Наурыздың 17-сі күні Оңтүстік Қазақстан облысы кентінде Алтынтөбе ауылының бір топ тұрғыны сайлаудан шығып калған кандидатқа қолдау білдіріп аудан орталығы Қазығұрт кентіне жиналғаны туралы ақпарат тарады.
Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Бердалы Дүйсенбайұлы өз парақшасында «аудандық маслихат депутаттығына кандидаттың сайлаудан алынып тасталғанына Алтынтөбенің бір топ тұрғыны наразылық танытқаны» туралы хабарлады.
Азаттық тілшісі хабарласқан Бердалы Дүйсенбайұлының сөзінше, Қазығұрт аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген Боранбай Төлеевті қолдаушылар Алтынтөбеден аудан орталығына ондаған көлікпен барған.
ТҰРҒЫНДАР НАРАЗЫЛЫҒЫ
Азаттық тілшісіне оқиға ішінде болғандардың бірі Сабыржан Бекеновтің айтуынша, Алтынтөбе ауылдық округінен аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Боранбай Төлеевтің дауыс беруге санаулы күн қалғанда сайлаудан шығып қалуы ауыл тұрғындарының наразылығын туғызған.
– Бұл ақпаратты естіген тұрғындар өздігінен ұйымдасып кетті. Орталыққа жететін көлікке сыймай қалғандар да болды. Менің «Газель» көлігімді тоқтатып, апаруды өтінді. Басқа ауылдардан да сондай көліктер шақырып, барлығы төрт «Газельмен» 80 адамды Қазығұртқа апардық. Одан өзге жеке көліктерімен, таксилермен – барлығы 200-ге жуық адам ауданға барды, - дейді ол.
Сабыржан Бекеновтің сөзінше, Қазығұрттан 41 шақырым жердегі Алтынтөбе ауылынан барғандар аудан әкімдігі алдына жиналып, Боранбай Төлеевті қайта тіркеуді талап еткен. Әкімдік алдында наразыларды полиция өкілдері қарсы алған.
– Боранбай Төлеев біздің ауданға барғанымызды білмейді де. Кейін хабарласқанымызда «қайтыңдар» деп өтініш айтты. Оның үстіне оқиғаға ауылдың жасы үлкен азаматтары араласты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Боранбай Төлеев ауыл жастарына бірнеше жылдан бері көмектесіп келеді, оны жұрттың бәрі біледі, - дейді ауыл тұрғыны.
Оның айтуынша, сайлаудан шығып қалған Төлеевпен бәсекеге түсіп жатқан үш кандидаттың арасында бұрын мәслихатқа депутат болған «Нұр Отан» партиясының мүшесі де бар.
Боранбай Төлеевті сайлаудан алуға қарсы тұрғындар жайлы видео:
САЙЛАУДАН ШЕТТЕТІЛГЕН ҮМІТКЕР
Азаттық тілшісі сайлаудан шығып қалған Боранбай Төлеевтің өзімен де телефонмен хабарласты. Ол Алтынтөбе ауылы тұрғындары өзін қолдап Қазығұртқа келгенін растады.
– Ауыл тұрғындарының мені қолдап аудан орталығына баратынын білмедім. Менімен келіспей барғандықтан олардың алдынан шығып, бұл әрекеттері заңға қайшы екенін айттым. Себебі, бұл мәселені сот шешуі тиіс. Содан кейін аудан әкімдігінде жиналыс болды. Аудан әкімі, аудан прокуроры, аудандық ішкі істер бөлімі бастығы қатысқан жиында сөйлеп, халықтан тезірек тарауын өтіндім. Өйткені менің сайлау комиссиясының шешімін сотқа беруіме бір-ақ күн уақытым бар. Сол уақытымды алмаңыздар деп жұртты қайтардым, - дейді ол.
Боранбай Төлеев өзін сайлаудан шеттету туралы округтік сайлау комиссиясы 11 наурызда шығарған шешім қолына тек 16 наурызда тигенін айтады. Ол өзіне қатысты №1 Алтынтөбе округтік сайлау комиссиясының шешімімен келіспей, аудандық сотқа шағым түсірген.
Төлеевтің сөзінше, оны сайлаудан шеттетуге аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін тапсырған табыс декларациясы негіз болған.
– Ақпанның 16-сы кандидат ретінде тіркелдім. «Табыс декларациясы дұрыс көрсетілмеді» деген соң, ақпанның 23-і қосымша декларация тапсырдым. Қазығұрт аудандық кірістер басқармасының «қосымша декларация дұрыс есептелген» деп берген анықтамасы бар. Бірақ оны Алтынтөбе округтік сайлау комиссиясы есепке алмады. Енді кірістер басқармасының анықтамасы бойынша сотқа жүгінемін, - дейді ол.
Алтынтөбе ауылында туып-өскен Боранбай Төлеев өзіне жергілікті билік тарапынан қандай да бір қысым бар деп санамайды. Мәселе заң аясында әділ шешімін табар деп үміттеніп отырған ол «сот шешімі бүгін шықпаса кеш қаламын ба» деген күдігімен де бөлісті.
ДАУҒА АЙНАЛҒАН ДЕКЛАРАЦИЯ
Азаттық тілшісі Боранбай Төлеевтің мәселесіне қатысты Қазығұрт ауданы аумақтық сайлау комиссиясына хабарласқан еді. Сайлау комиссиясы қызметкерлерінің жұмыс бабымен жан-жаққа кеткенін айтып, өзін «оператормын» деп таныстырған Ғалымжан Дашалов Төлеевті сайлаудан шығару жөнінде округтік сайлау комиссиясынан хабарлама келгенін растады. Ол хабарламада «Сайлау туралы заңның 104-бабы 6-тармағының 3-1 тармақшасының бұзылуына байланысты Боранбай Төлеевті аудандық мәслихат депутаттығына кандидат етіп тіркеу туралы 16 ақпандағы шешімнің күші жойылсын» деп жазылғанын оқып берді.
Қазығұрт ауданындағы №1 Алтынтөбе округтік сайлау комиссиясы төрайымы Қарлығаш Сатыбалдықызы Азаттыққа осы округ бойынша аудандық мәслихат депутаттығына кандидат болып тіркеліп, бірақ кейін сайлаудан шығып қалған Боранбай Төлеевтің шешімге риза болмай сотқа шағымданғанын ғана айтып, басқа ақпарат беруден бас тартты.
Азаттық телефонмен хабарласқан Қазығұрт ауданы әкімдігі жалпы бөлім бастығы Әбдіжәлел Жамалбеков аудан орталығына келген Алтынтөбе ауылы тұрғындарымен өткен жиынға аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың қатысқанын растады. Оның сөзінше аудан әкімдігіндегі жиналысқа «Алтынтөбе ауылының қырықтан аса адамы кірген».
Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінің кеңсе меңгерушісі де Азаттыққа Алтынтөбе ауылы тұрғындарымен аудандық әкімдікте кездесу болғанын, оған аудандық ішкі істер бөлімі бастығы да қатысқанын растады.
Сайлау туралы заңның 104-бабы 6-тармағының 3-1 тармақшасында округтік комиссия «кандидаттың немесе оның жұбайының декларацияны тапсыру кезіне декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгі анықталғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды» деп көрсетілген.
Сонымен бірге осы бапта «дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтiруге жол берiлмейдi» деп жазылған.
Қазақстанда кезектен тыс парламент мәжілісі сайлауы мен жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауы 20 наурызға белгіленген. Сайлау заңына сәйкес, дауыс беруге бір күн қалғанда кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат шаралары тоқтатылады.