Accessibility links

Төлем азайып кеткеніне газетті кінәлайды


«Теміртау жұмысшысы» («Темиртауский рабочий») газеті журналисі Олег Гусев (сол жақта) пен заңгер Сергей Тымченко. Теміртау, 8 қараша 2016 жыл.
«Теміртау жұмысшысы» («Темиртауский рабочий») газеті журналисі Олег Гусев (сол жақта) пен заңгер Сергей Тымченко. Теміртау, 8 қараша 2016 жыл.

Теміртауда коммуналдық кәсіпорынның арызы бойынша жергілікті "Теміртау жұмысшысы" газетінің соты болып жатыр. Талапкер "газеттегі мақала кесірінен тұтынушылардың қарызы көбейіп кетті, ал кәсіпорынның іскерлік беделіне нұқсан келді" деп біледі.  Жауапкер "сотты газеттің пайдасына шешім шығармай тез бітіре салуы мүмкін" деп қауіптенеді.

Сотқа жүгінуге 2016 жылғы маусымның 15-і күні "Теміртау жұмысшысы" ("Темиртауский рабочий") газетінде жарияланған "Теміртаулық рэкет: "Оқжетпес-Т" коммуналдық төлемдерді заңсыз алып отыр" деген тақырыппен жарияланған мақала түрткі болған. Шағымданушы "мақалада шындыққа сай келмейтін" өзге мәліметтермен қоса "коммуналдық төлемді заңсыз алып отыр" деген тіркес болғанына наразы.

"Теміртау жұмысшысы" сотқа тартылып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:13 0:00
Жүктеп алу

ТАЛАПКЕР «ОРНЫ ТОЛМАС ЗИЯН» ЖАЙЛЫ АЙТАДЫ

"Оқжетпес-Т" компаниясы өкілдерінің талап-арызында: "Жауапкердің заңды тұлғаның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін әрі шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратқан әрекеті салдарынан қала тұрғындарының кәсіпорын туралы жағымсыз қоғамдық пікірін қоздырып, «Оқжетпес-Т» мекемесіне орны толмас зиян келді" деп көрсетілген.

Жергілікті билік қарауына жуырда өткен, мемлекеттік үлесі 100 пайыз бұл компания - Теміртау қаласында қызмет көрсететін негізгі кәсіпорын. Тарифтер қымбаттауы мүмкін екенін құрылған сәттен мәлімдей бастаған "Оқжетпес-Т"кәсіпорны халық пен жергілікті БАҚ тарапынан талай сынға ұшыраған. Бірнеше ашық тыңдау өткізіліп, тұрғындар коммуналдық қызмет ақысын өсіруге табандылықпен қарсы болған. Сол тыңдаулардың бірінде жергілікті газетті жауапқа тарту үшін сотқа жүгіну туралы айтылған.

Тарифке байланысты қоғамдық тыңдау. Теміртау, 5 шілде 2016 жыл.
Тарифке байланысты қоғамдық тыңдау. Теміртау, 5 шілде 2016 жыл.


Заңды тұлғаның іскерлік беделін қорғау туралы азаматтық талап-арыз "Теміртау жұмысшысы" газеті үстінен түскен. Талапкер соттан редакцияға мақаланы терістетуді және мемлекеттік баж салығы ретінде төленген 1 061 теңгені өндіртуді сұрайды.

- Біз газеттегі мақала Теміртау қаласы тұрғындарының пікіріне ықпал етті деп санаймыз. Бізде төленбеген қарызы бар тұтынушылар саны артты. Төлем көлемі күрт азайып, қазір қарыз тек көбейіп барады, - деді бүгінгі сотта талапкер өкілі Наталья Карчушкина.

Талап-арызда мәселені сотқа жеткізбей реттеу мақсатында "мақаладағы мәліметтерді терістеуді талап еткен ұсыныстар редакция атына арнайы хатпен жолданған", бірақ жауапкер оны елемей қойды деп көрсетілген.

ЖАУАПКЕР ШАҒЫМДАҒЫ ТАЛАПТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ

"Теміртау жұмысшысы" газетінің журналисі Олег Гусевтің Азаттыққа айтуынша, аталған коммуналдық кәсіпорын - "көпшіліктің мүддесі" үшін жұмыс істейтін мекеме, сондықтан шағымда "іскерлік беделіне нұқсан келгеніне дәлелдер" көрсетілмеген. Ол "сот процесін тезірек бітіруге асығып отыр әрі шешімді газеттің пайдасына шығармауы мүмкін" деп алаңдайды.

Сотта "Теміртау жұмысшысы" газеті мүддесін спортшы әрі ертеректе Теміртау қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған шенеунік ретінде танылған адвокат Сергей Тымченко қорғайды.Талап-арызға қатысты пікірінде ол арыздағы талаптарды жауапкер толықтай мойындамайды деп көрсеткен. Тымченконың мәлімдеуінше, даулы абзацтардың ешқайсысында "заң тұрғысынан пайымдау түрінде таратылып, терістеуге жататын мәліметтердің жалғандығы мен нұқсан келтіру сипаты туралы ұйғарым жасауғаболатындай жайттар" жоқ.

Автор мақаланы жазып, жариялаған кезде іскерлік беделге нұқсан келтіру пиғылы болмаған.

- Материал әдеби тілмен жазылған, онда лексикалық нормада жоқ элементтер пайдаланылған. Мақала авторы "Оқжетпес-Т" кәсіпорны әрекетіне қатысты жеке өзінің субъективті бағасын көрсететін пікір, пайымдарын білдірген. Сондықтанмұндай сипатта баяндалған пікір шындыққа сәйкестік тұрғысынан бағалана алмайды, келтірілген сөздердің мазмұны автор талапкердің іскерлік беделіне нұқсан келтіруді көздемегенін дәлелдейді. Автор мақаланы жазып, жариялаған кезде іскерлік беделге нұқсан келтіру пиғылы болмаған, - деп мәлімдеді жауапкердің өкілі Сергей Тымченко сотта.

Бүгінгі сот отырысы айғай-шумен өтті. Судья қос тараптың өкілдерінен бір-біріне құрмет танытып, сот залында керіспеуді сұрады.

Бүгін судья Ерубай Дүсалиев жауапкердің сотқа Теміртау қаласы әділет басқармасының өкілін шақырту туралы өтінішін қанағаттандырып, қарашаның 14-іне белгіленген келесі отырыста жарыссөзге кірісуді ұсынды. Жауапкер "мұндай мүлде қысқа мерзімде азаматтық істі жан-жақты әрі объективті қарау мүмкін емес" деген уәжбен бұған бірден қарсы болды. Судья сотты ұзаққа созбауды сұрады.

XS
SM
MD
LG