Accessibility links

«Жапония ОА-ға Қытай ықпалы күшейгеніне алаңдайды»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ (сол жақта). Астана, 27 қазан 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ (сол жақта). Астана, 27 қазан 2015 жыл.

Қазақстанға екі күндік сапармен Жапония премьері Синдзо Абэ келді. Азаттыққа сарапшы Ләйлә Нұрғалиева екі елдің қарым-қатынасы мен мүдделері жөнінде әңгімелеп берді.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ қазанның 22-сінен бастап Моңғолия, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерді аралады. Жапония премьер-министрі Қазақстанға осымен екінші рет келді. 2006 жылы бұл елдің сол кездегі премьері Дзюнъитиро Коидзуми Қазақстанға ресми сапармен келген болатын.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқыққорғау ұйымы Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні ОА-ға сапары кезінде «аймақтағы адам құқығының алаңдатарлық жағдайы туралы мәселе көтеруге» шақырды.

Азаттық тілшісі осыған орай қазақ-жапон қатынастарын зерттеуші, қазір Жапонияның Кюсю (Kyushu) университетінде PhD ғылыми дәрежесін қорғау жүйесі бойынша оқып жүрген Ләйлә Нұрғалиевамен сұқбаттасты.

Азаттық: - Жапония премьер-министрі бұл сапарында қандай мақсат көздейді?

Ләйлә Нұрғалиева: - Жапонияның көптеген ақпарат құралдары премьер-министр Абэ ең әуелі энерго тасымалын диверсификациялау үшін табиғи ресурстарға бай Орталық Азия елдерімен байланысты күшейтуді қалайды, сонан кейін ғана бұл елдерге Қытай ықпалын азайтуды көздейді деп жазып жатыр. Жапонияның бірінші кезекте аталған өңірде Қытай ықпалын қатты күшейгеніне алаңдайтынына назар аудартқым келеді. Аумағынан Жібек жолы өтетін Қазақстан - аймақтағы маңызды ел. Осыны түсіне отырып Жапония бұрынғыдан белсендірек қимылдағысы келеді. Сондықтан премьер-министр Коидзумидің 2006 жылғы сапарынан кейінгі бұл сапарды жоғары деңгейдегі екінші сапар деп ойлаймын.

Жапония осыған дейін «Орталық Азия+Жапония» деген форматта жұмыс істеп келген еді. Бірақ олар Қазақстанмен қатынасты нығайту үшін бұл форматтың аздық ететінін, жоғары деңгейдегі келіссөздер қажет екенін түсінді. Менің ойымша Қазақстанға да мұндай қатынас тиімді болады, өйткені жоғары технологиялы Жапония Қытаймен ара салмақты теңдестіруге ықпал ете алады.

Азаттық: - Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Синдзо Абэні осы сапарында Орталық Азия мен Қазақстандағы адам құқығына назар аударуға шақырды. Қазақстанға сапарында ол жөнінде Қазақстан билігіне айтуы мүмкін бе?

Қазақ-жапон қатынастарын зерттеуші Ләйлә Нұрғалиева. Сурет жеке мұрағаттан алынған.
Қазақ-жапон қатынастарын зерттеуші Ләйлә Нұрғалиева. Сурет жеке мұрағаттан алынған.

Ләйлә Нұрғалиева: - Абэ Human rights туралы айта қояды деп ойламаймын, өйткені ол үшін ең бастысы - Қазақстанмен қатынасты нығайту. Ол Энергетика ресурстары саласында жұмыс істейтін Жапонияның 50 ірі компаниясымен Қазақстанның ынтымақтастық орнатқанын қалайды. Human Rights ескертпесін бәлкім сөз арасында айтып өтер, бірақ ол Абэнің негізгі мақсаты емес.

Азаттық: - Жапония Қазақстандағы экологиялық мәселелерге жиі назар аударатын. 1999 жылы БҰҰ аясында Жапония үкіметі Семей полигонының проблемаларына арнап конференция да өткізген. Кейін Семей ядролық сынақ алаңынан зардап шеккендерге де көмектесті. Кейін Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты ол көмектерін тоқтататынын да хабарлаған еді.

Ләйлә Нұрғалиева: - Меніңше, Жапонияның жәрдемі тоқтады дегеннен гөрі, жәрдемнің түрі өзгерді деген дұрыс болатын сияқты. Жапония Семей ядролық сынақ алаңы туралы семинар, фотокөрмелер өткізу, осыған байланысты концерт ұйымдастыру секілді жекелей көмектесу жолдарын жүзеге асырып келеді. Қазақстан жағынан жеке адамдар қатысатын мұндай жобаларды Жапония ұдайы ұйымдастырып келеді.

Азаттық: - Жапония Арал мәселесінің халықаралық деңгейде көтерілуіне ықпал еткен еді. Қазір Арал мәселесіне Жапония қаншалықты араласады?

Ләйлә Нұрғалиева: - Жапония Қазақстандағы экологиялық проблемаларды шешуге көмектескісі келеді. Бірақ оны қалай жүзеге асырудың нақты жоспары жоқ. Олар мұны «Орталық Азия+Жапония» диалогы мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жапон агенттігі (JICA) арқылы жасап келген, бірақ ол жеткіліксіз болды. Орталық Азия елдерінде су проблемасы онсыз да көп. Сондықтан Жапония қазір Арал мәселесін шешуге тиімдірек көмектесудің жолдарын қарастырып жатыр.

Азаттық: - Қазақстан мен Жапонияның атом өндірісі саласындағы байланыстары қандай? «ҚазАтомӨнеркәсібі» компаниясын Мұхтар Жәкішев басқарған тұста Toshiba компаниясымен келісімшартқа отырғанын мәлімдеген еді. Қазір екі компания арасында жоғары деңгейлі байланыстар бар ма?

Ләйлә Нұрғалиева: - 2010 жылы наурыз айында Қазақстан мен Жапония арасында келісімшартқа қол қойылған. Сонда Жапония ақпарат құралдары «уран қоры бойынша әлемде екінші орын аламыз деп мақтана алатын елден Toshiba және Tokyo Electric Power Company компаниялары атом электр станциясы үшін тұрақты отын алатын болды» деп жазды. Келісімшарт екі елдің парламенті ратификациялағаннан кейін күшіне енген.

Алайда «Қазатомөнеркәсібі» компаниясының жетекшісі Мұхтар Жәкішев қызметінен босатылған соң, жапон ақпарат құралдарының «ресейшіл Школьник келгеннен кейін Жапония уранның тұрақты жеткізілетініне күмәндана бастады» деп жазғанын көрдім. Жапондықтармен сөйлескенімде олардың Мұхтар Жәкішевті өте мықты менеджер ретінде құрметтейтінін, қызметтен кетірілгеніне өкінішпен қарайтынын байқадым. Мұхтар Жәкішев басқарған тұста «Қазатомөнеркәсібі» шетелдік компаниялар арасында танымал еді. Менің ойымша Мұхтар Жәкішев кеткеннен кейінгі «Қазатомөнеркәсібінің» бағыттары жапондықтардың күдігін біршама растағандай болды. Ал Toshiba кейін Семей ядролық сынақ алаңына жақын Курчатов төңірегінде атом қуаты бойынша ғылыми-зерттеу инсититутын құрды. Бұл институттың жұмысы ядролық отын циклі технологиясымен байланысты зерттеулер жасайды.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!

XS
SM
MD
LG