Accessibility links

«Қазинвестбанк» салымшылары банкті лицензиядан айыруға қарсы


«Қазинвестбанктің» Алматыдағы кеңсесі. 10 қаңтар 2017 жыл.

Алматыда «Қазинвестбанктің» 20 шақты салымшысы бастамашыл топқа бірікті. Олардың депозиттерінің көлемі банк банкрот болған жағдайда мемлекет қайтаруға кепілдік беретін сомадан асады. Салымшылар банкті лицензиядан айыру себептерін түсіндіруді сұрап, Ұлттық банкке жүгінді.

ПЕРУАШЕВҚА ЖҮГІНГЕНДЕР

Қазақстан ұлттық банкіне сұрақтарын жолдаған «Қазинвестбанк» клиенттерінің ішінде компаниялары осы банк қызметін пайдаланған кәсіпкерлер де, банкте депозит ашқан қарапайым азаматтар да бар. Қаңтардың 9-ы күні Алматыда бастамашыл топ өкілдері «Қазинвестбанкті» лицензиясынан айыру шешіміне қатысты түсінік беруді талап етіп, Ұлттық банкке хат жолдады. Сол күні оларды мәжіліс депутаты Азат Перуашов қабылдап, депутаттық сауал жолдауға, ұлттық банк басшылығымен кездесу ұйымдастыруға көмектесуге уәде етті.

Бастамашыл топ мүшесі әрі банктің жеке клиенттерінің бірі Александр Агасиев Азаттыққа «Қазинвестбанк» қызметін екі жыл пайдаланғанын айтады. Банк қызметіне бұрын шағымы болмағанын айтқан ол банк салымшыларға қатысты алған міндеттемелерін мерзімінде орындап отырды дейді. Ұлттық банктің лицензиядан айыру жайлы шешімі ол үшін мүлде күтпеген шешім болған. Ол «ресми ақпарат пен статистика деректеріне сәйкес, банк тұрақтылығына қатысты қиындық туындамауы тиіс болған» дейді. Жеке тұлғалардан депозит қабылдау лицензиясын уақытша тоқтатқаннан кейін Александр Агасиев банкке барған, банк өкілдері оған «өрескел ештеңе болған жоқ, ұсақ-түйек кемшіліктер болғаны рас, олар көп ұзамай реттеледі» деп сендірген.

Кәсіпкер Павел Копылев (оның компаниясы да банк қызметін пайдаланған) бастамашыл топ жетекшісі ретінде Азаттықтың «Қазинвестбанкке» қатысты бірнеше сұрағына кейінірек жауап беруге уәде етті әрі ол Азаттық сұрақтарын алғанын растаған хат жолдады.

Азаттық банке қатысты жайттарды түсіндіруді сұрап, ұлттық банктің баспасөз қызметіне жүгінген еді. Баспасөз қызметі өкілдері телефон қоңырауларына да, электрондық хаттарға да жауап бермеді.

«НЕСИЕЛЕРДІ ҚАЙТАРМАУ ҚАУПІ КҮРТ КӨБЕЙГЕН»

«Қазинвестбанк» банктік және өзге де операциялар жүргізу мен құнды қағаздар нарығында қызмет көрсету лицензиясынан былтыр желтоқсанның 26-сы күні айырылған болатын. "Қазинвестбанктің" барлық басқару органдарының өкілеттігі ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің бұйрығымен уақытша тағайындалған әкімшіліктің құзырына өткен.

Мысалы, кепілге көбінесе нақты активтер емес, келешекте түсетін ақша және мүліктер қойылған. Банк қоржынындағы мұндай қарыздардың үлесі 80 пайыздан асады.

Ұлттық банк төрағасы орынбасары Олег Смоляковтің ресми комментариінде «ішкі саясат пен несиелендіру кезіндегі қатерлерді бағалау мен басқару процедураларын әлсіз жүргізу салдарынан сапалы кепілдіктермен қамтылмаған қарыз күрт көбейіп кеткен. Мысалы, кепілге көбінесе нақты активтер емес, келешекте түсетін ақша және мүліктер қойылған. Банк қоржынындағы мұндай қарыздардың үлесі 80 пайыздан асады. Бұған қоса, қарыздардың 50 пайызы бойынша несие алғандарға қарызды қайтарудың жеңілдік кезеңі мен несиені жабу мерзімін жаппай ұзарту түріндегі жеңілдік шарттарын беру фактілері байқалады» деп жазылған.

«Қазинвестбанк» сайтында 2003 жылға дейін банк ҚазИнтерБанк деп аталғаны көрсетілген. Банкті 1993 жылы Қазақстан үкіметі мен Chase Manhattan Bank NY банкі бірлесіп құрғаны әрі негізгі қызметі - шетелдік инвестицияларды тарту болғаны айтылған.

Қазақстан қор биржасы (KASE) дерегінше, кезінде акционерлер құрамында жоғары лауазымды шенеуніктер Нұрлан Қаппаров пен Ерболат Досаев болған. «Қазатомпром» ұлттық компаниясы басшысы ретінде жұмыс сапарымен Қытайға барған Нұрлан Қаппаров 2015 жылы наурыздың 26-сы күні мезгілсіз қайтыс болды. Бір жылдан кейін KASE биржасы «Қазинвестбанк» акционерлер құрамы өзгергенін ресми хат арқылы хабарлаған. Хатта ертеректе Нұрлан Қаппаровтың меншігі болған банк акциялары жұбайы Гаухар Қаппарованың иелігіне өтеді деп көрсетілген. Гаухар Қаппарованың өкілдері Азаттыққа комментарий беруден бас тартты. Forbes.kz сайтының жазуынша, Ерболат Досаев акционерлер құрамынан 2016 жылғы наурызда шыққан.

Нақтырақ айтқанда, «Қазинвестбанк» тек сот шешімімен ғана жойылуы мүмкін. Сот шешімі негізінде «Қазинвестбанк» салымшылары мемлекет кепілдік берген көлемде өтемақы алады.

Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры басшысы Бақыт Қоғылов. Алматы, 6 қаңтар 2017 жыл.
Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры басшысы Бақыт Қоғылов. Алматы, 6 қаңтар 2017 жыл.

Қаңтардың басында Алматыда өткен брифингте Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры басшысы Бақыт Қоғылов «Соттың «Қазинвестбанкті» мәжбүрлі түрде жою туралы шешімі күшіне енген бетте қор өз процедураларына кірісе алады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейінгі 14 күн ішінде біз конкурс өткізіп, «Қазинвестбанк» салымшыларымен жұмыс істейтін банк-агентті таңдаймыз» деп мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, кепілдендіру қорының «Қазинвестбанк» салымшыларына қатысты міндеттемелері мардымсыз соманы құрайды.

Банк банкротқа ұшыраған жағдайда банктегі салым көлемі теңгемен 10 миллионнан, ал шетел валютасымен 5 миллион теңгеден аспайтын екінші деңгейлі банк салымшылары мемлекет кепілдік берген көлемде өтемақы алады. Егер депозит көлемі бұл сомадан асып кетсе, банк клиенті кепілдендіріліген соманы Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қорынан, ал қалған соманы банк мүлкін түгендеп, кейін сатқаннан кейін алады. Ресми дерекке сәйкес, 2016 жылдың аяғындағы есеп бойынша, Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қорында 500 миллиард теңге болған.

XS
SM
MD
LG