Accessibility links

«Халықтық IPO»: Алғашқы әсер


Бас поштадағы халықтық IPO жайлы кеңес беретін адамның орыны. Ақтөбе, 6 қараша 2012 жыл.
Бас поштадағы халықтық IPO жайлы кеңес беретін адамның орыны. Ақтөбе, 6 қараша 2012 жыл.
«Халықтық IPO» бағдарламасынан аймақтарда тұратын халықтың бәрі бірдей хабардар емес. Олардың айтуынша, науқанның кейбір тұстары мен акцияны сатып алу тәртібі жұрттың күдігін тудырады.

– Есеп-шот ашып, ақша төлеуге, келісім-шартқа қол қоюға өзім бардым. Келісім-шарт бекітілген күнін қойғызбай, «Астанада қояды» деді. Тәртіп бойынша, енді бір аптадан кейін акция сатып алуға бұйрық бере алады екенмін. Маған қанша акция берілетінін тек желтоқсанның 5-і күні ғана біле аламын, – деді Ақтөбеде тұратын азаматтық белсенді Әлима Әбдірова Азаттық тілшісіне.

Ақтөбе облысындағы үкіметтік емес 11 ұйым Қазақстанның ірі компанияларының акцияларын жаппай сату барысына мониторинг жүргізді. Үкіметтік емес ұйымдардың арасында «Ару ана», Адам құқығы жөніндегі бюроның Ақтөбе филиалы, «Кәсіпкерлікті шағын несиелендіру және қолдау», «Салауатты өмір салты клубы», «Шаңырақ», «Шамшырақ», «Аслана», «Тяньши ақпараттық орталығы», «ЭлитАгро», «Әділдік үшін», «Мүмкіндігі шектеулі жандаға арналған интернет-клуб» ұйымдары бар.

МОНИТОРИНГ

Ақтөбеде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының Темір ауданы тұрғындарының арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижелері жарияланды. Азаматтық белсенділер респонденттерге «Халықтық IPO» бағдарламасы туралы қаншалықты хабардар екенін, оған қатысудың жеңілдігі жайлы сұрақтар қойған.

Сауалнамаға 121 респондент қатысқан. Респонденттердің 99 пайызы «Халықтық IPO» дегеннің не екенін білмейтін болып шықты. 30 пайызы ақпаратты БАҚ-нан естіп, оқығандарын, бірақ қыр-сырын білмейтінін айтты.

«Ару ана» ұйымының директоры Әлима Әбдірованың айтуынша, «Бұл акцияға қатысасыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 99 пайызы «Қай жерден сатып
«Ару ана» ұйымының директоры Әлима Әбдірова. Ақтөбе, 31 тамыз 2011 жыл.
«Ару ана» ұйымының директоры Әлима Әбдірова. Ақтөбе, 31 тамыз 2011 жыл.
алуға болатынын, қайда барып, кімнен сұрауды білмеймін» деп жауап берген. Басқалар «Бұл – тағы бір алдау», «Ақша жоқ», «Бұл – шығыны көп компания, бай кәсіпорындар акцияларын өздері сатып алған», «Бұл жолы да 1990 жылдардағы жекешелендіру сияқты болады», «Мен сенбеймін» деген жауаптарды белгілеген.

«Егер «Халықтық IPO» бағдарламасына қатыссаңыз, қанша акция сатып алатын мүмкіндігіңіз бар?» деген сұраққа «Ақшаны қарызға аламын», «Несие аламын», «Алдымен акциялардың қалай сатылатынын байқаймын, сосын көре жатармын» деген жауаптар берілген.

Азаматтық белсенділер жүргізген сауалнамаға сәйкес, қарапайым тұрғынның орта есеппен 30-100 акция сатып алуға шамасы бар.

Азаматтық белсенділер бұдан кейін эксперимент өткізіпті. Оның нәтижесіне қарағанда, қарашаның 7-сі күні Ақтөбе қаласындағы бас почтада компьютерлік бағдарламалар әр 15 минут сайын істен шығып, бір адамға қызмет көрсетуге 40-60 минут жұмсалған, көптеген адам кезегін күтуден шаршап кетіп қалған. Қаладағы 36 почта бөлімшесінің тек бесеуінде ғана акция сатып алу жөніндегі келісім-шарттар бекітіліп, қалған бөлімшелер есеп-шот қана ашып, клиенттерді бас почтаға жіберіп отырған. Алғашқы күндері бір адам орта есеппен 100-200 акцияға, бір миллионнан үш миллион теңгеге дейін сомаға акция сатып алуға өтініш берген. Азаматтық белсенділер почта бөлімшелерінде «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша кеңес беретін мамандар болмағанын хабарлады.

АЙМАҚТАРДАҒЫ IPO

Ақтөбелік белсенділердің одағының хабарлауынша, шенеуніктердің жар салғанына қарамастан, мұнайлы өңір тұрғындары «Халықтық IPO» бағдарламасы жайлы ақпаратты білмейтін болып шықты, науқанның мақсатымен таныстыратын
Пошта бөлімшесі. Ақтөбе, 8 қараша 2012 жыл.
Пошта бөлімшесі. Ақтөбе, 8 қараша 2012 жыл.
кездесулер өтпеген. Олардың деректері бойынша, Темір ауданының Кеңқияқ, Шұбарши, Сарыкөл сияқты бірқатар елді мекендерінде почта бөлімшелері жоғарыдан нұсқау түспегенін сылтауратып, тұрғындардың өтініштерін қабылдамаған. Почта қызметкерлері клиенттерге аудан орталығы Шұбарқұдыққа барып өтініш беруге кеңес берген. Азаматтық белсенді Әлима Әбдірова «аудан орталығына барып-келу жол ақысы – 2 мың теңге, оның әркімнің қалтасы көтере бермейді» дейді.

«Қазпочта» операторы Еркебұлан Әділгереевтің айтуынша, Темір ауданының Шұбарқұдық кентіндегі «Қазпочтаның» орталық бөлімшесінде бір адамға қызмет көрсетуге жарты сағат уақыт кетеді.

Темір ауданы әкімдігі аппартының жетекшісі Бердіхан Әділханов Азаттық тілшісіне бағдарлама жайлы ақпараттың көп таратылғанын, презентация өткізілгенін айтты.

«Темір ауданының қанша тұрғыны бағдарламаға қатысады?» деген нақты сұраққа ол жауап бермеді. Шенеунік мәжіліс болатындықтан сөйлесе алмайтынын айтты.

«БАҒДАРЛАМА ІСТЕН ШЫҒУЫ МҮМКІН»

– Көпшілігі күнін әрең көріп отырған халықта халықта 7 миллион теңге қайдан болсын. Жұрт бұның «Халықтық IPO» емес екенін айтады. Қазір қалада бір адам шамамен 100-200 акция (500-1000 доллар), ал ауылдық жерлерде 50-100 акция сатып алып жатыр. Көпшілігі бағдарламаға сенбейді, күдікпен қарайды. Мұнайлы аудандарда таныстыру жұмыстары мүлде жүрген жоқ. Бұл дұрыс емес. Науқанда ашықтық, жариялылық жоқ, – дейді Ақтөбе қаласындағы «Ару ана» ұйымының директоры Әлима Әбдірова.

Науқанның алғашқы екі-үш күнінде бас почтада кезекке тұрғандар қарасы көп
Халықтық IPO. (Сәбиттің карикатурасы).
Халықтық IPO. (Сәбиттің карикатурасы).
болыпты, қазір кезек жоқ. Әлима Әбдірованың айтуынша, үшінші күні почта бөлімшелерінің бірінде тек бір адам ғана есеп-шот ашыпты.

Ақтөбенің бас почтасындағы қызметкерлер «акцияларды сату барысы ойдағыдай өтіп жатқанын» айтты.

– 105 миллион теңгеден асатын сомаға 1 мың 150 келісім-шарт бекітілді, – деді Азаттық тілшісіне бас почтаның директорының орынбасары Гүлмира Нұрымбетова.

Ол халықтың «Халықтық» бағдарламасынан» хабардар екенін айтты:

– «Нұр Отан» партиясының өкілдері, лекторлар ақпараттық жұмыс жүргізіп, теледидардан сөйлеп жатыр, біз Ашық есік күнін өткіздік. Директорымыз өзі теледидарға өтініш жасап, бұл жұмыстың барысы жайлы айтып берді, жұртқа мекенжайларды хабарладық.

Бас почтаның директорының орынбасары Гүлмира Нұрымбетова бұрын тек бес бөлімше жұмыс істегенін, кейін қала бойынша тағы жеті бөлімшенің ашылғанын айтты.

«Неліктен келісім-шартта күні көрсетілмейді?» деген сұраққа директордың орынбасары «компьютерлік бағдарламаның ерекшелігі сондай» деген жауап айтты.

– Ақпарат өте көп болғандықтан, оны күнделікті өңдеп үлгермейміз. Сондықтан процесс бірден жүрмей жатыр. Аудандарда бекітілген келісім-шарттарды орталықта тексеріп алып, содан кейін ғана күнін қояды. Бұл – почтаның кінәсі емес, бізге сондай бағдарлама қойып берген. Ол істемей қалуы мүмкін, – дейді Гүлмира Нұрымбетова.

(Мақаланы дайындауға Мәншүк Асаутай қатысты).

Бұл мақаланы автордың Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында да талқылауға болады.
XS
SM
MD
LG