Accessibility links

«Жиһадшылар» жайлы жазған белсендіні тексеріп жатыр


Берік Жағыпаров, жезқазғандық қоғамдық белсенді, журналист

«Сирияға жиһадқа кетушілердің көбеюі» жайлы жазған жезқазғандық белсендіні құқық қорғау органдары тексеріп, әлеуметтік желідегі жазбасын сараптамадан өткізіп жатыр.

Жезқазғандық белсенді Берік Жағыпаровтың қазанның 6-сы күні Азаттыққа хабарлауынша, оның қазанның 3-інде Facebook желісіндегі парақшасына жариялаған «жиһадшылардың жаңа легінің шығу қаупі» туралы постын жергілікті прокуратура сараптамадан өткізіп жатыр. Қазанның 4-і күні белсендіге Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасының төрт қызметкері келіп, «Жезқазғанға қарасты Кеңгір ауылынан кеткен және кетуі мүмкін жиһадшылар» туралы пікіріне түсініктеме жаздырған. Былтырғы күзден бері ИМ содырлар ұйымы «қазақстандық жиһадшылар» туралы тарата бастаған үгіт-насихат видеоларындағы адамдардың біразы Жезқазған мен Сәтбаев және Кеңгір ауылынан кеткендер болып шыққан еді.

Жағыпаровтың «Двойка жезказганским комиссарам в кожаных плащах» («Былғары плащ киген Жезқазған комиссарларына – екі» - ред.) деп атау қойылған Facebook постында «Жезқазғанға қарасты Кеңгір ауылынан биыл 2 жас жігіттің жиһадқа кеткені, тағы да 20 жас кетуге дайындалып жүргені, билік орындарының қарсы насихаттау шараларын қаржыландыруынан нәтиже шықпағаны, бұл мәселені қоғамдық талқылауға салу керектігі» туралы пікірлері айтылған.

Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы. Қарашаның 29-ы 2013 жыл.
Жезқазған қаласына қарасты Кеңгір ауылы. Қарашаның 29-ы 2013 жыл.

Белсендінің Азаттық тілшісіне айтуынша, түсініктеме алуға келген полиция қызметкерлері Жезқазған қаласы прокуроры Марат Акулов қол қойған қатынас қағаздың ұялы телефондағы көшірмесін көрсеткен. Прокурор қол қойған мәтінде оның жоғарыдағы пост мәтініне «әлеуметтік және ұлттық араздық тудыру қаупін анықтау үшін сараптама жасату» жөнінде жазылған. Берік Жағыпаров постынан әлеуметтік немесе ұлттық араздық тудыратын белгілердің қалай табылғанын түсінбей таңғалады.

- Полиция қызметкерлері «[Жиһадшыдар туралы] мұндай ақпараттарды қайдан алдың?» деп сұрайды. Ал менің айтқанымды жергілікті жұртшылық жақсы біледі. «Жиырма жігіт жиһадқа кеткелі жүр» дегенді ауыл ақсақалдарынан естідім. Ал ауыл ақсақалдарына әкімдік өзі жинап, өздері айтқан, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Берік Жағыпаровтың басындағы жайға байланысты Жезқазған қалалық прокуратурасына хабарласқан еді. Қала прокурорының көмекшісі Абай Әзімбаев белсендінің жазбасын прокуратураның тексертуі туралы ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармай, арнайы хат жазып, сауал жолдауды талап етті.

«Жиырма жігіт жиһадқа кеткелі жүр» дегенді ауыл ақсақалдарынан естідім. Ал ауыл ақсақалдарына әкімдік өзі жинап, өздері айтқан.
Берік Жағыпаров

Ал Жезқазған қалалық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Аманжол Рзанбетовтің Азаттыққа айтуынша, прокуратураның сілтеуінен кейін Берік Жағыпаровтан ішкі істер басқармасының жедел тергеу тобы түсінік алған.

ҚОСЫМША ОҚЫҢЫЗ: СИРИЯ МЕН ИРАКТАҒЫ СОҒЫСҚА ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН БАРАТЫНДАР

- Берік Жағыпаровтың «Сирияға жиһадқа кеткендер мен кеткелі жүрген тағы бір топ азамат бар дейтін» материалын Астанадағы дін істері агенттігінің сараптауына береміз. Сараптама қорытындысы бойынша істің барысы белгілі болады. Әзірге оған ешқандай айып тағылған жоқ, - деді ол.

Жергілікті биліктің «жиһадшылар мәселесіне» қатысты Кеңгір ауылының ақсақалдарымен кездесу өткізгенін Азаттық тілшісіне Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Айшагүл Тасмағамбетова растады. Оның сөзінше, «жиһадқа кетуі ықтимал» жастардың жалпы тізімі құқық қорғау органдарында болуы мүмкін, бірақ олардың нақты санын ешкім айта алмайды.

Сараптама қорытындысы бойынша істің барысы белгілі болады. Әзірге оған ешқандай айып тағылған жоқ.
Аманжол Рзанбетов, тергеу бөлімінің бастығы

Қарағанды облысындағы Жезқазған және Сәтбаев қаласы мен Жезқазғанға қарасты Кеңгір ауылының ондаған жас тұрғынының Сирия мен Иракта жүріп жатқан қарулы қақтығыс кезінде радикал исламшылдар жағында соғысып жүргені былтыр күзден бері мәлім бола бастаған. Содан бері жергілікті сот олардың кейбіріне «экстремизм бабы» бойынша айып тағып, сырттай қамауға алу туралы үкім еткен, ал бірнешеуі ұсталды деп хабарланған.

Қолданыстағы қылмыстық кодекстің «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе діни араздықты қоздыру» деп аталатын 164-бабы бойынша Қазақстанда бірнеше рет қоғамдық белсенділер жауапқа тартылған еді. Бұл бап бойнша жауапкерге айып салудан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Пікірлерді көріңіз (3)

Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
XS
SM
MD
LG