Accessibility links

Оралмандар апатты үйден «одан да сорақы үйге» көшпей отыр


Оралмандар уақытша тұрып жатқан үй. Қызылорда, Тасбөгет, 2017 жылдың ақпаны.
Оралмандар уақытша тұрып жатқан үй. Қызылорда, Тасбөгет, 2017 жылдың ақпаны.

Қызылорда қаласы әкімдігі 50 оралманнан тұрып жатқан үйлерін сәуірдің 1-іне дейін босатуды талап еткен. Жергілікті билік баспаналарын «апатты» деп таныған оралмандардың айтуынша, «билік ұсынған үй одан бетер сорақы». Ал шенеуніктер ұсынған үйлерінде «жақсы пәтерлер» бар екенін айтады.

Жергілікті билік 2017 жылдың сәуір айының 1-іне дейін босатуды талап еткен «апатты» екі үйде тұратындардың барлығы - көрші елдерден көшіп келген оралмандар. Оралмандарға 1956 жылы салынған бұрынғы балабақшаның екі ғимараты «үй кезегі жеткенше уақытша тұруға» берілген. Алайда Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі ескірген екі ғимаратта тұратын жеті отбасының ешқайсысына әзірге үй кезегі тимеген.

ҮЙ КЕЗЕГІНДЕГІ 11 ЖЫЛ

Үрлайым Назарова 2002 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласынан Қызылордаға қоныс аударған. Жасы 52-ге келген ол «бұрын перзентханада медбике болып істеген», «қазір жұмыссыз, қолында 11 жасар науқас ұлы бар». Үрлайым Назарова 2008 жылдан бері тұрып жатқан баспанасының «үй кезегі жеткенше» деп берілгенін, бірақ кезекке тұрғанына 11 жыл өтсе де, үйден хабар жоқ екенін айтады.

Ресейден көшіп келген оралман әйел Үрлайым Назарова.
Ресейден көшіп келген оралман әйел Үрлайым Назарова.

- 2006 жылы күзде тұрдым кезекке. Сол кезде 48-орында едім. Кейін барлық категорияларды қосып жіберді. Сол кезде 20-орынға дейін жылжыдым. Енді бір секірсем, үй кезегі жетеді ғой деп отырғанда категорияларды қайта бөлді де, кезектің соңына бірақ түстім. 885-орында тұрғаныма үш жыл болды, - дейді ол.

Ұрлайымнан басқа, Өзбекстан мен Түркіменстаннан көшіп келген жеті отбасы, барлығы 50-дей адамның дені қазіргі баспаналарында 2002 жылдан бастап тұрады. 1956 жылы салынған ғимараттардың тозғаны көрініп тұр, бірақ қабырғалары қалың, бір қабатты болғандықтан, тұрғындар аса көп қауіп көрмейтін сияқты. Олар қазіргі баспаналарын «өздері жөндеп, жақсартып алғандарын» айтып, билік ұсынған үйді «бұдан да сорақы» деп сипаттайды.

«МАЛ ҚАМАУҒА ДА ЖАРАМАЙДЫ»

Оралмандардың сөзіне қарағанда, жергілікті билік көшіп баруды талап етіп отырған көпқабатты үй тұруға жарамсыз, «қазір онда бес-алты ғана отбасы қалған, қалған жұрт түгел көшіп кеткен». Ол үйге барып қазіргі жағдайын көріп қайтқан Үрлайым Назарова:

- Біз барып, ішін арнайы телефонға түсіріп алдық. Есіктері жоқ, ішкі қабырғалары құлаған, бөлмелері қоқысқа толып кеткен. Адам түгілі мал қамауға да жарамайды, - деді.

ВИДЕО: Жергілікті билік ұсынған үйдің жағдайы

Оралмандар апатты үйден көшкісі келмейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:55 0:00

Ал Өзбекстаннан көшіп келген орта жастағы Мәншүк Дабынбаева:

- Апатты деп есептеген қазіргі үйіміз апатсыз деп белгілеген үйлерінен жақсы. Апатты үйден апатты үйге көшіріп жатқан соң ол жаққа барғым келмейді. Ол – жаман жатақхана. Біздердікі ол жатақханадан жақсы. Кеше бәріміз барып көріп келдік. Баспалдақтары жоқ. Бірінен-біріне секіріп өтесің, - дейді.

Оралмандар көшіп барудан бас тартып отырған үй – Қызылордадағы Титов кенті Жетікөл көшесінде орналасқан бес қабатты ғимарат. Бір бұрышындағы іргетасы үгітіле бастаған бұл ғимаратқа Азаттық тілшісі де барып көрді. Баспалдақтары мүжіліп, жұқара бастаған көпқабатты үйдің кей бөлмесінің қабырғасы құлап жатыр, көп уақыттан бері ешкім тұрмағаны байқалады. Қараусыз қалған пәтерлер қоқысқа толып кеткен, қайсыбір бөлмелердің есіктері қирап, кейбірінің іші суға толып, еденіне лай тұнған. Бұл жерде бірен-саран адамның тұрып жатқанын кейбір терезелерге құрылған перделерден ғана аңғаруға болады.

ЖЕРГІЛІКТІ БИЛІК ӨКІЛДЕРІНІҢ МӘЛІМЕТІ

Оралмандардың қазіргі тұрып жатқан, бірақ жергілікті билік апатты деп таныған үйлері Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің қарамағында. Комитеттің Қызылорда облыстық филиалының бас маманы, заңгер Самат Сейдахметов:

- Бұл ғимараттар апатты жағдайда. Екі үйдің де эксперттік қорытындылары бар. Сол себепті департамент атынан жергілікті атқарушы органдарға хат алмасу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде оларға тұрғын үй инспекциясы Титов мөлтек ауданы, Жетікөл көшесіндегі көпқабатты пәтерден үй ұсынылған. Сәуірдің 1-іне дейін сонда көшуге тиіс болатын. Бірақ бұл кісілердің көшуден неге бас тартып отырғанын білмейміз, - дейді.

Біз уақытша тұруға ұсынған үй - демеушілердің көмегімен көптеген материал, қаражат жұмсалып, жақсылап жөндеуден өткен үй. Уақытша тұруға жарайды. Адамдар тұрып жатқан жақсы пәтерлер.

Ал Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы Ерлан Бердібаев оралмандарға уақытша тұруға ұсынылған үйдің жағдайы «жақсы» екенін айтады:

- Біз уақытша тұруға ұсынған үй - демеушілердің көмегімен көптеген материал, қаражат жұмсалып, жақсылап жөндеуден өткен үй. Уақытша тұруға жарайды. Адамдар тұрып жатқан жақсы пәтерлер, - деді.

Шенеунік оралмандардың үй кезегінде ұзақ тұруының себебін:

Ол кісілер тұрғын үй кезегінде апатты үй тұрғындары ретінде емес, оралман ретінде, әлеуметтік тұрғыда әлсіз топ болып тұр. Сол кезегімен уақыты келгенде үйді алады, - деп түсіндіріп, қысқа жауап берді. Ерлан Бердібаев Тасбөгеттегі оралмандардың нақты қашан үй алатынын айтпады.

Қазақстанда «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша үй кезегіне азаматтар бірнеше категория бойынша тұрады. Азаматтарды үй кезегіне қойғанда «Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға» басымдық беріледі. Әлеуметтік тұрғыда әлсіз топқа жататын азаматтарға үй алдыңғы санаттағы азаматтардан кейін беріледі.

Тасбөгет кенті Қызылорда қаласымен іргелес жатқан кент, қала аумағына 1997 жылы кірген. Іргетасы 1948 жылы қаланған бұл кентте 2013 жылғы санақ бойынша 19 мың 993 адам тұрады.

XS
SM
MD
LG