Accessibility links

Харламов ауруханадан қайта абақтыға түсті


Александр Харламов, құқық қорғаушы.
Александр Харламов, құқық қорғаушы.

Құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов психиатриялық ауруханадан шығарылып, Алматы қаласындағы абақтыға қайта жіберілді. Оны Риддерде сотқа тартпақшы.

Азаттық анықтаған ақпарат бойынша, Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында тұратын құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов мамырдың 27-сі күні Республикалық психиатрия, психология және наркология ғылыми орталығынан (РНЦППиН - ред.) Алматы абақтысына жеткізілген. Бірақ оған әлі "діни араздық тудырды" деген айып тағылып тұр.

Харламов бірнеше жыл бойы интернетте атеистік көзқарастағы жазбаларын жариялап келеді. Құқық қорғаушылар оның осындай жолмен кейбір діни ағымдарды сынап-мінеуін өз хақысы деп біледі. Ол сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік мекемелеріндегі жемқорлық туралы сыни материалдар жариялап тұрған. Харламов өзіне тағылған айып бойынша сотқа тартылмақ. Оған жеті жылдық түрме жазасы кесілуі мүмкін. Азаттық тілшісі Харламовпен телефон арқылы сөйлесті.

ЭТАПТЫ КҮТУ

Мәжбүрлі психиатриялық сараптама бір айға созылды. Бірақ Харламов "діни араздық қоздырды" деген айып бойынша әлі тергеліп жатыр. Полиция өкілінің айтуынша, ес-ақылы дұрыс деп танылған жағдайда Харламовтың ісін енді Риддер қалалық соты қарайды. Оны этаппен Алматыдан Өскеменге, сосын Риддерге жеткізбекші. Бұл бірнеше аптаға дейін созылып кетуі мүмкін.

Харламовтың әйелі Марина Каплунская да оның ес-ақылы дұрыс деп танылғанын айтады. Аталған психиатриялық аурухана Харламовтың денсаулығын тексеруге қатысты қандай да бір мәлімет беруден бас тартты.

Азаттық тілшісі Алматы абақтысына хабарласып, Харламовпен телефон арқылы тілдесті. Оның сөзінше, сот-психологиялық сараптама бойынша ес-ақылы дұрыс адам ретінде танылып, жауапқа тартылмақшы.

Риддер қалалық полиция қызметкері, тергеуші Алихат Тұрақбаевтың айтуынша, Александр Харламовты сот-медициналық тексеру сау деп тапса, ол Риддер сотына тартылуы тиіс.

– Істі жабамыз. Әуелі Өскеменге, одан соң Риддерге барады, – деді Алихат Тұрақбаев.
Харламовты психикалық тұрғыдан дені сау деп бағаласа, енді қалғаны – қылмыстық істің сотқа қашан жолданатынын күту.
Адвокат Мәншүк Медиханова.

Харламовтың адвокаты Мәншүк Медиханованың Азаттық тілшісіне айтуынша, «оны психикалық тұрғыдан дені сау деп бағаласа, енді қалғаны – қылмыстық істің сотқа қашан жолданатынын күту».

«Харламов сотталуы мүмкін немесе шартты жазаға кесілуі де ықтимал» дейді адвокат.

Қазір Александр Харламовты тұтқындау санкциясы бар. Адвокат бұл шараны өзгертуге шарасыз екенін айтады.

– Санкцияға байланысты шағымдандым. Оны бірінші жолы қамағанда «жасы келген адам, қылмысты та бірінші рет жасап тұр, өзі ауыр қылмыс та емес» дегенмін. Бірақ облыстық сот шағымымды орындаудан бас тартты, – дейді Харламовтың адвокаты Мәншүк Медиханова.

Ал құқық қорғаушылар (адвокат Медихановадан айырмашылығы да сол) Харламовты қылмыскер деп танымайды. Өткен аптада Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Харламовқа тағылған айыпты алып тастап, өзін психиатриялық клиникадан тез шығаруға шақырды. Ұйымның жазуынша, Харламов айыпты деп танылса, «діни араздықты қоздырды» деген айыппен жеті жылға дейін сотталады. Жуықта Харламов туралы «Форум-18» құқық қорғау ұйымы да жазған еді.

СОВЕТТІК МІНЕЗ

Харламов өзі туралы Азаттықтың жазғанын да, құқық қорғаушылардың сыртынан араша түскенін де біледі екен.

Ол «тексеру» туралы айта келіп, бір дәрігердің өзінен есалаңдық сандырақ белгілерін табуға құлшынғанын есіне алды.

– Дәрігерлердің арасында жалғыз ер адам – ғылыми маман бар екен. Ол менің бойымда есалаңдық сандырақ белгісі бар екенін айтып, «психикасы сондай» деді. Бірақ дәрігер әйелдер «мінезі сондай» деп иландырды. "Совет заманында тәрбиеленген, әуелі отанын, одан соң ғана өзін ойлайтын адам" десті. Ондай адам солай өмір сүре береді екен. Сосын мұндай адамды ылғи соттағылары келіп тұрады, – дейді Харламов.

Харламовтың айтуынша, дәрігерлер оған «арыныңды басып, әуелі өзіңді ойла» деген кеңес берген.

Александр Харламов психиатриялық клиникада сәуірдің 29-ынан мамырдың 27-сіне дейін болды. Оның сөзіне қарағанда, мұндағы камералардың түрме камераларынан айырмашылығы жоқ, ғимарат жертөлесінде орналасқан. Тұтқын-пациенттерге қауіпсіздік мақсатында көзілдірік тағуға, тіс щеткасын ұстауға рұқсат етілмейді. Харламов бір ай бойы ештеңе оқымағанын, тісін жумағанын айтады.

СОТ ТУРАЛЫ БОЛЖАМ

Қазақстандағы адам құқығы бюросы жетекшісі Евгений Жовтис сот-медициналық сараптаманың Александр Харламовты «дені сау» деп танығанын естігенде «Екі абсурдтың енді біреуі қалды» деді.

Евгений Жовтис Харламовтың ісін бақылап отырған билік өкілдері құқық қорғаушы ұйымдардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың да бұл іске қатысты реакцияларын ескеруі мүмкін екенін айтты. Жовтистің ойынша, ол ұйымдардың көбі Харламовты «есі дұрыс емес» деп жариялау ақылға сыйымсыз деп санайды.

Алайда құқық қорғаушы Харламовқа байланысты қылмыстық істің соңы жақсылықпен аяқталмауы мүмкін екенін ескертеді.
Бұл істің немен бітетінін болжау да мүмкін емес. Өйткені абсурдпен басталған іс күтпеген нәтижемен аяқталуы мүмкін.
Евгений Жовтис

- Оның айыптау қорытындысында не жазылғанын елестете алмаймын. Бұл істің немен бітетінін болжау да мүмкін емес. Өйткені абсурдпен басталған іс күтпеген нәтижемен аяқталуы мүмкін, - дейді Жовтис.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы Харламов ісінің саяси астары бар екенін, оның жергілікті полицияны сынаған мақаласы шыққаннан кейін тұтқындалғанын бұрын да мәлімдеген еді.

Харламовты босату туралы құқық қорғау ұйымдарының мәлімдемесіне орай, ресми тұлғалардан комментарий алу мүмкін болмады. Жекелеген депутаттарға хабарласудан да нәтиже шықпады.

Харламов наурыз айында тұтқындалды. Сәуірде Өскемен түрмесінен Алматыға этаппен жөнелтілді. Оған қылмыстық кодекстің 164-бабы бойынша, «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни алауыздық қоздырды» деген айып тағылды.

Харламов психиатриялық клиникаға сәуір айының соңында жеткізілді. Ол «діни алауыздық қоздыруы мүмкін» деген желеумен интернетте жариялаған мақалалары үшін тұтқындалған еді. Ол – атеист. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ол ұзақ уақыт Құдайдың бар екенін жоққа шығаратын, діни ағымдарды сынайтын мақалалар жазып келген. Бұл әрекет - оның сөз бостандығы бар қоғамдағы өз хақысы. Сөз бостандығына Қазақстан заңдары кепілдік береді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG