Accessibility links

Белсенділер сайлаудан шеттетілгендеріне наразы


Фатима Жандосова (оң жақ шетте) мәслихат сайлауына кандидат ретінде сайлаушылармен жолығып тұр. Айжан Жанның Facebook-ке жариялаған суреті.
Фатима Жандосова (оң жақ шетте) мәслихат сайлауына кандидат ретінде сайлаушылармен жолығып тұр. Айжан Жанның Facebook-ке жариялаған суреті.

Өздерін мәслихат сайлауына депутат ретінде ұсынған астаналық Фатима Жандосова мен алматылық Әсия Төлесова сот арқылы қайта тіркелуге тырысып жүр. Оларды салық декларациясындағы айырмашылыққа бола сайлауға қатыстырмай тастады.

45 жастағы Фатима Жандосова білімі бойынша физик маман, бірақ әлеуметтік зерттеулер саласында жұмыс істейді.

Белсенділер сайлаудан шеттетілгендеріне наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:22 0:00
Жүктеп алу

БЕЛГІСІЗ ШОТТАР

Фатима Жандосованың Астана қаласы мәслихаты сайлауына түскісі келген, себебі ол мәслихат жұмысының тұрғындар арасындағы жариялылығына ықпал еткісі келеді.

- Жолдарға, тротуарлар мен ЭКСПО-ға көп ақша бөлініп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Неліктен, оған шешімді кім қабылдайды, қандай негізге сүйенеді, бұл бюджеттің мән-жайы қандай, шығын қандай цифр бойынша қалыптасады? Осындай маңызды сұрақтар бар, оларды мәслихат та, әкімдік те есептерінде жарияламайды. Мен осы мәселені түсіндіре аламын деп ойлаймын, Астана мен Алматы бюджетін бағалап көрдім, солайша билікті халыққа жақындату үшін мәслихатқа енуім керек деп шештім, - дейді Фатима Жандосова.

Оның айтуынша, мәслихат депутатына үміткер болған қысқа мерзімде ол өзінің екінші округіндегі сайлаушылармен сөйлесіп, көптеген мәселелерден хабардар болған. Балалар бақшасындағы орын тапшылығы, ауруханадағы кезектер, мектептегі алым-салық, зейнеткерлерді арзан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етпеу, ПИК (пәтер иелері кооперативі) мәселелері тұрғындарды мазалайды.

Жолдарға, тротуарлар мен ЭКСПО-ға көп ақша бөлініп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Неліктен, оған шешімді кім қабылдайды, қандай негізге сүйенеді, бұл бюджеттің мән-жайы қандай, шығын қандай цифр бойынша қалыптасады? Осындай маңызды сұрақтар бар, оларды мәслихат та, әкімдік те есептерінде жарияламайды.
Фатима Жандосова.

Өзінің сөзінше, үгіттеу жұмысын белсенді жүргізген соң бір аптадан кейін Жандосованы сайлау тізімінен алып тастаған. Екінші округтің сайлау комиссиясына салық мекемесінен оның салық декларациясында айырмашылық бар деген қағаз келген.

- Еуразиялық банктегі шотымда 112,4 доллар сома болды. Мен декларацияға 113 доллар деп жаздым. Ақшаны көбірек көрсетсем ештеңе болмайды деп ойладым. Олар осыны кінәрат деп тауыпты. АТФ банкте де осындай бар. Олар маған барлық шотым нөл деп көшірмесін берді. Бірақ бүгін менеджер хабарласып, 0,93 теңге қалғанын айтты. Бұл бір теңге айырмашылық қой, - дейді Фатима Жандосова.

Оның айтуынша, басқа банктегі шоттарынан да айырмашылық шыққан, олар туралы әйел білмеген немесе ұмытып кеткен. «Казкоммерцбанкте де екі шотым бар болып шықты, оларда 41 доллар бар деп көрсетіппін және 4 мың теңгені артық көрсетіппін. Бірақ менде ондай шоттар жоқ, мұндай сома қайдан келген? Банктерге барып тексердім. Банк немесе салық мекемесі қателесіп отыр не бұл Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) әдейі тиісіп, мені алып тастауды көздеп отыр. Тағы бір жабылған шот шықты, оның ішінде ақша жоқ екен, банк бұл жайында маған айтпаған» дейді Фатима Жандосова.

Фатима Жандосова "Яблочный город" әнін айтып отыр. (Көрнекі сурет)
Фатима Жандосова "Яблочный город" әнін айтып отыр. (Көрнекі сурет)

Жандосова бұған мен емес, жалған ақпарат берген банктер айыпты дейді. Фатима Жандосова деректерді жалған ұсынғаны үшін банктерді сотқа берді, бірақ оның өтінішін қараудан бас тартты. Мәслихат депутаттығына бұрынғы үміткер сот арқылы округтік комиссияға тіркелуді қалпына келтіруге тырысты, бірақ бұл шешім де оның пайдасына шешілмеді. «Олар үшін мен ешкім күтпеген мықты қарсылас болып шықтым, ешқандай партияда жоқпын, бірақ округ бойынша өз пікірімді айтып, әрекетке көшкенде мені алып тастауды ұйғарды, басқа амалдары қалмады» дейді Фатима Жандосова.

78 ТИЫН

Салық декларациясында соманы үлкейтіп көрсету Алматы тұрғыны Әсия Төлесованың басында да болды. Оны да 29-округ бойынша қала мәслихаты депутаты сайлауына қатысудан алып тастады. Ақпан айында Алматының Медеу ауданы соты оны тіркеуді қалпына келтіруден бас тартты. Жақында интернетте әйелдің ОСК атына жазған петициясы жарияланды. Әсия Төлесова салық декларациясында 78 тиын көрсеткені үшін, яғни бір теңгеге жетпейтін сома үшін сайлауға түсірмей жатқандарын жазады.

Хатында сайлауға түсе алмаған үміткер «Өкінішке қарай, мәслихат депутаттарын сайлаудан жоғарыда көрсетілген себеппен алып тастайтын кездер кездесіп тұрады. Декларация беру сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін керек екенін түсінеміз, бірақ солайша көптеген лайықты үміткерлер, немқұрайлы емес қазақстандықтар, мамандар мәслихат сайлауына түсе алмайды. Солайша олардың еліміздегі күрделі жағдайды жақсы жағына өзгерте аламыз деген сенімін жояды. Дамыған елдерде декларациядағы айырмашылық сайлаудан алуға себеп болмайтыны белгілі. Айырмашылық маңызын сайлау кезінде сайлаушылардың өзі бағалауы керек, бірақ бұл үміткерді орнынан алып, оны сайлану құқығынан айыруға тиіс емес» деп жазады .

Әсия Төлесова Алматыда қаланың экологиялық жағдайын жақсарту үшін күресіп жүрген белсенді ретінде танымал. Өткен жылы ол AUA - Almaty Urban Air мобильдік ұсынысын шығарды – бұл қала ауасындағы ластануды өлшейді. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина сотта Әсия Төлесова Қазақстан заңы бойынша соманы үлкейтіп дөңгелектеуге болатынын дәлелдей алды дейді, бірақ оны ығыстыруға басқа себептер де табылыпты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

- Ол түзету үшін екінші салық декларациясын сұрады, оған бұрыннан бар соманың үстіне тағы қосып жазып берді. Салық комитеті салық декларациясын екі рет бермейді, себебі бір сома екіншісімен қосылып кетеді. Біз сот кезінде екінші декларация сайлау комиссиясына берілмеді деп айттық, бірақ прокуратура Әсия «соманың жартысын тығып қалды, баяндамады» деп шешіп, оны тіркеуден алып тастады. Шын мәнінде ондай сома жоқ. Салық декларациясына мін тағуға заңды құқықтары болмады, себебі тиын саналмайды, заң бойынша дөңгелектеледі, солайша оны осылай сайлаудан алып тастау әдісін тапты, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Қазір Әсия Төлесова үміткерді тіркеуді қалпына келтіру үшін апелляциялық шағым түсірді, оның уақыты белгісіз. Бақытжан Төреғожина салық декларациясына қатысты жағдай Қазақстанда осымен үшінші сайлауда қайталанып отырғанын, мұның ұнамсыз үміткерлерді сайлауға қатыстырмаудың амалы екенін айтады.

№2 ОКРУГ

№2 округтің сайлау комиссиясы орналасқан №3 мектеп-гимназияның стендінде Астана қаласы мәслихатына үш үміткердің портреті тұр. Фатима Жандосованың суретін алып тастады. Астана қаласының №2 сайлау округінің төрайымы Мәнсия Жақыпова Азаттыққа тіркеу кезінде сайлауға түскісі келетіндер салық декларациясын өткізетінін, оның сәйкестігін кейін тексеретінін айтты. Бұл үшін салық мекемесі 15 күн бөледі.

Фатима Жандосоваға қатысты салық комитеті «салық декларациясы сай емес» деген құжат жіберді... Соған орай округтік сайлау комиссиясы Фатима Жандосованы үміткерлер тізімінен алып тастауды ұйғарды.
Округтік сайлау комиссиясы төрайымы Мәнсия Жақыпова.

- Фатима Жандосоваға қатысты салық комитеті «салық декларациясы сай емес» деген құжат жіберді. Салық комитетіне сүйеніп округтік сайлау комиссиясы Қазақстан конституциялық заңының 3-1 тармақшасы, 6-тармағы, 104-бабы бойынша шешім шығарады. Соған орай округтік сайлау комиссиясы Фатима Жандосованы үміткерлер тізімінен алып тастауды ұйғарды, - дейді Мәнсия Жақыпова.

Оның сөзінше, өз округі бойынша басқа үш кандидаттың салық декларациясының сәйкессіздігі анықталмаған. Олардың бірі биліктегі «Нұр Отан» партиясының өкілі, бұрын да мәслихат депутаты болған, қалған екеуі өзін-өзі сайлаушылар. Шағын пікір білдіру үшін Мәнсия Жақыпова Азаттық тілшісінен редакциялық тапсырманы көрсетуді талап етті, сайлау туралы заңның 20-1 және 20-2 тармақтарын алға тартты. Ол жерде шетелдік журналистер жеке бас куәлігін немесе аккредитацияны растайтын құжат көрсетуі керек деп жазылған. Әдетте журналистер редакция тапсырмасын сайлау бөлімшелерінде тек дауыс беру күні ғана көрсетеді.

Депутаттарды мәслихатқа кезектен тыс сайлау наурыздың 20-сы күні өтеді, сол күні партиялық тізім бойынша Қазақстан парламенті мәжілісіне 98 депутат сайланады. ОСК ақпараты бойынша, биліктің жергілікті өкілдік мекемелеріне (мәслихат) барлық деңгей бойынша 3335 депутат сайланады: оның ішінде облыстарда – 550, қалалық мәслихаттарға – 625 және аудандық мәслихаттарға 2160 адам сайланбақ.

Мақаланы орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG