуал турасында өрбіді.


«ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ИСЛАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ БОЛАТЫНЫ ӘЗІРГЕ БЕЛГІСІЗ»

– Сіз исламды зерттеуге қалай келдіңіз? Исламды зерттеймін деген талабыңыздың нақты себебі бар ма?

– Анық бір себебі жоқ. Тек студент кезімде дін мәселесі қатты қызықтырды. Әcіресе, исламды зерттеу мәселесі мен үшін қызықты болды. Сөйтіп ислам елдері тілдерін үйрене бастадым.

Бірінші кезекте араб, парсы және түркі тілдеріне ден қойдым. Оның ішінде түркі тіліне деген ынтам жақсы болды. Исламмен шұғылдануыма ұстаздарым да белгілі бір мөлшерде ықпал етті деуге негіз бар.

Орталық Азиядағы исламның орнын сіз тарихшы ретінде жақсы білесіз. Дегенмен аймақтағы исламның бүгінгі дамуымен салыстыра отырып не айтқан болар едіңіз?

– Иә, бұл – өте үлкен мәселе. Бүгінде Орталық Азия елдерінде ислам әйтеуір бір дамып барады. Алайда Орталық Азиядағы исламның болашағы қандай болатыны әзірге белгісіз. Осы күнге дейін бұл мәселенің басы ашылған жоқ. Өйткені аймақтағы ислам діні жергілікті дәстүрлерге негізделгенгенімен, сырттың ықпалы да аз емес.

Алайда Совет одағы кезінде осынау жергілікті салт-дәстүрге негізделген мұсылмандықты тұтынатындар жаппай қуғынға ұшырады. Дегенмен дәстүр негізінде қалыптасқан ислам бүгінгі талаптарға жауап бермейді деген сөз емес екенін әрдайым ескерген абзал.

Айталық, қазір әртүрлі ислам елдерімен байланыс дамып келе жатыр...

– Совет одағы кезінде Орталық Азиядағы ислам оқшаулауға түсті, бірақ қазір бұл аймақ ислам елдерімен жан-жақты қатынас жасап отыр дегіңіз келеді ғой?
Профессор Девин Ди Уис Азаттыққа сұқбат беріп отыр. Алматы. 24 тамыз 2010 жыл.


– Cолайы солай ғой, бірақ басқа мұсылман елдерімен байланыс жасау – Орталық Азиядағы исламға сырттан уағызшы керек деген сөз емес. Менің байқауымша, қатынас дегеннің бәрі осылай қабылданатын сияқты. Яғни, Орталық Азияның ислам әлемімен байланысын базбіреулер тек өз мүддесі тұрғысымен ғана байланыстырып жатады.

Байқауымша, байланысты сырттан нұсқаулық алу мәселесімен қатыстыра қарастыратындар баршылық. Бұл мәселеде жергілікті дәстүрдің жаңғырғаны, әрине, оңды болар еді.

«ИСЛАМ – ӨМІР СҮРУДІҢ ТҰТАС ЖҮЙЕСІ»

– Сіз Орталық Азияға оқтын-оқтын келіп-кетіп жүресіз. Аймақ елдеріндегі жағдайды өзара бір-бірімен салыстырып баға бере аласыз ба?


– Мен Өзбекстанда, Қазақстанда, Түркіменстанда және Тәжікстанда бірнеше мәрте болдым. Ал Қырғызстанға бармағаныма 20 жылға жуықтап қалды. Қырғыз елінде Совет уақытында болған едім. Сондықтан мен Орталық Азиядағы діни жағдайды тек алыстан ғана
Құрбан айт мейрамының бірінші күні, Алматының орталық мешіті. 27 қараша 2009 жыл.
бақылап отырмын дер едім.

Бұл күндері Орталық Азияда Қырғызстанға барудың сәті түспегендіктен, аймақтағы дінге қатысты ахуалға біржолата тұжырып баға беруге қиналамын.

Ал Қазақстан туралы айтатын болсақ, мұнда бәрі де бүкпесіз ашық талқыланады.

Мен – тарихшымын, бұл мәселенің саяси қыры болғандықтан, оның тек тарихи жағын ғана айта аламын. Оның үстіне дінге қатысты жағдайды жақсы немесе жаман деп кесіп айтуға болмайды.

Ал ислам дегеніміздің өзі не еді? Өкінішке қарай, ислам дегенде елдің көбі тек мешітте өтелетін ғибадатты ғана еске алып жатады.

Ал ислам деген Құран оқып, намаз өтеп, ораза тұтумен шектелмейтінін ескерген абзал. Сайып келгенде, исламның мән-мағынасы бұдан әлдеқайда тереңде жатыр.

Тарихи тұрғыдан және дүниетаным тұрғысынан алып қарастыратын болсақ, ислам деген – өмір сүрудің тұтас жүйесі болып келеді. Сондықтан исламның адамзаттың күнделікті өмірімен тығыз байланыста екендігін аңдаймыз...

– Онда сұрақты былай қояйын. Орталық Азия елдерінің қайсысында шет елдің ықпалы басым екенін, ал қайсы елде дін жергілікті салт-дәстүрмен біте қайнасқанын анықтап айтып бере аласыз ба?

– Исламдағы салт-дәстүрді аймақ елдерінің қай-қайсысынан табуға да болады, таппауға да болады. Айталық, аймақ елдері арасында
Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязовты ақтық сапарға шығарып салуға жиналған жұрт. Қыпшақ кенті, 24 желтоқсан 2006 жыл.
Түркіменстан мұсылмандарының салт-дәстүрінде жергілікті реңк көзге түсіп тұрады.

Мұның бір себебі - осы елдің ислам елдерімен, жалпы сыртқы әлеммен қарым-қатынасының аз дамуымен байланысты болса керек. Сонымен қатар, Түркіменстанда әлі де болса, Совет одағының сарқыншағы байқалатынын да жоққа шығаруға болмайды.

Осы себептерге орай, Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, Түркіменстан мұсылмандары сыртқы исламдық ұйымдардың ықпалына ұшырамаған, немесе аз ұшыраған деп топшылауға болады.

Ал Өзбекстандағы жағдай сәл басқаша. Бұл елде шеттің ықпалынсыз да жергілікті дәстүрді жоққа шығаратындар бар. Өйткені бұл топтағылар жергілікті дәстүр исламның негізгі қағидасына қайшы деп есептейді. Әрине, тарихшы ретінде мен мұндай көзқарасты қабылдай алмаймын.

Мұнда шет елдердегі исламдық ұйымдардың ықпалынсыз да дәстүрді жоққа шығаратындардың кездесуі елдегі діни ахуалдың ерекшелігін
көрсетсе керек.

– Мұндай топтардың пайда болу себебі неде?

– Бұл топтағылар өмірдегі кез-келген жағдайды тікелей Құранмен және хадиспен қатыстыра қарастырады. Егер де Құран мен
Мешіттен шығып келе жатқан мұсылмандар. Тәшкент, сәуір, 2004 жыл.
хадистерде көрсетілмеген жағдай болса, соның бәрін исламға қайшы деп таниды.

– Бұл қандай топ, не деп аталады?

– Мұны топ деп атауға да келмес. Жекелеген адамдардың өзі осындай пайымға бой алдырып жүр. Оның себебі мынада жатса керек: бұл адамдар Совет Одағы кезінде өздерін ислам мен дәстүрден аулақ ұстаған жандар деп топшылаймын.

Алайда Совет Одағы құлағаннан кейін олар да көппен бірге ислам туралы білуге, мұсылмандықты үйренуге ұмтылды. Бірақ кімге қарайлауды білмеді. Ата-аналарынан үйренуге олардың да білетіні шамалы болып шықты. Дінге қатысты желі бір кезде үзіліп қалғандықтан, органикалық сипаттағы ақау пайда болды.

Сондықтан олар елде бағзыдан келе жатқан дәстүрге негізделген исламды таза ислам деп танымады да, «тазалықты» басқа жақтан іздеді. Олар Совет заманында білім алғандықтан, ендігі дін туралы білімді басқа арналардан қарастырып, жергілікті қалыптасқан діни мектепке мұрын шүйіре қарады.

Бұлар білім дегенде тек мәтінге жүгінетін. Ал жөнге келсек, жалаң мәтінге емес, адамдарға қарауы керек еді. Тарата айтқанда, олар белгілі қалыптасқан үлгіге жүгінбей басқаша үлгі іздейді.

«ДІН МЕН САЯСАТ БІР-БІРІНЕ КЕДЕРГІ ЖАСАП КЕЛЕ ЖАТҚАН СИЯҚТЫ»

– Сіз исламның саясатқа немесе саясаттың исламға қатынасын қалай бағалайсыз? Ислам саясатқа ықпал еткенімен, саясат исламды қысымға алып жататын кездері болады. Осы турасында не айтар едіңіз?


– Исламдағы діннің саясатқа қатынасы өзіндік мәнге ие, сондықтан оны жаңалық деудің өзі қиын. Діни ағымдардың саясатқа әсер етуі
Ораза айт күні мешітте намазға жығылған мұсылман жамағат. Душанбе, 21 қыркүйек 2009 жыл.
мүмкін. Өйткені тарихта мұндай жағдайлар кездескен. Әділет пен адалдық мәселелері де кейде саяси мағынаға ие болып жатады. Ал бұл мәселелер дінде кеңінен қарастырылған болатын.

Ал саясаттың дінге қысымы жасауы жайында тоқталатын болсам, бұл америкалық көзқарас бойынша дұрыс емес. Алайда әлемде мұндай қысымдар өте жиі болып жатады, тіпті Американың өзінде де кездеседі ғой.

– Сонда еркіндік пен адам құқығы мәселесі жай ұран болғаны ма?

– Басқасын былай қойғанда, кезінде Совет одағында да ресми түрде еркіндік, бостандық жайында жиі айтылды. Ресми түрде Совет елі еркін ел болды. Ал іс жүзінде қысым мен репрессияға ұшырады.

Әрине, сол Совет елі құрамынан шыққан бүгінгі Орталық Азия елдерінде ол кездегімен салыстырғанда дінге қысым азайды. Алайда байқап отырғанымыздай, бұл аймақта дін мен саясат бір-біріне кедергі жасап келе жатқан сияқты.

– Әңгімеңізге рақмет.
XS
SM
MD
LG