Accessibility links

Байқоңырлықтар жер беруді талап етті


Байқоңырлықтар талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:30 0:00
Жүктеп алу

Байқоңырлықтар талабы. Қызылорда, 12 маусым 2014 жыл.

Қызылорда облысы әкімдігінің алдында жүздеген байқоңырлық жиналып, қала маңынан жер беруді талап етті. Ал әкімдік жер телімдері тек жергілікті тұрғындарға кезекпен берілетінін айтады.

Байқоңыр тұрғындары Қызылорда облыстық әкімдігінің алдына жер телімдерін сұрап бұған дейін де бірнеше акция өткізген. Бірақ маусымның 12-і күнгідей 500-ге жуық адамның бір мезетте жиналуы алғаш рет болып отыр. Олар облыстық әкімшіліктен қала маңынан жер беруді талап етіп, әлеуметтік жағдайларына шағымданған.

Өзін Дәулет ретінде таныстырған Байқоңыр тұрғынының айтуынша, Байқоңырда ресейлік зымыран тасығыш бірнеше мәрте апатқа ұшырап, улы отын – гептил жерге төгілген соң тұрғындар арасында «осы өңірдегі халыққа жер беріледі» деген қауесет тараған. Содан бастап Байқоңырдан облыстық әкімшілікке халық күн сайын ағыла бастаған. Ал бүгін келген адамдар саны ерекше көп.

«Гептил туралы жұрттың бәрі естіген ғой. Автобуста орын жоқ. Жұрт көліктерімен ағылып келіп жатыр. Пойызда билет жоқ. Келмегендер тағы келеді. Таңғы төрттен бастап кезек басталады. Сонымен қырғын» деді ол Азаттық тілшісіне.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ АЙМАҒЫ

Дәулет сияқты Байқоңыр тұрғындарының өздері тұратын аумақтың экологиялық ахуалы мен әлеуметтік жағдайына көңілдері толмайды. Байқоңырдан неғұрлым
Жер телімін талап етіп Қызылорда әкімдігіне келген Байқоңыр тұрғындарының бірі. Қызылорда, 12 маусым 2014 жыл.
Жер телімін талап етіп Қызылорда әкімдігіне келген Байқоңыр тұрғындарының бірі. Қызылорда, 12 маусым 2014 жыл.
алыс жерлерге қоныстанғысы келеді.

«Қала маңынан болсын, басқа қала, басқа облыс болсын, жер берсін. Әйтеуір Байқоңырдан алыс болса. Ол жақта ауру, өлім-жітім көп. Сосын бәрі қашқысы келеді» дейді Дәулет.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген тағы бір Байқоңыр тұрғыны Азаттық тілшісіне өзі тұратын Ресейдің әкімшілік басқаруындағы қалада қазақстандықтардың жер телімін алуы мүмкін емес екенін айтып шағымданды.

«Байқоңырда бізге үй де, жер де бермейді. Ресей азаматтары болса, жер алғаннан кейін барып жай пәтер алады. Қазақстан азаматына ештеңе бермейді» деді тұрғын.
Оқи отырыңыз: Байқоңыр төңірегіндегі тіршілік

Облыстық әкімдік алдына жиналған халыққа әкімдіктен бірнеше адам шығып, олардың талаптарын орындауға мүмкіндіктері жоқ екенін айтты.

«Бізді әкімдік қабылдады, бірақ бізге «жер кезегіне 42 мыңыншы болып
Қоршаудың арғы жағы - Байқоңыр қаласы, бергі жағы - Ақай ауылы. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
Қоршаудың арғы жағы - Байқоңыр қаласы, бергі жағы - Ақай ауылы. Қызылорда облысы, 14 шілде 2013 жыл.
жазыласыңдар» деді. Яғни, кезегіміз 10 жылдан соң келеді деген сөз. Жер телімдері тек Қызылордада 2004 жылдан бері тұрып келе жатқандарға берілетінін айтты. «Жер кезегінде 41 мың адам тұр. Солардың өзіне бере алмай жатырмыз» дейді. Бірақ біз басқаша естіген едік, байқоңырлықтарға бөлек жер беріледі деген еді» дейді Дәулет есімді азамат.

Ол әкімдіктен тауы шағылып қайтқан жұрттың не істеуді білмей отырғанын, өзінің ертең Байқоңырға қайтатынын айтты. Азаттық тілшісінің ақпаратынша, түстен кейін де әкімшілік алдындағы халық қарасы үзілмеген.

«ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ӘҢГІМЕ ҒАНА»

Қызылорда облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың пікірінше, халық арасында «жер үлестіру» туралы сыбыстың таралуына «Ақай және Төретам кентінің маңында жасалып жатқан даму сызбасы» әсер етуі мүмкін.

«Байқоңырдың қасында Төретам, Ақай деген елді мекендер бар. Қазақстанның территориясына қарайды. Айналасында қазір кенттің болашақ дамуы туралы
Төретамдағы жылу және су жүйесі істен шыққан тұрғын үй. 14 шілде 2013 жыл.
Төретамдағы жылу және су жүйесі істен шыққан тұрғын үй. 14 шілде 2013 жыл.
даму сызбасы жасалып жатыр. Ал Байқоңыр ішіндегі барлық қазақстандықтарға қатысты «жол картасы» жасалынып, үкіметтен шешілді. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Ал жалпы «жер береді» деген нәрсе халық арасындағы әңгіме ғана» дейді ол.

Былтыр желтоқсан айында Қазақстан мен Ресей президенттері Байқоңыр ғарыш айлағы мен қала аумағын бірлесе пайдалану туралы 2014-2016 жылдарға арналған «жол картасын» бекіткен еді. Әзірше бұл «жол картасы» бойынша Байқоңырда тұратын қазақстандықтардың жер мен пәтер иелену құқығын айқындайтын ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Жер қатынастары басқармасының басшысы болашақта Ақай мен Төретам маңынан жер телімдері берілуі мүмкін екенін, бірақ әзірге ешқандай шешім қабылданбағанын, «елді мекеннің даму сызбасы заң бойынша жасалып, бекітілмегенін» айтты.

Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағы СССР ғарышты игеру бағдарламасы үшін пайдаланған негізгі ұшыру платформасы болып келген еді. Совет Одағы құлаған соң Қазақстан үкіметі 1994 жылы Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласын (бұрынғы атауы – Ленинск) Ресейге жалға берген. 2004 жылы Қазақстан Ресейге ғарыш айлағы мен қала аумағын жалға тапсыру мерзімін 2050 жылға дейін ұзартты. Байқоңырды бір жылдық жалға алу құны 115 миллион АҚШ доллары болып келісілген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG