Accessibility links

Үйін тасқын бұзған тұрғындар ұры-қарыдан қорқады


Сыздықовтар отбасы тасқын судан бүлінген үйлерінің жанында тұр. Нұра станциясы, 17 мамыр 2015 жыл.
Сыздықовтар отбасы тасқын судан бүлінген үйлерінің жанында тұр. Нұра станциясы, 17 мамыр 2015 жыл.

Қарағанды облысындағы өзге ауылдар сияқты сәуірдегі су тасқынынан зардап шеккен Нұра станциясы тұрғындары биліктің уәдесінен үміттенеді. Баспанасы бұзылатын жандар әзірше көрінген бұрышты паналап отыр.

Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданындағы Нұра станциясында бір мың 800 адам тұрады. Қазір кентке жету қиын. Су шайып кеткен күре жолды әлі жөндеп бітпеген. Азаттық тілшісі ауылға бұрма жолдармен әрең жетті. Халқының көбі саманнан соғылған үйлерде тұратын бұл шағын елдімекен тасқыннан қатты зардап шеккен.

Бір-біріне ұқсағанымен, тұрғындардың қаупі мен шағымы әр қилы. Көрші Ғабиден Мұстафин атындағы кент тұрғындары «билік аз өтемақы берді» деп шағымданады. Ал Нұра тұрғындары көбінесе «апатты үйлерді жуырда ғана бұза бастады, жаңа үйлер қыс түскенше дайын болмай қалса қайтеміз» деп уайымдайды. Орталық Қазақстанда суық әдетте ерте, тамыздың аяғында түседі.

Кейбір тұрғындар «баспана жалдауға жұмсаған ақшамызды кейін өтемей қойса немесе толық қайтармаса қайтеміз» деп уайымдайды. Нұра станциясы тұрғындары «бұзу жұмыстары да, жаңа үйлердің құрылысы да әзірше баяу жүріп жатыр» дейді.

«ЕКІ ЖАҚТА ЖҮРМІЗ»

Нұра станциясында тұратын Сыздықовтар отбасының бір жыл бұрын сатып алған үйі қазір есік-терезесіз, шатыр-еденсіз әрі қабырғасы қаусап, құлайын деп тұр. Ағыс күшіне шыдамаған саман үйдің кейбір тұстары опырылып кеткен. Қазір үйіндіге көбірек ұқсайтын бұл үй де бұзылуы тиіс.

Сыздықовтар отбасы туралы Азаттық видеосы:

Жас отбасы тасқын бұзған үйін жөндегісі келеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:54 0:00

Ерлі-зайыптылардың екеуі де балалар үйінің бұрынғы түлектері әрі жас баласы бар. Бұл отбасы туралы Азаттық олар Теміртау қаласында эвакуацияланғандарға арналған лагерьде тұрып жатқан кезде жазған. Су тасқынынан кейін ерлі-зайыптылар екі бөлек тұруға мәжбүр болған. Отағасы Серік Сыздықов бір айдан бері сәуірдегі тасқыннан бүлінген гаражды паналап отыр. Ал келіншегі Светлана Латунова бес айлық қызымен темір жолдың арғы бетіндегі топан су көп жайылмаған тұстан бір бөлме жалдап тұрып жатыр.

– 25 мың теңгеге уақытша баспана таптық. Әкімдік баспананы жалдаған ақшаны кейін өтеп береміз деді. Банктен ашқан есеп-шотты көрсетіп, арыз жаздық, - дейді Светлана Латунова Азаттық тілшісіне.

Күйеуі тасқыннан аман қалған заттарды күзетіп әрі үйдің судан қалған бөлігін бұзып, гаражды қалпына келтіріп жатқандықтан, ерлі-зайыптылар әзірше екі бөлек тұруға мәжбүр. Серіктің айтуынша, су тасқынынан соң ауданда ұрлық-қарлық болған. Сондықтан ол әзірше ешқайда кетпей, су тасқынына дейін Астанадан тауып қойған жұмысына да шыға алмай отырғанын айтады. Оның айтуынша, қазір ақшаны үнемдеп жұмсап, гуманитарлық көмектен қалған азық-түлікті қорек етіп отыр.

Тасқыннан зардап шеккен Нұра станциясы тұрғыны Серік Сыздықов баласымен бірге гаражының алдында тұр. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.
Тасқыннан зардап шеккен Нұра станциясы тұрғыны Серік Сыздықов баласымен бірге гаражының алдында тұр. Қарағанды облысы, 17 мамыр 2015 жыл.

– «Жеркепемізді қашан бұзасыздар?» деп сұрағанмын. Техника табылған бетте келеміз деп айтқан. Бірақ әлі келмей жатыр, тіпті телефон да соққан жоқ. Уақыт болса өтіп барады, суық түскенше үйімізді салып үлгермей ме деп қорқамын. Олар әні-міне келіп қалар деп күтіп, жұмысқа да шыға алмай қалдым. Қазір жұрттың қақпасы сияқты заттарын дәнекерлеп беріп, кездескен жұмыспен күнелтіп отырмыз, - дейді Серік Сыздықов Азаттық тілшісіне.

Судан бүлінген дүние-мүлкі үшін жас отбасыға 189 мың теңге (шамамен бір мың доллар) бөлген. Жұмыс жоқ болғандықтан, ақшадан тарыққан Сыздықовтар бұл ақшаның бір бөлігін қажетіне жұмсаған. Оның үстіне, үй мәселесі шешілмей, жаңа жихаз бен техника сатып алудың мәні жоқ дейді жас отбасы.

ҚЫРАТТАҒЫ ҮЙ

Нұра станциясының тағы бір тұрғыны А.Эльзаның басындағы жағдай да қиын. Бұл әйелдің үйі тасқыннан қатты бүлінгендіктен, апатты деп танылған. Енді бұзылуы тиіс. Бірақ оның уайымы бұл емес. Әйел үйінің құжатынан ертеректе нотариус жіберген қателік табылып, қазір әуре-сарсаңға түсіп жүр екен.

Тасқыннан соң тұруға келмейді деп танылған, иелері бұзып әкеткен үйдің орны. Нұра станциясы, 17 мамыр 2015 жыл.
Тасқыннан соң тұруға келмейді деп танылған, иелері бұзып әкеткен үйдің орны. Нұра станциясы, 17 мамыр 2015 жыл.

– Осының кесірінен менің үйімді елдің соңында бұзып, соңғы кезекте салатын болды. Нотариустың қатесін көрсетіп, сотқа жүгіндім. Қазір туыстарымның үйінде тұрып жатырмын, үйіме барып, кейін құрылысқа жарайтын материалдарын бұзып, бір шетке жинастырып жүрмін. Бірақ үй салып бермей қойып, мүлде үйсіз қаламын ба деп қатты қорқамын. Станцияда ешқандай түсіндіру жұмыстарын жүргізген жоқ, сондықтан жұрт бәрінен қауіптенеді, сенбейді. Егер сату-сатып алу келісім-шартындағы қатені әу бастан көрсетсе, қазір мұндай проблема тумас еді, құжаттарды уақытында жөндеп алар едім. Енді, міне үлгермей қалдым, - дейді А.Эльза Азаттық тілшісіне.

Бағалаушы мамандар бұл әйелге су тасқынынан келген зиянды 99 мың 900 теңге (540 долларға жуық) деп бағалаған. Әйелдің айтуынша, ақшаны әлі аудармаған.

Әңгімеге араласқан тағы бір тұрғын әйел су тасқынынан кейін іргетасын шайып кеткен үйі апатты деп танылғанын айтты. Үйі қыратта тұрғандықтан, жихаз бен техника бүлінбеген. Бірақ билік «үй бұзылады, қауіпті болғандықтан, мұнда тұрмаңдар» деп кеңес берген. Бірақ ол «көп ақша, көп күш салып тұрғызған үйімізді бұздырғымыз да, тастап кеткіміз де келмейді. Қазір не болса да тәуекел етіп тұрып жатырмыз» дейді.

БИЛІК УӘДЕСІ

Азаттық тілшісі Нұра станциясы қарайтын Бұхар жырау әкімдігінен комментарий сұрады. Әкімдік тұрғындардың «үйлерді әлі бұзып біткен жоқ, құрылыстың қашан басталатыны да белгісіз, уақытша баспана жалдауға жұмсаған ақшамызды өтеп бере ме» деген қаупін сейілтуге тырысты.

Сәуірдегі тасқын салдарынан Ғабиден Мустафин ауылындағы бір бұрышы құлап қалған үй. 17 сәуір 2015 жыл.
Сәуірдегі тасқын салдарынан Ғабиден Мустафин ауылындағы бір бұрышы құлап қалған үй. 17 сәуір 2015 жыл.

– «Апатты деп танылған үйлерді маусымның 1-іне дейін бұзып бітіріңдер» деген ресми тапсырма бар. Бірақ бұған өз басым кепілдік бере алмаймын. Нұра станциясында қазірдің өзінде үш үй бұзылып, дайын тұр. Жұмыс қалай жүріп жатқанын өз көзіммен көріп келдім. Жұмыс Мұстафин кенті мен Нұра станциясында қатар жүріп жатыр. Уақытша баспана сұрағандардың бәріне үй жалдауға жұмсаған ақшаны өтеп береміз. Үш айдың ақшасы бірден төленеді, - дейді Бұхар жырау ауданы әкімінің орынбасары Асхат Әли.

Оның дерегінше, ауданда 155 адамнан уақытша жалдаған баспананың ақшасын төлеп беру туралы өтініш түскен. Нұра станциясы мен Ғабиден Мұстафин атындағы кент тұрғындарымен 57 келісім-шартқа қол қойылған.

Әкімдікке Нұра станциясы мен Ғабиден Мұстафин атындағы кенттен үйі мен қора-қопсысын қалпына келтіруге көмек сұраған барлығы 680 өтініш түскен.

XS
SM
MD
LG