Accessibility links

Анасы өртеніп мерт болған тұтқынның ісі қайта қаралмақ


Өзін өртеп қайтыс болған Майра Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова (сол жақта) бас прокуратура алдында жылап тұр. Астана, 14 желтоқсан 2016 жыл.

Баласына түрме жазасын кескен сот үкіміне шағыммен барып, бас прокурордың қабылдауына кіре алмай өзін өртеген Майра Рысманова ауруханада қайтыс болды. Прокуратура марқұмның ұлының ісі бойынша үкімге қарсылық түсіретіндерін мәлімдеді.

МАЙРА РЫСМАНОВАНЫҢ ҚАЗАСЫ

Желтоқсанның 14-іне қараған түні Астананың 1-қалалық ауруханасында Жамбыл облысы Шу қаласының 48 жастағы тұрғыны Майра Рысманова қайтыс болды. Баласы Ербол Ахметовке шығарылған сот үкіміне наразылығын айту үшін желтоқсанның 6-сы күні Астанадағы бас прокуратураға барған кезде өзін өртеп, денесі қатты күйіп қалған әйел бір аптадан бері осы ауруханада жатқан еді.

Майра Рысмановамен бірге бас прокуратураға өз мәселесі бойынша шағым айтуға Жамбыл облысынан келген Жадыра Арыстанқұлованың Азаттыққа айтуынша, өзін өртеген әйелдің қайтыс болғанын туыстарына дәрігерлер түнде хабарлаған.

- Түнгі сағат бірдің шамасында дәрігер Павел Кутняков телефон соғып естіртті. Алдында [Майра Рысманова] шоктан ес жиып, дәрігерлер оны ара-тұра оятып қана отырған. Бірақ оңалған жоқ еді, - дейді Жадыра Арыстанқұлова.

Астананың 1-қалалық ауруханасы комбустиология бөлімінің дәрігері Павел Кутняков Азаттыққа Майра Рысманованың қазасы жайлы мәлімет беруден бас тартты.

"АНАМДЫ БЕС РЕТ ҚАБЫЛДАМАЙ ҚАЙТАРДЫ"

Азаттық тілшісі сәрсенбі күні таңертең Астанадағы бас прокуратура ғимараты алдына барған кезде ол жерде Майра Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова анасының мезгілсіз қазасына қайғырып жылап тұрған еді. Ғимарат маңайынан полицияның арнайы жасағы мен автобусы көзге шалынды.

Өзін өртеген Майра Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова. Астана, 7 желтоқсан 2016 жыл.
Өзін өртеген Майра Рысманованың қызы Ақмарал Ахметова. Астана, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Ақмарал Ахметова анасы Майра Рысманованың екі рет сотты болған үлкен ұлы Ербол Ахметовтің ісі бойынша "жергілікті биліктен әділеттілік таба алмаған" соң, Астанаға бас прокурорға шағымдануға бірнеше рет келгенімен, оның қабылдауына кіре алмай, сергелдеңмен жүріп, шетін әрекетке барғанын айтып жылады.

- Жамбыл облысына барса, бері қайтарады, бас прокуратураға жазады, тағы қайтарады. Өстіп бір айда бес рет келген бас прокуратураға. Қабылдамады. Кетпей қойса, қызметкерлерін шақырып алып кететін. Ешкім [шағымды] қарамады. Қазақстанда заң жоқ, - дейді Ақмарал Ахметова.

Осылайша жылап тұрған Ақмарал Ахметова бір уақытта есінен танып қалды. Бас прокуратура алдына келген медициналық жедел жәрдем көлігі Ақмаралмен бірге осы жерде тұрған оның туыстарын және Жамбыл облысынан жеке мәселелеріне байланысты шағымданып келген Жадыра Арыстанқұлова мен Күлжамал Кутумованы да алып кетті.

Ақмарал Ахметованың өртеніп қаза болған анасын жоқтауы:

Жамбыл облысы Шу аудандық соты 2015 жылғы маусымның 15-інде "аса ірі көлемде есірткі сақтады" деген айыппен Ербол Ахметовті 4 жыл 6 айға соттаған. Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы 2015 жылы тамыздың 20-сы күні Ербол Ахметовтің апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, үкімді күшінде қалдырған.

ПРОКУРАТУРА СОТ ШЕШІМІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ ТҮСІРМЕК

Бірнеше сағаттан кейін Азаттық тілшісіне Майра Рысманованың сіңлісі Дания Рысманова туыстары талайдан бері қабылдауына кіре алмай жүрген бас прокурор Жақып Асанов өзімен бүгін кездескенін айтты.

- Бас прокурор мені қабылдап, қайғымызға ортақтасып көңіл айтты. Әпкемнің сүйегін елге жеткізуге жәрдемдесеміз деді. Барлық талап-арыздарыңызды қараймыз, Жамбыл облысын түгел тексереміз деді, - дейді Дания Рысманова.

Бас прокуратура ғимараты алдында тұрған Майра Рысманованың туыстары. Астана, 7 желтоқсан 2016 жыл.
Бас прокуратура ғимараты алдында тұрған Майра Рысманованың туыстары. Астана, 7 желтоқсан 2016 жыл.

Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрділда Ораз желтоқсанның 14-і күні Майра Рысманованың туыстары бас прокурор Жақып Асановтың қабылдауында болғанын растады. Ол қабылдауды "Рысманованың қазасымен байланыстырмауды" сұрады.

- Алдын ала жазылып, кезекке тұрған адамдар тек аптаның сәрсенбісінде ғана қабылданатыны жайлы бас прокуратураның ішкі ережесі бар, - деп түсіндірді Нұрділда Ораз.

Бас прокуратура өкілі Ержан Ералиевтің айтуынша, Майра Рысманова шағымында 1988 жылы туған ұлы Ербол Ахметовтің үстінен қозғалған қылмыстық істі қайта қарауды талап еткен және баласын ұстаған кезде қызмет өкілетін асыра пайдаланған деп танылған полиция қызметкеріне қатысты бұған дейін сот тағайындаған жазамен келіспейтінін білдірген.

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІНЕ ҚАРСЫ ІС

Прокуратураның мәліметі бойынша, 2015 жылы ақпанның 28-і күні Ербол Ахметовті Жамбыл облысы Шу аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі Ерлан Жейдешов ұстаған.

Кейін полиция қызметкері Жейдешовке күдікті Ахметовке қатысты "қызмет өкілетін асыра пайдаланған" және "күш қолданған" деген айыптар тағылып, ол жауапқа тартылған. Биыл қарашаның 2-сі күні Тараз қалалық 2-соты Ерлан Жейдешовке тағылған "қызметін асыра пайдалану" айыбы ғана дәлелденді деп тауып, оған үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Сот үкімі әлі заңды күшіне енбеген.

- Оның (Жейдешов – ред.) ісі бойынша Жамбыл облыстық прокуроры сот шешіміне қарсылық білдірді. Оған тағылған айыпты қылмыстық кодекстің "күш қолдану" айыбына ауыстырып, соттан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайтын шешім шығаруды сұрап отыр, - дейді бас прокуратура қызметкері Ержан Ералиев.

Оның сөзінше, бас прокуратура Ербол Ахметовтің ісін қарап шыққан.

- Сот тергеуі толымды жүргізілмегенін айтып, [Ахметовке шыққан] үкімді қайта қарау туралы қарсылық жобасын дайындадық. Енді басшылықтың келісімін күтіп отырмыз, - деді прокурор Ералиев.

Бұған қоса прокурорлар Шу аудандық ішкі істер бөлімінің ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімі бастығының орынбасарының үстінен Майра Рысманова мен оның туыстары жазған шағым да тексеріліп жатқанын хабарлады.

Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметі Азаттыққа бұл мәселеге қатысты сауалдарды жазбаша хатпен жолдауды сұрады.

Желтоқсанның 6-сы күні түскі сағат 12 шамасында Астанадағы бас прокуратура кеңсесінің тексеру-өткізу пунктінде 1968 жылы туған Шу қаласының тұрғыны Майра Рысманова үстіне бензин шашып, өзіне от қойған. Прокуратура қызметкерлері дереу өртті сөндіріп, жедел жәрдем шақырған. Туыстарының айтуынша, наразы әйел бас прокуратураға ұлы Ербол Ахметовке шығарылған сот үкімімен келіспей, шағымдануға барған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG