Accessibility links

АҚШ-та полицейдің қолынан қаза тапқан Кирилл Денякиннің сүйегі Қазақстанға жеткізілді


АҚШ-та полицейдің оғынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Кирилл Денякин. (Сурет kruzhechka.yvision.kz блогынан алынды).

Марқұмды ертең анасы АҚШ-тан келгеннен кейін Қарағанды қаласына жерлейді.


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, АҚШ-та қаза болған Қазақстан азаматы Кирилл Денякиннің денесі бейсенбі, мамырдың 5-і күні таңертең арнайы ұшақпен әкелінген.

– Бүгін таңғы 6-да Киев арқылы Денякиннің денесі Астанаға жеткізілді. Кейін оны автобуспен Қарағандыға жеткіздік, – деді бейсенбі күні Азаттық радиосына түсініктеме берген министрліктің ресми өкілі.

Оның сөзінше, мәйітті жеткізудегі барлық шығында министрлік өз мойынан алған.

– Ендігі негізгі мәселе – Америкадағы тергеу жұмыстарына қадағалау жасау. Марқұмның анасы Елена Денякина жалдайтын адвокатқа кеңес беріп, осы мәселені ұдайы бақылауда ұстау, – дейді Әбдірахманов.

Ол марқұмның анасы әлі ешбір адвокатқа тоқтамағанын айтты.

АҚШ-та қаза болған Кирилл Денякинның інісі Романның сөзінше, «жерлеу рәсімі бүгін-ертең, анасы келісімен» өтеді.

– Мамамды күтіп отырмыз. Бүгін-ертең кешікпей келіп қалар, – деді Роман Денякин Азаттыққа бейсенбі күні.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан азаматы, 26 жастағы Кирилл Денякин сәуірдің 23-і күні АҚШ-тың Портсмут қаласында оққа ұшқан. Кейбір деректерге қарағанда, полиция қызметкері жас жігітті тонаушы деп ойлап қалып, қателесіп атқан.

Осыдан бес жыл бұрын «Уорк энд Тревел» бағдарламасы бойынша АҚШ-қа кеткен Кирилл Денякин университетті тәмамдаған соң сол елде қалып, Портсмуттағы «Ренессанс» қонақ үйінде аспаз болып жұмыс істеп жүрген.

Пікірлерді көріңіз (2)

Бұл форум жабық. Бірақ пікірталасты Азаттықтың Facebook-парақшасында жалғастыра аласыз: https://www.facebook.com/azattyq
XS
SM
MD
LG