Accessibility links

Дос Көшім: Жастарымыз орыс классиктерімен қатар әлем әдебиетінің өкілдерімен танысуға құқылы


"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім. Алматы, 2009 жыл.
"Ұлт тағдыры" қозғалысының жетекшісі, саясаттанушы Дос Көшім. Алматы, 2009 жыл.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа орта мектептердегі орыс әдебиеті пәнін әлем әдебиетімен алмастыруды ұсынды. Қазақстандағы «Орыстар қауымдастығы» ұйымы бұл бастамаға наразылық танытумен бірге үкімет мәжілісінің мемлекеттік тілде өткізілуі де Конституцияға қайшы дейді.

Министр Жансейіт Түймебаевқа жазылған Ашық хатта: «Сіздер әлем әдебиетіне бастарыңызды бұрмай, қазақ жерінде тұратын бір ғана диаспораның әдебиетін жеке оқыту арқылы қазақ ұлтына және оның болашағына орны толмас қиянат жасап отырсыздар» делінген. Саясаткердің пайымдауынша, мектеп оқушыларына бір ғана орыс халқының емес, әлем халықтарының әдебиеті оқытылуы керек.

– Барлық халықтардың әдебиеті, дүниедегі барлық тілдер өз деңгейінде «ұлы» болып саналады. Жастарымыздың тек Пушкин мен Лермонтовты, Толстой мен Тургеневтерді тануы – дүниежүзіне «терезе ашу» болып табылмайды. Олар орыс классиктерімен қатар Азия мен Африканың, Еуропа мен Американың, араб, қытай, жапон елдерінің әдебиетімен танысуға құқылы, – дейді Дос Көшім.

«Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ұлттық, жеке мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруы керек еді, алайда олай болған жоқ. Соның бір дәлелі – Қазақстан мектептеріндегі орыс әдебиеті пәнінің әлі күнге сақталуы болып табылады» дейді ол.

«Совет кезінен басталып қазірге дейін мектеп бағдарламасынан түспей келе жатқан осы пәннің қазақстандық жастарға қандай қажеттілігі бар?» деп сұрақ қояды Дос Көшім.

Оның айтуынша, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жүргізген зерттеулері нәтижесінде, орыс әдебиеті пәнінің орнына әлем әдебиеті пәнін енгізуді диаспора өкілдерінің 56,3 пайызы қолдайтындығы белгілі болған. Сондықтан Дос Көшім өз ұсынысына қарсы жандар кемде-кем дегенді айтады.

Алайда, Қазақстандағы «Орыстар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының өкілдері бұл пікірмен үзілді- кесілді келіспейтіндігін айтып отыр.

– Бұл ұсынысты көтеріп отырған адамдар өздерінің өткенінен бас тартып, қазақтың ұлт болып қалыптасуына көмегін тигізген мәдениетті ұмытқысы келетіндер. Қазақстанда қазіргі кезде орыс мектептерінің өзінде орыс әдебиеті пәнінің сағаты өте аз. Қазіргі мектеп бітіріп жатқан жастар орыс әдебиетін терең білмейді, – дейді «Орыстар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының өкілі Юрий Бунаков.

Сондай-ақ, ол бүгінде Қазақстандағы орыстілді азаматтардың құқығы бұзылып отыр деп есептейді. Оның бірден бір дәлелі ретінде Бунаков жуырда ғана - сәуірдің 14-інде болған үкімет отырысын бас министр Кәрім Мәсімовтың қазақ тілінде өткізгендігін алға тартты.

Қазақстан Конституциясының 7-ші бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Ал мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деп көрсетілгенін негізге алған Юрий Бунаков, Кәрім Мәсімов әлгі әрекетімен заңды бұзды деп санайды.

Сол болған үкімет отырысы тек қазақ тілде өткендіктен, бірқатар орыстілді журналистер өздерінің наразылығын білдірген болатын. Олар үкімет отырысының барысында не туралы сөз болғанын түсінбейтіндіктерін айтып, қазақ тілінде айтылған сөздерді орыс тіліне аударып беру қосымша уақытты талап етеді деген уәж келтірген.

– Юрий мырза, осы кезге дейін тек ресми тілде ғана өткізіліп келген барлық үкіметтік жиындарға қатысқан қазақтілді журналистер ешқашан наразылық білдірген жоқ қой.

– Иә солай, олар бәрібір орыс тілін біледі емес пе... Ал, орыстілді журналистер қазақ тілін білмейді. Сонда олар түк түсінбей отыра берулері керек пе? Әлде Қазақстан өз азаматтарының қазақ тілін жетік білетіндігіне қол жеткізіп пе еді? Жоқ! Қазақтардың жартысы қазақ тілін білмейді, бұған қоса орыстілді азаматтардың барлығы да қазақ тілін білмейді. Бүгінгі Қазақстанда қазақ тілінің қолдану аясы қаншалықты сонда? Әрине, егер республикада қазақ тілі жалпыға бірдей қолданыста болса, онда кез келген жиынды мемлекеттік тілде жүргізсін. Ал бүгінгі жағдаймен үкімет отырыстарын тек қана қазақ тілде жүргізу – Конституцияға қайшы келеді.

– Сонда сіз Кәрім Мәсімов Конституцияға қайшы әрекет жасады деп ойлайсыз ба?

– Иә, мен солай ойлаймын. Дәл сол отырыста Мәсімовті қазақ тілді журналистерден басқа ешкім түсінбеді. Бірақ, үкімет отырысында сөз болған жайттарды Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері білуі керек емес пе? Егер ол үкімет басшысына маңызды емес болса, онда ендігі отырыстарды, мәселен, қытай тілінде өткізсін, – дейді Қазақстандағы «Орыстар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының басшысы Юрий Бунаков.

Алайда оның айтқандарымен «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысының төрағасы Дос Көшім келіспейді.

– Бұл, әрине, саяси мәдениеттілікке жатпайтын шығар, бірақ мен әлгіндей айтылғандарды – байбалам деймін. Оның баяғыдан келе жатқаны да белгілі. Ең қызығы, бұл байбалам салушылардың белгілі бір дәлелі жоқ. Егер дәл сол үкімет басшысы жиынды қазақ тілінде өткізгендігі туралы айтатын болсақ, онда дүниежүзіндегі заңдарға сәйкес, үкіметтің отырысы мемлекеттік тілде өткізілуі керек. Біздің елде бұл бірінші рет өткізілгенін ескерсек, байбаламды олар емес, біз салуымыз керек еді, – дейді саясаттанушы.

Бірақ олар осылай шуылдай бастағанда, мен ішімнен қуана бастаймын дейді ашық хат ауторы. Өйткені олар өздерінің осы қылықтарымен өздерінің дұрыс емес екендігін байқатады деп атап көрсеткен Дос Көшім министрлікке жіберілген хаттың ресми жауабын күтіп отырғанын айтады.
XS
SM
MD
LG