Accessibility links

Ирандағы наразылық жайлы қазақ диаспорасы не айтады?


Тегерандағы наразылық.
Тегерандағы наразылық.

Соңғы күндері Ирандағы наразылық басты халықаралық жаңалыққа айналды. Азаттық Иранда тұратын қазақ диаспорасы өкілдерімен хабарласып көрді.

Иранда 28 желтоқсанда басталған наразылықтың соңы саяси ұрандармен жалғасты. Елдің солтүстік-шығысындағы Мешхед қаласынан басталып, ондаған ірілі-ұсақты қалада болған осы акцияда ресми мәлімет бойынша 22 адам қаза тапты. Қамалғандар саны 1800 адам деп шамаланады. Қамаудағылардың ішінде де өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болды деген адамдар да бар. Елдегі толқуды басу үшін билік соңғы күндері үкіметті жақтаушылардың жаппай шеруін өткізіп жатыр.

Билікті қолдап өткізілген шеру. Құм. 3 қаңтар 2018 жыл.
Билікті қолдап өткізілген шеру. Құм. 3 қаңтар 2018 жыл.

ТЕГЕРАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Ирандағы Бәндар-Түркімен қаласында туып өскен 48 жастағы, өзін "зейнеткермін" деп таныстырған Айша Ескелді 90 жылдардан бері Тегеранның батыс аудандарының бірінде тұрады. Оның сөзінше, астанадағы наразылық акциясы қаланың орталығында белсенді өткен. Алайда күндіз қала орталығында қозғалыс қалыпты болған. Тек кешке қарай адамдар ереуілдету үшін алаңдарға жиналып отырған.

- Орталық жаққа жұмысыммен шыққанда полиция мен басқа да әскери күштердің қолдасып тұрып адамдарды алаңға жібермей тұрғанын көрдім. Жедел жәрдем машинасын байқадым. Тек ара-арасында жиналғандарды тарату үшін әуеге атылатын оқ даусы естіліп тұрды. Наразы халық пен полиция саны шамалас көрінді. Әуелгі күндері наразылыққа шыққандар саны ұлғайып отырды дегенді естідім. Бірақ қаланың біз тұратын батыс бөлігінде тыныш, - дейді Айша Ескелді Азаттық тілшісіне.

"Наразылыққа шығуға үгіттеп, шақырған адамдар болды ма?" деген сұраққа Айша Ескелді ондай адамдардың байқалмағанын, қауіпсіздік күштерінің бейбіт адамдарды алаңға жібермей қақпайлап тұрғанын көргенін айтқан.

Тегеран университеті маңындағы шеруге жиналғандарды әскер көзден жас ағызатын газ қолданып таратуға тырысты. 30 желтоқсан 2017 жыл.
Тегеран университеті маңындағы шеруге жиналғандарды әскер көзден жас ағызатын газ қолданып таратуға тырысты. 30 желтоқсан 2017 жыл.

Тегеран тұрғыны ереуілге шыққандардың талабы әлеуметтік жағдайдың нашарлауынан туындағанын айтады. Оның сөзінше, ирандықтар 1979 жылы болған революциядан кейін келген билік "халықтың жағдайын жақсартамыз" деген уәдесін орындамағанына наразы болған.

- Орташа тұратын адамның жағдайы аса мәз емес: азық-түлік қымбат, ел аумағында кедейлер көп. Біз Тегеранда тұрып жатқан соң, зейнетақымызды уақтылы алып жатқан соң байқалмайды ғой. Бірақ ел ішінде кедейшілік білінеді. Доллар бағамы да сәт сайын құбылып тұрады. Бір айналып келсеңіз, доллар 10-15 тұманға қымбаттап кеткенін көресіз. Бензинді де тағы қымбаттатамыз деп жатқан, - дейді Айша Ескелді.

Оның айтуынша, соңғы айларда "мемлекеттің ай сайын жан басына беретін әлеуметтік көмегі қысқарады" деген хабар тараған соң-ақ ел ішінде наразы көңіл күй байқала бастаған.

- Ахмединежад тұсынан бері үкіметтің әр ай сайын жан басына беретін 45 мың тұманы (10 доллар) болмашы ақша болғанымен, соған да өмір сүріп отырғандар бар, - дейді ол.

Айша Ескелдінің айтуынша, Иранда 25 жыл мемлекеттік қызмет өтелімен адамдар еңбек демалысына шыға береді. Ол өзінің және күйеуінің осы тәртіппен жұмыс істеп, қазір зейнеткер атанып отырғанын айтты.

Ирандағы наразылық шерулері туралы видео (1 қаңтар 2018 ж.):

Ирандағы билікке қарсы наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

ШЕКТЕУЛІ БАЙЛАНЫС

Толқу ел ішіне жайыла бастаған соң Иранда қауіпсіздік шаралары күшейіп, билік желілер мен байланысты бұғаттай бастады. Иран теле-радиосының веб-сайтында наразылықтың үшінші күні – желтоқсанның 31-інде "Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңестің бұйрығымен Telegram мен Instagram әлеуметтік желілерінің қызметі халықтың қауіпсіздігі үшін шектелгеніні" туралы хабар шықты. Ал Facebook әлеуметтік желісіне шектеулер Иранда наразылыққа дейін, брнеше жыл бұрын енгізіліп қойылған. Дегенмен кей тұрғындар "жеке желілер" мен фильтрацияға қарсы қосымшалардың көмегімен биліктің шектеулерін айналып өтудің амалын тапқан.

Ирандағы наразылық туралы фотогалерея:

Азаттық тілшісі Иранда тұратын этникалық қазақтармен Facebook және WhatsApp арқылы сөйлесуге мүмкіндік тапты. Олардың көбі жергілікті жағдай туралы ашылып айтуға құлықты болмады. "Сөйлесе алмайтындарын айтып" жауап беруден бас тартқандары да кездесті. Тек "өз аудандары тыныш" екенін және "онда тұрып жатқан қазақтар азшылық болғандықтан наразылықтың өздеріне әсер етпейтінін" жеткізді.

Атын атамауды өтінген этникалық қазақтың бірі жергілікті БАҚ-та билік "халықтың мәселесін шешеміз" деп жатқанын, ал қаза тапқандар туралы парсы тілінде хабар тарататын халықаралық БАҚ-тан естігенін айтты.

ИРАННАН КӨШІП КЕЛГЕНДЕР НЕ ДЕЙДІ?

90-жылдары Иранның Горган қаласынан Қазақстанға көшіп келген Жүсіп Кедей қазір Алматыда тұрады. Ирандағы наразылық туралы ол сонда тұратын туған-туысқандарынан естіген. Бірақ наразылық өршіп кеткен соң туыстарымен де, жергілікті таныстарымен де байланыса алмаған. Оның әңгімелеуінше, ирандықтардың дені биліктің қазіргі саясатына наразы.

- Наразылыққа шыққандар референдум талап етіп жатыр. Үкімет халықтың банкке салған ақшасын алып қайтара алмай отыр . Жастардың көбі жұмыссыз. Наразылыққа шыққандар ел дәулетін игеруден түскен қаржының Палестина, Йемен, Ливия мен Сирияға жіберілуіне де қарсылығын білдіріп отыр, - дейді ол.

Иранның Горган қаласында тұратын этникалық қазақтар, 2005 жыл. (Көрнекі сурет.)
Иранның Горган қаласында тұратын этникалық қазақтар, 2005 жыл. (Көрнекі сурет.)

Тап сол 90-жылдары Қазақстанға көшіп келген, қазір Ақтау қаласында тұратын Нияз Тобыш өздері Иранда тұрған жылдары әлеуметтік мәселе күрделі болғанымен, шешіліп отырғанын айтады.

- Сол кезде де халықтың арасында жұмыссыздық мәселесі бар еді. Бірақ қазір ол жағдай ушыққан сияқты. Иран не дегенмен 40 жылдан бері халықаралық санкция қысымында отырған мемлекет қой. Халқы әбден қиналған шығар, - дейді Нияз Тобыш Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, сол кезде де ара-тұра наразылық байқалғанымен, адамдар қазіргідей көлемде талап қойып қалың нөпірмен көшеге шықпаған екен.

- Сол уақытта жұртшылықтың арасында қазіргідей аятоллалардың билігіне қатысты агрессия жоқ еді, - дейді ол.

Иран қазақтары диаспорасының тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. Совет одағындағы жаппай қуғын-сүргін және аштық зардабынан бас сауғалаған қазақтардың бір тобы Маңғыстау жерінен Түркіменстан арқылы Иранға барып орныққан. Олардың бір бөлігі одан әрі араб елдері мен Ауғанстанға да қоныс аударған. Иран қазақтарының саны нақты айтылмайды. Шамамен үш-төрт мың қазақ диаспорасы тұратын Иран халқының саны 80 миллионға жетеғабыл деп есептеледі. Иран қазақтары Гүлстан провинциясындағы Горган, Бәндар-Түркімен, Гунбад-и Кабус және Аққала қалаларына шоғырланып тұрады. Елдің басқа да аймақтарына қызмет бабымен барып тұрып жатқан этникалық қазақтар бар. Соңғы наразылық шаралары қазақтар шоғырланған қалалардың ішінде тек Горганда ғана байқалған. Горганда наразылыққа байланысты бірнеше адамның ұсталғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG