Accessibility links

Жас кандидаттар мен ескі әдеттер


Сайлауға түсіп жатқан кандидаттар туралы ақпарат жазылған стенд жанында тұрған адамдар. Астана, 14 наурыз 2015 жыл.
Сайлауға түсіп жатқан кандидаттар туралы ақпарат жазылған стенд жанында тұрған адамдар. Астана, 14 наурыз 2015 жыл.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына түсіп жатқандар арасында көбінесе «Нұр Отан» партиясы ұсынған жастар көп. Бірақ олардың сайлау бағдарламаларын табу оңай шаруа болмай шықты, жас кандидаттар өзі жайлы ештеңе айтқысы келмейді.

Өзін мәслихат депутаттығына ұсынған Астана тұрғыны, 23 жастағы Гаухар Оспан туралы ақпарат аз.

УНИВЕРСИТЕТТЕН - МӘСЛИХАТҚА

Оның Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) магистратурасында оқитыны ғана белгілі. Ол сайлауға түсетін 107-сайлау учаскесінде Азаттық тілшісіне бойжеткен жайлы қосымша мәлімет те, оны қалай табуға болатынын да айта алмады.

Астана әкімдігі сайтында Гаухар Оспан 2014 жылы қалалық мәслихат депутаттығына сайлауға түсіп, 39 дауыс алғаны туралы ақпарат жарияланған. Оның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпарат интернеттен де, сайлау комиссияларынан да табылмады.

Астана қаласы мәслихаты депутаттығына 20-сайлау округынан түсетін 26 жастағы Асхат Оралов - «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрайымының орынбасары. Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында оның Павлодардың тумасы екені және Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетін бітіргені жазылған.

Алматыдағы "Нұр Отан" партиясының сайлау билбордындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті. 11 наурыз 2016 жыл.
Алматыдағы "Нұр Отан" партиясының сайлау билбордындағы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті. 11 наурыз 2016 жыл.

ЕҰУ сайтындағы кандидат Оралов жайлы мақалада ол студент кезінде барлық «патриоттық шараларға» қатысып, жастар саясаты орталығын басқарған әрі «Нұр Отан» партиясында белсенді жұмыс істеген деп жазылған.

- «Нұр Отан» партиясы филиалы төрайымы Нұрманбетова Жәмила Нүсіпжанқызы ұсынысымен кандидатурам партияның астаналық филиалында, кейін орталық аппаратта қаралды. Тестен, сұхбаттан өтіп, қазір бірінші орынбасар қызметін атқарамын, өзіме артқан сенімді ақтау үшін барымды саламын. Бұл президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев талай айтқан жастарға арналған «Әлеуметтік лифт» деп санаймын, - дейді Асхат Оралов студенттік газетке берген сұхбатында.

Әлгі сұхбатында ол Еуразия ұлттық университеті магистратурасына түсіп, кейін оқуын Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (МГИМО) аяқтағанын айтады.

Оның сайлауға түсетінін Facebook желісіндегі парақшасында достары ғана жазған. Олар жеңіс тілеп, сайлауға қатысуын «саяси болашаққа үлкен секіріске» балайды. Оны «Астана ғана емес, бүкіл Қазақстан жастарының ең көрнекті әрі болашағы үміт күттіретін өкілі» атайды. Бірақ сайлаушыларға оның сайлауалды бағдарламасы жайлы ештеңе айтылмаған.

Азаттық тілшісі Асхат Ораловпен хабарласып, сайлауалды бағдарламасы жайлы айтып беруін өтінді. Бірақ ол жұмысбастылығын айтып, тұтқаны тастай салды. Парламент немесе мәслихат депутаттығынан үміткер жас кандидаттарды да әңгімеге тарту қиын болып шықты. Олар қарбалас екендерін айтады немесе өздерінен ересек саясаткерлер сияқты баспасөз өкілдерімен сөйлесуден қашқақтайды.

МӘСЛИХАТ ПЕН ПАРЛАМЕНТТЕГІ АКТЕРЛЕР

23 жастағы актер Асылхан Төлепов Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы 15-сайлау округынан сайлауға түспек. Ол сайлауға «Жаңа аудан – жаңа белес» ұранымен қатысады.

«Вконтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында ол өзін Қазақстан тәуелсіздігімен құрдас жастар өкілі атап, «...сүйiктi қаламыз әр адамға бақуатты өмiр сүру үшiн өз еңбегiне қарай табыс табуына мүмкiндiктер бередi, бұл - мегаполистiң бiз ұстануға тиiс қағидасы» деп жазады.

Асылхан Төлепов - Ақтөбе тумасы. «Жаужүрек мың бала», «Он и она» («Қыз бен жігіт») фильмдеріне түскен. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында оқыған.

Актер Нұрлан Әлімжанов. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.
Актер Нұрлан Әлімжанов. Алматы, 12 желтоқсан 2013 жыл.

32 жастағы актер, композитор, әнші, шоумен Нұрлан Әлімжанов - осы жоғары оқу орнының тағы бір түлегі. Ол парламент депутаттығына сайлауға «Нұр Отан» партиясынан қатысады. Екі жыл бұрын «Елбасы жолы. Отты өзен», «Темір тау», «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ойнаған. Қазақстан президентінің балалық шағы туралы баяндайтын «Балалық шағымның аспаны» фильміне де түскен.

- Бұрын ешқашан мұндай жұмыс істеп көрмесем де кандидаттар тізіміне іліктім әрі мен үшін бұл үлкен құрмет екені даусыз. Бүкіл ғұмырым киномен байланысты. Бірақ кез келген қазақстандық сияқты менің де айтар ойларым, ұсыныстарым бар... Көтеретін проблемалық мәселелер әрдайым жетеді, тек оларды шешуге құзыры жететін адамдарға жеткізу қажет. Мұндай мүмкіндік елдің ең лайықты азаматтарына беріледі деп үміттенемін. Бізде «Нұр Отан» мүшелері болмаса да, өзге партия, ұйым, құрылымдарда сауатты мамандар көп. Ең бастысы – олар қарапайым қазақстандықтардың арман, мүддесін елеп-ескерсе болғаны, - дейді Нұрлан Әлімжанов «Казахстансакая правда» бас ресми газетіне берген сұхбатында.

ЕҢ ЖАС КАНДИДАТ

«Нұр Отан» билік партиясы парламент мәжілісіне бұл жолы 127 кандидат ұсынды. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, олардың бәрі «мұқият іріктеліп, партия саяси кеңесі бюросында қаралған».

Кандидаттар арасында «Жас Отан» жастар қанатының 32 жастағы төрағасы Шахмардан Байманов бар. Азаттық тілшісі одан 30 жасқа толмаған жастардың сайлауға түсуіне қатысты комментарий беруін сұрады. Бірақ олардың нақты саны мен «Нұр Отан» партиясы оларды неліктен ұсынғанын білудің сәті түспеді. Байманов кейінірек хабарласуды өтінгенімен, кейін телефон қоңырауларына жауап бермеді. Азаттық тілшісінің деректерін жазып алған хатшысы да кейінгі қоңырауларға жауап бермеді немесе «шефтің сайлауға дайындық шараларынан қолы тимей жүр» деумен болды.

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы (ОСК) дерегінше, биыл ақпанда 27 жасқа толған танымал әнші Қайрат Нұртас - парламент депутаттығына сайлауға түсуге тіркелген ең жас кандидат. Қазақстанда мәжіліс депутаттығына 25 жасқа толған, ал мәслихатқа одан да жас адамдар сайлана алады. Қазақстан ОСК дерегінше, кандидаттардың орташа жасы – 43,6 жыл.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG