Accessibility links

Евгений Танковтың түрмедегі және бостандықтағы өмірі


Евгений Танков. Қарағанды, 5 қараша 2016 жыл.
Евгений Танков. Қарағанды, 5 қараша 2016 жыл.

Жұртқа шалт қылығымен танылған заңгер Евгений Танков бостандыққа шыққан соң бүкіл уақытын шығармашылыққа арнауды ұйғарған. Бірақ кейде соттарға да қатысуға уәде етеді.

«Судьяны шыбын қаққышпен ұрғаны» үшін Қарабас кентіндегі колонияда екі жарым жыл отырып, 2016 жылғы қыркүйекте бостандыққа шыққан қарағандылық заңгер Евгений Танков Азаттық тілшісімен кездесуге кешікпей келді. Оның өзгешелеу кейпі жүргіншілер назарын бірден аударды. Күннің суығы мен желге қарамастан Танков жеңіл киініпті, шашын өзгеше үлгіде алдырған басы да жалаңбас. Бірақ лагерьде киген бас киімін кездесуге ала келіпті. Тұтқынның арнайы формасын естелік болсын деп алғанын айтады.

Танковтың түрмедегі және бостандықтағы өмірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:35 0:00
Жүктеп алу

БҰРЫНҒЫ ЕКІ ТҰТҚЫННЫҢ БОСТАНДЫҚТА КЕЗДЕСУІ

Евгений Танковтен сұхбат алып тұрғанда көшеде бізге Азамат есімді бұрынғы тұтқын жолықты. Екеуі күліп, бір-бірінен бостандықтағы өмір жайлы сұрастыра бастады. Әңгімелеріне қарағанда, екеуі әуелі тергеу абақтысы, ал кейін колонияда бірге отырыпты. Азамат ең алғаш Танковты Қарағандыдағы СИ-16 карантин карцерінде жолықтырғанын және матрас көтеріп кіріп келген Танковтың ерекше амандасқан сәті де есінде екенін айтады.

Евгений Танков түрмеде бірге отырған бұрынғы тұтқынмен көшеде кездейсоқ кездесіп қалды. Қарағанды, 5 қараша 2016 жыл.
Евгений Танков түрмеде бірге отырған бұрынғы тұтқынмен көшеде кездейсоқ кездесіп қалды. Қарағанды, 5 қараша 2016 жыл.

СИ-16 карцерінен кейін Азамат пен өзге тұтқындардан көп ерекшелігі бары байқалған Евгений Танков Қарабастағы колонияда кездескен. Ол қамауда отырғанда да эпатажды қалпынан айнымағанға ұқсайды.

- Адвокат екенін білгенде жұрттың бәрі одан кеңес сұрай бастады. Ол жазып берген апелляциялық шағымдардың арқасында қаншама адам түрмеден босап шықты! Ол өте көп адамға көмектесті. Аштық жариялағанының арқасында да көп нәрсе, мысалы, тамақ сапасы өзгерді. Түрмеде бәрі жамырап оған алғыс жаудырып жататын. Олар мұндайды күтпеген еді. Ол бүкіл лагерь үшін «алысты», - деп еске алады Азамат.

Азамат апелляциялық шағымын түзетіп беруін сұрап Танковтың көмегіне өзі де жүгінгенін айтады. Ол бұл жолы да тағы бір шаруаға қатысты кеңес беруін сұрады.

ТҮРМЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АЛАҢЫ РЕТІНДЕ

Евгений Танков түрмеге түсем де ойламағанын айтады. Бірақ ол қамауда отырып шыққанына өкінбейді. Қазір күнделікті өмірі қамауға дейінгі кез сияқты көңілді өтіп жатыр.

- Лагерьге түсу үшін бәрін алдын ала жоспарлап алдың ба деп менен жиі сұрайды. Мен ондай мақсат-міндет болған емес. Мақсатым - өз көркемдік идеямды іске асыру болды. Ойымдағыны іске асырдым. Мені қалайда тұқыртып алу керек болды да, еш қатері жоқ әрекетімді қылмыс деп таныды. Кітабымда бұл жайлы бастан-аяқ жазамын. Бұл - орынды тәуекел болатын. Ақыры түрмеге түскен соң, бұл мүмкіндікті барынша пайдаландым. Бұл ешқандай ақшаға сатып ала алмайтын, шығармашылық үшін сондай бір өзгеше алаң болды маған, - дейді Танков.

Қарағанды облысы Қарабас кентіндегі түзеу колониясына түскенге дейін оны бірнеше мәрте этаппен жөнелткен. Қарағандыда да, Алматыда да отырған, ал сол екі арада бір рет оны Алматыдағы «жындыханаға» да қамаған. Евгенийдің сөзінше, ол жерде ешкім күштеп дәрі-дәрмек ішкізбеген. Бірақ онымен сұхбат өткізіп, әлдебір тестен өтуді ұсынған. Ақыры Танковты өз іс-әрекетіне жауап беруге қабілетті деп таныған. Заңгер «бұл жағынан менде қабілет жетіп артылады» деп қалжыңдайды. Айтпақшы, Танков «жындыханада» да жұртқа кеңес бергенін айтады.

АШТЫҚ ЖӘНЕ ҚОЙҒАН ТАЛАПТАР

Колонияда жаза мерзімін өтеп жатқанда Евгений Танков көптеген шағым жазып, аштық жариялау арқылы колония әкімшілігіне талаптар қойған. Өзі оны әлдебір эксперимент тәрізді нәрсе болды дейді. Ол тұтқындарға берілетін ас-су сапасын жақсартуды, оларды киім-кешек, гигиеналық заттармен қамтамасыз етуді талап еткен. Сонымен бірге тұтқындар азық-түліктен өзге қажет затын сатып алуы үшін ол түрме дүкеніндегі тауар түрлерін көбейтуді де талап еткен. Аштық жариялаудың «арқасында» ол тұтқындардың жағдайын біраз жақсартуға қол жеткізген, бірақ өз денсаулығына нұқсан келген. Аштық жариялау кезінде оны тіпті психоизоляторға да қамаған.

Евгений Танковтың түрмеден шығуы. Азаттық видеосы:

Евгений Танков бостандыққа мысығымен бірге шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:36 0:00

Тұтқындар көбінесе күш қолдану және моральдық қысымдарға қатысты шағымданатын. Танков мұны тоқтатуды талап еткен.

- «Азаптау жасағы» деп аталатын үшінші отрядта болып шыққан тұтқындар қысым жасады деп шағымданатын. Ондаймен тұтқындардың өзі айналысатын. Мен тұтқындардан шағым көп түсетін әлгі үшінші отрядқа талай мәрте комиссия жібердім, бірақ ол жақтан ешкім шағымданбай қоятын, ал мен олардың орнына жәбірленуші ретінде шағымдана алмаймын ғой. Кей жайттарды өзім көріп, ол жақтан айғайлаған дауыстар еститінмін, өйткені үшінші отряд мен болған төртінші отрядпен бір ғимаратта болатын, ал терезелері аула жаққа қарайтын. Ол жақта өздеріне не істегенін маған ондаған тұтқын айтып берген. Бірақ бұл жайлы кітабымда толығырақ етіп жазамын, - дейді Евгений Танков.

Евгений шамамен 300-дей тұтқынға жаза мерзімін қысқарту, өтелмеген жазасын жеңіл жазаға ауыстыруды сұрап өтініш беру тәрізді заңдық көмек көрсеткенін еске алады.

- Төртінші отрядтың бір өзінен ғана 58 адам бостандыққа ерте шықты, біреуіне жаза мерзімін қысқартты, біреуінің жазасын жеңілдетті. Бірақ бұл толық саны емес, өйткені біреулерін ауыстырып жіберді де, оларға қатысты шыққан шешімдерді бақылай алмадым, ал лагерьде 700-800 адам отырған, - дейді Танков.

«ҚАЛАҒАНЫМДЫ ІСТЕДІМ»

Танков тұтқындардың оған және өзінің тұтқындарға деген қарым-қатынасы әркелкі болғанын айтады. Қарабас колониясына түскен сәтке қарай Қазақстанда «қара» колония қалмай, бүкіл лагерьлердің бәрі режимге мойынсұнатын колонияларға айналған деп еске алады.

- Ол жақта бұрын лагерьде «қадағалаушы» болған немесе Шымкенттегі екі ауданды уысында ұстағандар болды, бірақ қалғандары сияқты төсек-орнын өздері жинап, барлық шаруаны өздері істейтін. Ал мен қалағанымды істедім. Сондықтан олар мен жасағанды істей алмайтынына ыза болатын. Ертеректе 2-3 мәрте отырып шыққандар да, «қылмыс әлемінің шенеуніктері» тәрізді болып жүргендер де, «қара» лагерьде отырып шыққандар да ыза болатын. Ал әкімшілікпен арада проблема шыққанда немесе әлдебір қағаз жазу керек болғанда олар маған келетін. Бірақ мен мұның бәріне байыппен қарадым. Ал лагерь әкімшілігі менімен текетіреске онша құлықты болмады, - дейді Танков.

Қамауда болған кезде лагерьдің күнделікті қарбалас тыныс-тіршілігінен ғана емес, тұтқындардың толассыз өтініштерінен де көңіл бөлуге тура келген. Сондықтан Танков шығармашылықпен, спортпен, тұтқындарды әртістік әдіс-тәсілдерге үйрету сынды істермен айналысқан. Армрестлингтен өткен жарыстарға қатысқан. Колонияда тіпті фильм түсіргісі келген, бірақ әкімшілік оған рұқсат бермей қойған.

«СОТТАРҒА СИРЕГІРЕК ҚАТЫСАТЫН БОЛАМЫН»

Келесі жылдан бастап соттарға да сирек баратын шығармын. Сотқа әр келгенім қызық оқиға, өнер туындысына айналуы үшін анда-санда бір көрініп тұрармын

Әңгіме барысында Танков заңдық қызмет көрсетуге енді уақытын азырақ бөлетінін, көбінесе кітап жазу, кинематографқа араласу сияқты шығармашылыққа ден қоятынын айтып қалды. Ол қарашаның соңында дейін жазушы Иван Тургенев туралы кітабын аяқтап, арнайы сайтында жарияламақ. Танков Ницшеге байланысты барлығы 27 кітап жазуды жоспарлап отыр. Басты мақсаты болмағанымен, әдебиеттану саласында да ақша табуға болатынын айтады. Ал заңдық көмек көрсету ол үшін енді ақша табудың негізгі көзі болмайды.

- Енді заңдық көмек көрсетуден түсетін табысымның үлесі біраз азаяды. Яғни ақша табу үшін айналысатын істер не мүлде болмайды, не өте аз болады. Келесі жылдан бастап соттарға да сирек баратын шығармын. Сотқа әр келгенім қызық оқиға, өнер туындысына айналуы үшін анда-санда бір көрініп тұрармын, - дейді Евгений Танков.

Үйленіп, бала-шағалы болу әзірше оның жоспарында жоқ. Ол биыл 70 жасқа толатын югославиялық суретші, перфоманс жанрының шебері Марина Абрамович қана «менің жарым бола алатын шығар» деп қалжыңдайды. Ал әзірше ол отбасын құру - шығармашылығыма бөгет жасайды деген ойда.

XS
SM
MD
LG