Accessibility links

Оңтүстікте оқушыны әлі де мақта теруге салады


Мақта теруге келген оқушының бірі. Алғабас ауылы, Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.
Мақта теруге келген оқушының бірі. Алғабас ауылы, Мақтарал ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта егушілер «жұмыс күші аз болғандықтан оқушылар түстен кейін көмектесіп жатқанын» айтса, ресми орындар «бала еңбегін қанауға қарсымыз» дейді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданында мақта теру науқаны қызып тұр. Жол бойында егілген мақта даласынан терілмей тұрған алқаптар көп екені байқалады. Алғабас – Шымкенттен үш жарым сағаттық жерде орналасқан, Жетісай қаласынан шамамен 2-3 шақырым қашық тұрған ауыл.

9-сынып оқушысы Ержігіт Бимұрат күніне 80 келі мақта жинайтынын айтады. Алғабас ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.
9-сынып оқушысы Ержігіт Бимұрат күніне 80 келі мақта жинайтынын айтады. Алғабас ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.

Ержігіт Бимұрат – Алғабас ауылындағы Береке жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы. Азаттық тілшісі қыркүйектің 17-і күні мақта алқабын аралауға барғанда Ержігітпен қоса алты оқушының мақта теріп жүргенін көрді. Ержігіт неліктен сабақ уақытында мақта теріп жүргенін өзінше түсіндіруге тырысты.

- Түске дейін – 40, түстен кейін – 40 келі мақта теремін. Көбіне балалар түстен кейін ата-аналарына көмектесу үшін шығады. Мен де ата-анама көмек болсын деп келдім,-деді ол.

Ержігітпен бірге мақта теріп жүрген оқушылардың бірі мектептен мақта теруге арнайы сұранып келгенін, енді бірі сабақтан тыс уақытта ата-анасына көмектесіп жүргенін айтты.

«МЕКТЕПТЕН ЖІБЕРМЕСЕ ДЕ, СҰРАП АЛАМ»

Мақтарал ауданындағы Алғабас елді мекенінде екі жарым гектар жері бар диқан Жақсылық Тоқмырзаев «әке-көкелеп жүріп» көрші-қолаң, ағайын-туысты еккен мақтасын теріп алуға шығарғанын айтады.

Жақсылық Тоқмырзаев та мектеп оқушыларының мақта терімге тартылып жатқанын растап: «Біздің жеріміз ауылға жақын болған соң ауылдағы терімшілер келіп жатыр. Оқушылар сабақтан бос уақытында келіп көмектесіп жатыр» деді.

Видео: Мақта теруші балалар.

Мақта теруші балалар
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:47 0:00

- Ауылда мақта терімнен басқа жұмыс жоқ. Түстен кейін балаларымызды мақта теруге ертіп келеміз. 3-4 сыныпта оқитын болса да. Бір келі мақта болса да терсін деп. Қайтеміз енді?-дейді ауыл тұрғыны Гүлмира Төребаева Азаттық тілшісіне.

Гүлмираның айтуынша, қыздары кейде «мама, мақтаға бармаймыз» деп жылайды. Ол балаларының мақта теріп, қиналып жүргенін көргісі келмесе де, амалы жоқ екенін айтады.

- Бір ай мақта терімде ақша таппасақ, басқа жұмыс жоқ ауылда. Бірі 6-сыныпта, екіншісі 3-сыныпта оқитын қыздарым бар. Сенбі, жексенбі күні екеуін де алып келіп мақта тергіземін. Мектептен жібермейді. Сонда да сабақтан ағайларынан сұрап алып қаламын, кейде «сабақтан сұранып кел» деймін. Түнде үйге барғанда жуынып, тамақ ішіп болған соң «сабақтарыңды дайындаңдар» дейміз,-дейді ол.

РЕСМИ ТЫЙЫМ

Алғабас ауылындағы Береке жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Роза Омарованың Азаттыққа айтуынша, мектеп ата-аналар мен сынып жетекшілерінің жиналысын өткізіп, оқушыларды мақта терімге шығармау мәселесін қараған.

- Осыдан 10 жыл бұрын баланы мақтаға шығару деген болды. Ол кезде баланы сабақтан босатып, мақтаға шығаратын едік. Мақта алқаптарын кезіп жүріп, балаларды түгендейтін едік. Одан кейін баланың еңбегін қанауға болмайды деген заң шықты. Балаларды мақтаға шығармауға жұмыс жасадық. Қазір бізде оқушылар мүлдем мақтаға шықпайды,-деді ол.

​Мақта алқаптарындағы қарақұрым балаларға қарамастан билік өкілдері «балалар мақта терімге шығып жатқан жоқ» деумен болды. Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының өзін-өзі тану және балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы Ғалия Жүсіпова:

Мақта алқабындағы бала. Алғабас ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.
Мақта алқабындағы бала. Алғабас ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.

- Мақтарал аудандық білім бөлімі тарапынан барлық білім беру мекемелеріне мақта теріміне балаларды шығармау мәселесін бақылауда ұстау үшін хат жолданған. Және мақта алқаптарында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда,-деді.

Ғалия Жүсіпова мақта терім басталмастан бұрын мақта егілген барлық аудандардың білім ошақтарында осы мәселеге орай ата-аналар жиналысы өткенін, қатаң ескерту жасалғанын айтады. Әйткенмен диқан ата-аналардың балаларын сабақтан тыс уақытта мақта алқабына алып шығу еркін ешкімнің шектей алмайтыны байқалады.

- Бос уақытында, сабақтан тыс болса оқушы ата-анасына көмектесе алады. Бала мақта алқабында мүлде жұмыс істемесін, мақта термесін деген заң жоқ бізде. Қанша жастағы бала болсын, егер сабақтан тыс уақытта, әке-шешесіне көмектесіп, ауыр жүкті көтермейтін болса, бұған рұқсат етіледі, -дейді Ғалия Жүсіпова.

ДИҚАНШЫЛАРДЫҢ УӘЖІ

Әйткенмен мақта алқаптарында жүргендердің бәрін «бос уақытында әке-шешесіне қолғабыс етушілер» деп сипаттауға келмейді. Диқан Жақсылық Тоқмырзаев өсіру шағыны көп мақтаны жауын-шашынға қалдырмай жинау кезінде жұмыс күші аз болғасын «түстен кейін оқушылар келіп көмектесетінін» айтты.

- Жер жыртып, шит егуді, шабығын, сепкен дәрімізді, терімшілердің ақысын есептесек, шығын көп. Мысалы, осы екі жарым гектарға 700 келі дәрі бердік. Әлі де биыл құрт жоқ. Еңбегімізге жараса, гектарына 30-40 центнерден өнім аламыз деп үміттеніп отырмыз,-дейді Жақсылық Тоқмырзаев Азаттыққа.

Диқан Ғалымжан Күлішев. Алғабас ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.
Диқан Ғалымжан Күлішев. Алғабас ауылы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 17 қыркүйек, 2015 жыл.

Ал жергілікті диқан Ғалымжан Күлішевтің бір жарым гектар егіс жері бар. Жекеменшігінде қажетті техника болғандықтан, шығын көлемі аз болыпты. Оның сөзіне қарағанда, соңғы уақытта мектеп оқушыларын бұрынғыдай жаппай мақта терімге шығару қиынға түсе бастағаны байқалады.

- Біздегі бар мәселе – терімшілер аз, жоқ деуге болады. Жергілікті тұрғындар ауылдың шетіндегі мақтаны теріп үлгермей жатыр. Теретін адам жоқ. Оқушыларды сабақтан жібермейді. Ауылдан көп болса 20-30 адам мақта теруге шығады. Амал жоқ, Өзбекстаннан мақта теруге келген өзбектерді саламыз,-дейді диқан Азаттыққа.

Ғалымжан Күлішевтің сөзінше, биыл кейбір мақта қабылдау пункттері мақтаның әр келісіне 80 теңгеден алғытөлем беріп жатыр, ал кейбірі нақты ақшаға келісін 100 теңгеден сатып алып жатыр. Ресми деректерге қарағанда, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында 114,5 мың гектар жерге мақта егілген. Мақтарал мен Шардара аудандарында мақта теру науқаны қыркүйек айында өтеді. Осы маусым кезінде нақты қанша оқушының «сабақтан бос уақытында», я «әке-шешесіне қолғабыс ету үшін» мақта теруге шығарылатыны туралы ресми дерек жоқ.

XS
SM
MD
LG