Accessibility links

Ондаған бала ішек инфекциясын жұқтырды


Жұқпалы аурулар ауруханасы. Көрнекі сурет
Жұқпалы аурулар ауруханасы. Көрнекі сурет

Алматы облысы Қайназар ауылында 88 баланың жұқпалы ауруға шалдыққаны белгілі болды. Ауыл тұрғындары ауыз су лас деп шағымданады.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қайназар ауылында ондаған баланың жаппай ішек инфекциясына шалдығып, олардың оншақтысы ауруханаға түскені анықталды.

Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті бастығының орынбасары Рая Акишеваның Азаттық тілшісіне айтуынша, қыркүйектің 24-і күні түстен кейін балалардың барлығының дене қызуы көтеріліп, бастары ауырып, дәрігерге әкелінген. Көпшілігінің іштері өтіп, құсқан.

Маманның айтуынша, оларға алдын-ала энтеровирустық ішек инфекциясы деген диагноз қойылған.

- Энтеровирустық инфекция барлық ішек инфекциясы секілді лас қолдар арқылы, ластанған тағам, ластанған су арқылы жұға береді. Қазір 88 баланың 9-ы Есік қаласындағы орталық ауруханада. Қалғаны – үйлерінде емделіп жатыр. Әзірге зертханалық зерттеулер жүріп жатыр, - деді ол.

Рая Акишеваның айтуынша, мектеп асханасынан тексеруге шайындылар алынып, асхана уақытша жабылған. Ауылдың суы да вирусологиялық-бактериологиялық зертханаға жіберілген. Балаларға жақын жүрген адамдардан анализ алынып, дәрігерлер көшелерді аралап тұрғындарды тексерген.
Құдықтан су ішіп тұрған бала. Көрнекі сурет
Құдықтан су ішіп тұрған бала. Көрнекі сурет

Есік қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Болат Рысбайұлының Азаттыққа айтуынша, инфекцияға әртүрлі жастағы балалар (2, 3, 4 жасар балалар мен жасөспірімдер де бар – ред.) шалдыққан. Дәрігер олардың жағдайын «қалыпты» деп бағалайды.

- Бір ауылдан бірден осыншалықты баланың ауруы ұзақ жылдардан бері болмаған. Бұл ауамен де тарайтын инфекция ғой. Науқастардың арасында еміп жүрген балалар да бар. Тек мектеп балалары болса, мектептен деп шешетін едік қой. Әзірге зерттеу жүріп жатыр, - дейді ол.

Оның сөзінше, қазіргі кезде ауылда аудандық, облыстық санитарлық-эпидемиология мамандары, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, әкімшілік пен полиция жұмыс істеп жатыр.

Есімін жазбауды сұраған Қайназар ауылының тұрғыны Азаттық тілшісіне көптен бері ауыл тұрғындарының жергілікті билікке ауыз су сапасына қатысты шағымданып келгенін, бірақ ешқандай қимыл болмағанын айтады.

- Ауыл тұрғындары ішіп жатқан су арықтағы су сияқты. Тұрғындар әкімшілікке, басқа да орындарға шағымданды. Бірақ неге екені белгісіз әкімшілік оған назар аудармады, - дейді тұрғын.
Суды бәрі сатып ала бермейді. Кейбіреулер оны қайнатып ішеді. Енді біреулері суды басқа жақтан әкеледі.

Аты-жөнін атамауды өтінген Қайназар ауылы мектебінің 9-сынып оқушысы Азаттыққа кеше өз сыныбында бес баладан инфекция табылғанын айтты. Оның сөзінше, қазір мектепте тазалық сақтау туралы хабарламалар ілініп, сақтық шаралары ұйымдастырылған.

Оқушы ата-анасының өзіне ауылдағы колонкадан су ішуге тыйым салғанын айтты.

- Мүлде колонкадан ішпейміз. Ылғи сатып аламыз. Колонка суы ішуге келмейді. Қолыңды тигізсең, түйіршек құмдар ілінеді. Егер жаңбыр жауса, лайланып кетеді. Суды бәрі сатып ала бермейді. Кейбіреулер оны қайнатып ішеді. Кейбіреулер суды басқа жақтан әкеледі, - деді оқушы.

Әзірге ауыл әкімшілігінен комментарий алу мүмкін болмады.

Азаттық Қайназар ауылындағы ішек инфекциясына шалдыққан балалардың ахуалы мен ауру себептерін тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарлап отырмақ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG