Accessibility links

Бай тұқымынан шыққан балуан


Солтікен Көкішұлын, Қытайда тұратын балуан қазақ. Сурет жеке мұрағаттан алынды.
Солтікен Көкішұлын, Қытайда тұратын балуан қазақ. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

1980 жылдары еркін күрестен Қытайдың бірнеше мәрте чемпионы атанып, аты аңызға айналған алтайлық қазақ балуан Солтікен Көкішұлы зейнет жасына таяй бере поэзияға ден қойған.

Еркін күрестен аса ауыр салмақта Қытайдың бірнеше дүркін чемпионы атанған Солтікен Көкішұлы – халықаралық жарыстарға қатысқан шет елдегі алғашқы қазақтардың бірі.

Ол 1952 жылы Қытайдың Алтай аймағында «Қызылтас» ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, арғы аталары совет үкіметі орнай бастаған тұста Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Қаратал деген жерден Қытайдың Алтай аймағына ауған, «мыңғыртып мал айдаған ауқатты» болған. Әкесі «бай-манап» ретінде Қытайда да қудалауға ұшыраған соң Солтікенді де мектептен шығарып жіберген.

«Әуелі қозы бақтым, ер жете келе орманнан ағаш дайындадым. Өмірдің небір қиыншылықтарын басымнан өткердім» дейді ол.

1977 жылы Алтай аймағында күрес спортымен шұғылдана бастаған балуан жергілікті жаттықтырушылардың көзіне ілінеді. Ол өзін «байдың тұқымы» деген желеумен екі жыл жарысқа қатыстырмай қойғанын айтады. Алғаш рет 1979 жылы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағы атынан ел чемпионатына қатысып екінші орын алады.

«Ол кезде менде тәжірибеден гөрі қара күш мығым еді» дейді Солтікен өткенді еске алып.

Күрес әлеміне 25 жасында араласқан балуан мемлекеттік жарыста бес мәрте чемпион, төрт мәрте екінші орын, бір мәрте үшінші орын алады.

Солтікен Көкішұлы. Сурет жеке мұрағатынан алынды.
Солтікен Көкішұлы. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Жалғыз ұлының өз жолын қумағанын айтқан еркін күрес шебері «спортқа тым кеш келіп, әлемдік деңгейдегі жүлдеге қол жеткізе алмадым» деп күрсінеді.

Солтікен балуанның күрестегі жеңістері оның ауылдасы һәм жанкүйері Сағидолла Қабыштың әлі есінде.

«130 келіге дейін салмақта күрескен Солтікен 1979 жылы Үрімжіде өткен мемлекеттік жарыста екінші орын болды. Кейін 1980 жылы Шицзячжуан қаласында, 1981 жылы Шанхайда, 1982 жылы Дальянда, 1986 жылы Мяньянда жеңімпаз болды. 1979 жылы Үндістан астанасы Делиде өткен жарыста үшінші орынды, 1981 жылы Иранның Тегеран қаласында өткен жарыста төртінші орынды иеленді» дейді Сағидолла Қабыш.

«Мен ол кісінің күресін алғаш 1978 жылы көрдім. Ол кезде орталау мектепте оқитынмын. Оның да күреске алғаш түсе бастаған кезі. Өйткені Солтікенді байдың баласы деп қақпайлап, ұзақ уақыт күреске қатыстырмай қойды да әбден буыны қатып, өзгелер күресті аяқтайтын жасқа тақағанда рұқсат берді ғой» деп әңгімесін түйіндеді.

Балуан да Азаттық тілшісімен әңгімесінде халықаралық жарыстарға көп бара алмағанын, өйткені күреске тым кеш келіп, денсаулығына ақау түсіріп алғанын айтып қалған.

Солтікен туралы ел ішіне тараған аңыздар көп. Солардың бірі ретінде Сағидолла Қабыш Азаттық тілшісіне «балуанның жас күнінде көтерген 300 келіге жуық тастың Алтай аймағына қарасты Шірік ши ауылындағы мектептің алдында тұрғанын» баяндады.

Тілші бұл тастың жайын Солтікен ақсақалдың өзінен сұрағанда ол 22 жасында мұндай оқиғаның болғанын айтты.

«Ол кезде үй салу үшін орманға барып ағаш дайындайтын едік. 40-қа жуық жігіт жатқанбыз қоста. Содан жігіттер «Сен онсыз да жоғарғы таптың баласысың. Сені енді күреске алмайды. Сен мына тасты көтеріп, атыңды тарихта қалдырып кет» деп намысыма тиді. Бес-алты жігіт бір үлкен тасты домалатып алып келді. Соны көтеріп үлкендігі кіндіктен келетін тағы бір жер тастың үстіне апарып қойған ем. Бірақ сол сәтте тастың ауырлығы сонша көз алдым қарауытып, басым айналып кетті. Он минуттан кейін барып қалпыма әрең келдім. Кейін жігіттер әлгі тасты ауыл мектебінің алдына әкеп қойыпты. Таза салмағы 292 келі екенін айтты» деп еске алды балуан.

Қытайда тұратын балуан қазақ Солтікен Көкішұлы көтерген тас. Сурет жеке мұрағатынан алынды.
Қытайда тұратын балуан қазақ Солтікен Көкішұлы көтерген тас. Сурет жеке мұрағатынан алынды.

Алтай қаласында тұратын Болат Қаңтарбай есімді журналист Солтікен Көкішұлын тек балуан емес, «үлкен ақын» деп таниды.

«Жасында оқи алмағанымен кейін бай-манаптың ұрпақтарына қатысты үкімет саясаты жұмсарған соң қолына қалам ұстап, бір емес бірнеше өлең жинағын шығарды. Ол кісінің кітаптарының аты ер жігіттің бес қаруының атымен аталады. Өлеңдерінің заты да, мазмұны да атына сай» дейді Болат Қаңтарбай.

Солтікен Көкішұлының алғашқы жыр жинағы «Ақ семсер» деп аталса, одан кейінгі кітаптарының атауы «Көксүңгі», «Жасыл жебе» және «Айбалта» екен. Оның «Қара шоқпар» атты тағы бір жинағы баспаға әзірленіп жатыр.

Зейнетке шыққан Солтікен Көкішұлы қазір Шыңжаңдағы Алтай қаласында тұрады. Ол Азаттыққа "22 жасында жер тасын көтерген кезде шығарған өлеңім" деп бір шумақ оқып берді.

please wait

No media source currently available

0:00 0:00:17 0:00
Жүктеп алу

XS
SM
MD
LG