Accessibility links

Журналистерді «дін туралы дұрыс жазуға» үйретті


Журналистер діни семинар-тренингте отыр. Астана, 30 қазан 2015 жыл.
Журналистер діни семинар-тренингте отыр. Астана, 30 қазан 2015 жыл.

Дін істері комитеті Астанада журналистерді «радикалдық діни ағым идеяларын таратуға» қарсы іс-қимылға үйрететін семинар-тренинг өткізді.

Қазанның 30-ы жұма күні журналистерді бір күн бұрын Астанада дінтанушылардың бесінші форумы өткен қонақүйге жинады. Бейсенбі күні дін істері жөніндегі комитет «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық меморандумын бекітуді жоспарлаған. Дін істері комитеті төрағасы Ғалым Шойкин Азаттыққа берген сұхбатында меморандумды бекіту мәселесі «белгілі бір себептермен» кейінге қалдырылғанын, бірақ жуық арада бекітілетінін айтады.

МЕМОРАНДУМ БЕКІТІЛМЕДІ

— Біздің міндетіміз – бұқаралық ақпарат құралдарына жақын болып, олармен бірлесіп әрекет ету және ынтымақтастық орнату. Не үшін дейсіз бе? Діни ахуал жайлы, мемлекеттік органдардың жұмысы, дін саласындағы әлдебір оқиғалар жайлы шынайы ақпаратты қолма қол беру үшін. Біздің міндетіміз – журналистердің бұл мәселелер бойынша кәсіби тұрғыдан хабар таратуына көмектесу, қалай қателеспеуге болатынын көрсету. Біздің журналистер «джихад», «шахид» сөздерін орынсыз жиі қолданады, бұлар – «таза» діни терминдер. Кейде әлдебір қылмыскердің әрекеті туралы хабар таратқан кезде біздің журналистер оны «шахид» деп атайды, - дейді Ғалым Шойкин Азаттыққа.

Жас журналистер "Ақниет" орталығында діни ағымдар туралы дәріс тыңдап отыр. Астана, 30 қазан 2015 жыл
Жас журналистер "Ақниет" орталығында діни ағымдар туралы дәріс тыңдап отыр. Астана, 30 қазан 2015 жыл

Жергілікті журналистерге арналған тренингте дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек, «Ақниет» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық ұйымының директоры Әлім Шауменов, «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту» мемлекеттік коммуналдық мекеме директоры Гүлнәр Оразбаева және «Білім» мәдени-ағарту орталығының жетекшісі Руслан Иржанов дәріс оқыды. Олар «сананы улайтын жалған идеяларды уағыздайтын шағын қауым құрып алған әрі бір бөлігі Сирияға кетуді жоспарлап жүрген Қазақстандағы дәстүрден тыс ағым өкілдерінің радикалдануына» қатысты алаңдайтынын мәлімдеді. Радикалданған азаматтардың бұл тобында қазір 16-35 жас аралығындағы қыз-келіншектер көбейіп барады.

Лекторлардың журналистерге мәлімдеуінше, радикалдық сипаттағы діндарларды «шымқай қара хиджабтан, қысқа балақ шалбар мен сақал жібергеніне» қарап ажыратуға болады. Кейбір баспасөз өкілдері «мұсылмандардың бәрі осындай деп біржақты пікір айтуға болмайды ғой» деп наразылық білдірді.

Кейбір журналистер «Оқу орындарында мұсылман әйелдерінің хиджаб киюіне тыйым салу қажет пе?» деп сұрады.

Олар көп нәрсені мойындамайды. Кейбіреулері қоғамдық бірлестік құрғысы келеді. Ал біз мұның арты неге соқтырады деп ойлаймыз.

«Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту» мемлекеттік коммуналдық мекеме директоры Гүлнәр Оразбаева «Қазақстанда бұл тақырып бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, бірақ кейбір БАҚ-тар бірден керісінше жазады» деп мәлімдеді. Шенеунік журналистерді "хиджаб кию – қазақтардың болмысына жат, сырттан енген дәстүр" деген уәжге сендіруге тырысты. Ол «Қазақстанда мұндай қыз-келіншектер көбейіп барады әрі олардың көбі дәстүрден тыс ислам ағымдарын ұстанады, ал біз оларға ештеңе істей алмай отырмыз» деп мәлімдеді.

— Әлгі қауымдарға астыртын кіріп, олармен сөйлесеміз, біздің қоғамдағы өмірге бейімдеуге тырысамыз. Олар көп нәрсені мойындамайды. Кейбіреулері қоғамдық бірлестік құрғысы келеді. Ал біз мұның арты неге соқтырады деп ойлаймыз, - дейді Гүлнәр Оразбаева.

«ОҢАЛТУ» ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

«Думан» қонақүйіндегі лекция мен талқылаудан кейін журналистерді Астананың сол жағалауына– «Ақниет» ақпарат-насихат және оңалту орталығының «Нұр Астана» мешітіне таяу жерде орналасқан кеңсесіне апарды.

Бұл жерде «Ақниет» орталығы жетекшісінің айтуынша, «оңалту» процедурасынан өтіп жатқан жандар журналистердің көзіне түспеді. Орталықта журналистермен тағы да дәстүрден тыс ислам ағымдары жайлы әңгіме қозғалды. Орталық өкілдерінің айтуынша, мұнда жыл басынан бері «150 адамды оңалтып, 700-ге жуық діндарды исламның дәстүрлі ағымына қосқан».

Ал бұл жұмысты нақты қалай жүргізгендерін орталық өкілдері журналистерге түсіндірмеді. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, орталыққа көбінесе жақын адамдарын «радикалдық діни бірлестіктердің» ықпалынан шығаруға көмектесуді сұраған әйелдер мен туыстары келеді. Қоғамдық ұйым белсенділері орталықта бұл жұмыс ойдағыдай жүргізіледі деп санайды.

«Ақниет» оңалту орталығының өкілдері азаматтардың радикалдық діни ағымдарға еру себептерінің бірі ретінде сырттан келетін әлдебір идеологияны, совет заманынан қалған рухани вакуумды және отбасында ата-аналардың балаларын «тиісті құндылықтарға» баулуға құлықсыздығын атайды. Олар ақшаға мұқтаждық, жұмыс тапшылығы, баспанаға зәрулік сияқты әлеуметтік проблемаларды маңызды фактор емес деп санайды.

Шара аяқталғаннан кейін журналистерге «дін тақырыбына қатысты дұрыс хабар таратқаны үшін» наградалар мен жүлделер беріледі деп уәде етілді.

Мақаланы қазақ тіліне аударған - Айжан Оралғазина.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG