Accessibility links

Шахандағы жарылыстан соң шенеуніктер мен кеншіні сотқа тартты


Шахан кентіндегі оқиғаға байланысты сот. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, 4 шілде 2017 жыл.
Шахан кентіндегі оқиғаға байланысты сот. Қарағанды облысы Шахтинск қаласы, 4 шілде 2017 жыл.

Қарағанды облысың Шахан ауылының әкімін «қызметі бойынша әрекетсіздік танытқаны үшін» айыптады. Әкіммен бірге оның қарамағындағы төрт қызметкердің де ісі сотта қаралып жатыр.

Сот кезінде Шахан ауылындағы жаңа жыл түнінде болған, жылыту қазаны жарылысынан тоғыз адам қаза тапқан қасіретті оқиғадан соң тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Қазандықты орнатуға көмектескен жергілікті кеншіні де жауапқа тартқан. Сотта жауап берген кенші орталық жылытусыз өмір сүретін шахандықтардың қиын тірлігіне "ешкімнің бас ауыртпағанын" айтты.​

СОТ КЕЗІНДЕГІ АУЫР ЕСТЕЛІКТЕР

Тоғыз адамның өмірін қиған (оның үшеуі – бала) Шахандағы қасіретті оқиға қаза тапқандардың туыстарын біріктірді. Сотта олар бірге болып, бір-біріне моральдық және физикалық тұрғыда көмектесуге тырысады. Автономды жылыту қазандығы жарылып, панельді көп қабатты үйдің подъезі құлаған іс қаралып жатқан сот залындағы атмосфера өте ауыр: адамдар бірнеше сағатқа созылатын сот отырысына шыдауы керек, ал өткенді еске алу одан да ауыр.

Әйелім мен ұлым қаза тапты. Басыңыздан сондай жағдай өтсе әр сотталушыға, кімге қандай жаза тағайындауға болатынын айта алар ма едіңіз?
Жапа шегуші Владимир Алексеенко

Сот кезінде сұраққа жауап беруге керек болғанда немесе өздері сұрақ қойғанда біраз адамның көзіне жас үйіріледі. Шілденің 4-і күні жапа шегушілерден төтенше жағдайға кімді айыпты деп санайтындарын анықтады, сотталушылар – ауыл әкімдігінің қызметкерлері қандай жазаға тартылуы керек деп сұрады.

– Менің әйелім мен ұлым қаза тапты. Басыңыздан сондай жағдай өтсе әр сотталушыға, кімге қандай жаза тағайындауға болатынын айта алар ма едіңіз? – деп жапа шегуші Владимир Алексеенко қорғаушының сауалына қарсы сұрақ қойды.

Владимир Алексеенконың подъезд құлаған кезде аман қалған, бірақ мүгедек болып қалған анасы сотқа қатыса алмады, денсаулығы нашар екен. Сотқа тек жапа шегушілер мен қаза тапқандардың туыстары ғана емес, Шахан ауылы мен Шахтинск қаласының қарапайым тұрғындары да келді. Адамдар апатты жағдайдың өздерін біріктіргенін айтып, енді сот процесін бақыласақ дейді. Сот ісі Шахтинск қалалық сотында қаралып жатыр. Прокуратура әуелі "сотты Қарағандыда өткізейік, себебі сотталушылар Шахтинск қаласы мен Шахан ауылында тұрып, жұмыс істейді" деген. Жұрттың пікірінше, бұл істің әділ қаралуына кесірін тигізуі мүмкін.

АЙЫПТАЛУШЫЛАР – ӘКІМДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

Сотталушылар бес адам – Шахан ауылының әкімі Мұрат Жақыпов, оның орынбасары Әкетай Нажмиден, Шахан әкімдік аппаратының коммуналдық мәселелері жөніндегі бас маман Мария Жұмабекова, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Алмас Омарханов және осы бөлімнің тұрғын-үй секторының бас маманы Нұржан Махамбетов.

Жұмысшылар Шахандағы жарылыстан бүлінген үйдің шатырын жөндеп жүр. Қарағанды облысы, 23 маусым 2017 жыл.
Жұмысшылар Шахандағы жарылыстан бүлінген үйдің шатырын жөндеп жүр. Қарағанды облысы, 23 маусым 2017 жыл.

Бес шенеунікке де "қызметі бойынша әрекетсіздік танытып, соның салдары ауыр болған" деген айып тағылды. Тергеу болжамынша, жылыту қазандығын пайдалану тәртібін дөрекі бұзу, құрылыс нормалары мен ережелерін бұзуға қарамастан, бұл лауазымды тұлғалар "ұзақ уақыт әрекетсіздік танытып, тәртіп бұзушылықты жою үшін еш шара қабылдамаған".

Күдіктілердің өздері тергеу кезінде айыптарын мойындамады. Оларды кепілге босату шарасы қарастырылған. Сотталушылар мен олардың қорғаушылары баспасөзге сұхбат бермеді, өздерін суретке түсіруге де қарсы болды. Іс бойынша барлық куәгерлерді тергеп болған соң сотталушыларды тергеу басталады.

Сот кезінде көп қабатты үйдің тұрғындары қандай себеппен автономды жылыту жүйесін қолданғанын, ондай шешімді кім қабылдағанын, оны орнатып, қазандықты бақылағанын анықтауға тырысады. Сондай-ақ тұрғындар үйде осындай қазандықты қолданудың қауіпті екендігін білді ме, билік өкілдері бұл жерде қандай рөл атқарды деген сұрақтарға жауап алу керек. Кейбір сотталушылардың қорғаушылары "Куәгерлерге әкімдік қандай көмек көрсетуі керек еді?" деген сұрақ қойды.

Шахандағы қазандығы жарылған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2017 жыл.
Шахандағы қазандығы жарылған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2017 жыл.

Кейбір жапа шегушілер мен куәгерлер шілденің 4-і күні өткен сот отырысында сотталушылардың қорғаушылары орынсыз сұрақтар қойғанын айтты. Кейбір жапа шегушілердің айтуынша, трагедияға жауапты адамдар сотталып жатқан жоқ немесе олардың саны әлі түгел емес. Басқалары Шахтинск қаласының басшылығы да жауапқа тартылуы керек деп санайды.

– Қазандық жарылды, бауырым қаза тапты. Қазандықты көп қабатты үйге орнатуға рұқсат еткендер айыпты деп санаймын. Қазір сотталушылар орындығында отырғандар айтарлықтай айыпты емес. Әуел баста қазандықты пайдалануға рұқсат еткендер айыпты, – дейді жапа шегуші Некрасова.

ӨЗ КҮНДЕРІН ӨЗДЕРІ КӨРІП ЖҮРГЕН

Жапа шегушілер мен куәгерлер сотта өз күндерін өздері көргендерін, ешбір билік өкілінің бұған дейін үйде бұндай қазандықты қолданудың қауіпті екенін ескертпегенін және тыйым салмағанын айтты. Олар қала типтес елдімекенде көп қабатты үйлер орталықтан жылытылса, бұндай қасіретті жағдай болмас еді деп біледі. Адамдар үйлерін жылыту мәселесін өздері шешуге мәжбүр болған, кейбіреулер әлі күнге дейін пәтерді буржуй пешпен жылытып жүрсе, енді бірі үйдің жертөлесінде немесе көшеде орнатылған жылыту қазандығын пайдаланады.

– Бұндай жағдай болады деп ойлаған емеспіз. Бұрыннан осылай өмір сүріп келеміз, билік бізді бақылаған емес. Тұрғындар бәрін өздері шешеді. Елдімекенге орталық жылыту қазандығы керек. Ол үшін бюджеттен ақша бөлінді емес пе, – деді сотта түсініктеме берген куәгерлердің бірі.

Бес қабатты үйде подъезд жарылған соң жетім қалған жеті жасар Полина Андропованың қазіргі өмірі басқаша. Сол қасіретті түнде оның анасы, әкесі мен бір жарым жастағы сіңлісі қаза тапты. Полинаны қамқорлығына алған әжесі жақында немересін алып басқа қалаға басқа пәтерге көшіп кететінін, қорқынышты естеліктерден құтылуға тырысатынын айтты. Әжесі Полина орталық жылытуы бар пәтерде тұратын шығар деп үміттенеді. Шахан елдімекенінің барлық тұрғындары 20 жылдан бері соны армандап келеді, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы апаттан соң тек соны ғана ойлайды.

– Полинамен ол жайында сөйлеспеуге тырысамыз, оның ойын басқаға бұрып, айналдырамыз. Құдайға шүкір, баланың жағдайы жақсы. Кішкентай болған соң не болғанын толық түсінбес, сондықтан жеңіл болар. Білмеймін. Өзім әлі есімді жинай алмай жүрмін, маған бұл тақырыпты еске алып, ол жайында сөйлесу қиын деді, – дейді Полинаның әжесі Нина Смирнова.

ВИДЕО: Шаханға көмек

Сотта сөз алған куәгер Людмила Дударева Шаханға орталық қазандық қою туралы әңгіме болғанын, бұл туралы әңгіме Қарағанды облысының сол кездегі әкімі келгенде, 2012 жылы қозғалғанын айтты.

Сот ісі кезінде қазандық жарылып, подъезд құлаған соң тағы бір адамға – Шахан тұрғыны Мұрат Сүлейменовке қарсы іс қозғалғаны анықталды. Ол бірнеше жыл бұрын 4-үйге қазандық орнатуға көмектескен және жылыту маусымының қалай өтіп жатқанын бақылаған. 33 жылдық тәжірибесі бар кенші үй комитеті басшысы қызметін атқарған.

– Шахан 20 жыл бойы жапа шекті, ешкім оған бас ауыртпады. Адамдар өз бетімен күн көрді. Жылыту маусымының жұмысын ешкім ұйымдастырғысы келмейді. Әкімдікке қашан барсаң да, "ақша жоқ" дейді. Жұрт суыққа тоңып, шаршады, маған өтініш айтты - азаматтық борышты өтейін деп үй комитеті жетекшісі болдым. Басында бас тарттым, бірақ кейін келістім, – деді Мұрат Сүлейменов.

Жұрт суыққа тоңып, шаршады, маған өтініш айтты - азаматтық борышты өтейін деп үй комитеті жетекшісі болдым.

Енді Мұрат Сүлейменов бір іс бойынша куәгер болса, екінші қылмыстық іс бойынша айыпты саналып отыр. Екінші іс бойынша сот Шахтинск қалалық сотында шілденің 11-іне тағайындалған. Сүлейменовке "Сақтық жасамағандықтан ажалға себепкер болу" және "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмысты орындау немесе қызмет көрсету" баптары бойынша айып тағылған.

– Мен және тағы басқа республиканың бес айыпсыз азаматы, адал салық төлеушілер сотталушылар залында отырмыз. Бізге әлі материалдық шығынды өтеу жазасы тағайындалуы мүмкін, оның мөлшері әзірге белгісіз. Қазандық жарылса да, төтенше жағдайлар комитетінің лауазымды тұлғалары қылмыстық жауапкершіліктен құтылмауы керек деп ойлаймын. Олар облыста 680 автономдық қазандық бар екенін біледі, бұның бәрі ұлттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп тұр, – деді сотта түсініктеме берген Мұрат Сүлейменов.

Қаңтардың 1-інде болған апаттан соң сарапшылар Шахандағы көп қабатты үйдің подъезі жылыту жүйесінің қазандығы жарылу кесірінен құлаған деп мәлімдеді. Қазақстанда көптеген шағын қалалар мен кенттердің көп қабатты үйдегі пәтерлерін қолдан жасалған пешпен, ағаш пен көмір жағатын буржуй пешпен жылытады. Орталықтандырылған қазандықтар 1990 жылдардың басында бұзылды, оларды қалпына келтіруге қаражат бөлінбеді.

XS
SM
MD
LG