Accessibility links

Жаңаөзендіктер солтүстікке көшуге бейілді болмады


Еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.
Еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.

Жұмыссыз жаңаөзендіктер жұмыс бар облыстарға қоныс аударуға шақырған бағдарламаға қолдау білдірмеді. Олар «бізді Жаңаөзеннен кетіру үшін беретін уәдесі» деп, биліктің бұл жоспарынан қауіптенеді.

Мамырдың 26-сы мен 27-сі күндері Маңғыстау облысында тұрғындарды шығыс және солтүстік өңірлерге (Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарына) қоныс аударуға шақырған еңбек жәрмеңкесі өтті.

Жаңаөзен қаласында өткен кездесуде жиналған жұртшылықтың біразы залға кіре алмады. Қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығы Балзираш Маркашова «іште орын жоқ, сіз шақырылмағансыз» деген уәжбен Азаттық тілшісін де кіргізуден бас тартты.

Жиынға кіре алмай, есік алдында топталған тұрғындар бір-бірінен «Жұмыс беріп жатыр ма?» деп сұраумен болды.

Жиыннан көрініс. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.
Жиыннан көрініс. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.

Жұрт жиынның ресми бөлігі аяқталған кезде сыртқа шыққан Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловті қоршап алып, сұрақтың астынан алды. Тұрғындар жан-жақтан әкімге: «Жаңаөзенде жұмыссыз адамдар көп. Неге өзімізге жұмыс жетпей жатқанда басқа жақтан адам алынады?», «Неге 30-40 мың теңге төленетін тазалау жұмыстары ғана беріледі?» деген сауалдар қойды. Қала әкімі «Жазылып, мыналардан сұраңыз» деп өзге өңірден келген өкілдерге сілтеді.

«МАҢҒЫСТАУДАН БАСҚА ЖАҚҚА БАРМАЙМЫН»

Жұмыс орындарын басқа облыстардан ұсынып жатқанын естіген қала тұрғындары ғимарат сыртына шығып наразы пікірлерін айта бастады. Солардың бірі – қаладағы күзет қызметінің бірінде қарауыл болып істейтін Мұхтар Оразбаев.

– Шақырған облыстарда картоп егуді ұсынып отыр. «Үй, бәрін береміз» дейді. Сенбейміз. Себебі басында бізді Жаңаөзеннен кетіру үшін көп уәде беріледі. Ал кейін аштан өліп жатырсың ба, онда жұмысы болмайды. Барлық жерде жағдай бірдей, Бұл жерде жұмыс тауып бере алмай отырғанда ол жерде тауып бере ме? – дейді Мұхтар Оразбаев.

Ол кісі «картоп өсіргенмен оны Қазақстанда дұрыс сата алмайды, елде шығатын дақылдар бола тұра үкімет басқа жақтан алады, салған егінді сата алмай тағы қол жаямыз» деп біледі.

Еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.
Еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.

Жиырма шақты жыл бұрын Түркіменстаннан қоныс аударған Мұхтар Оразбаев «бұрғышы» деген дипломы бола тұра содан бері күзет қызметінен ары аспағанын, бұл жұмысына қосымша базарда сауда-саттық жасайтынын айтады. Ол 40-50 мың теңге жалақысы балаларының киіміне де жетпейтінін айтып налиды.

– Коммуналдық қызмет құны да өсіп барады. Еттің бағасы 2 мың теңгеге жақындады. Мен еш уақытта қандай да бір жерде жалақы өскенін естіген емеспін. Терроризмнің де, атыстың да туындауының себебі – осы жұмыссыздық, – дейді ол.

Оның сөзін қоштаған өзге тұрғындар «аймақтағы жалақысы тәуір жұмысқа тамыр-танысы барлар ғана кіретінін», өздері «аса үлкен табыс сұрап отырмағандарын, 100-150 мың теңгенің айлығын місе тұтатындарын» айтты. Олардың бірі жұмыс күшіне тапшы солтүстік және шығыс аймаққа көшуге шақырған бұл жиынға қатысты сауалға:

– Көшпеймін. Әке-шешемнің жүрген жері ғой, Маңғыстаудан еш жаққа бармаймын, – деп жауап берді.

ВИДЕО: Жаңаөзендіктер «көшпейміз» дейді

Жаңаөзендіктер «көшпейміз» дейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

«КӨШКІСІ КЕЛМЕГЕНДЕР КӨШПЕЙ-АҚ ҚОЙСЫН»

Маңғыстау тұрғындарына өз аймағынан жұмыс пен баспана ұсына келген өкілдердің бірі – Шығыс Қазақстан облысы Жарма аудандық жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Айдос Жансақов.

– Біздің жақта мал шаруашылығымен айналысса, жер, шабындық тауып бере аламыз. Себебі біздің жақта соңғы бес жылда жұмысқа қабілетті адамдар азайып кетті. Оралмандар келіп жатқанымен, олар кеткендердің орынын толтырмай отыр, – дейді Айдос Жансақов.

Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту басқармасының дерегінше, былтыр шетелге (басым көпшілігі Ресей мен Қытайға) көшіп кеткен 54 мың адамның арасында тракторшылар мен дәрігерлер де көп болған. Тек Шығыс Қазақстан ғана емес, өзге облыстардың өкілдері де маңғыстаулықтарға негізінен тракторшы, малшы, механизатор, егінші, дәрігер, мұғалімдік жұмыстар ұсынған.

Еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.
Еңбек жәрмеңкесіне келген жұрт. Жаңаөзен, 27 мамыр 2017 жыл.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығы Гүлмира Қалмұратованың сөзінше, аймақтағы бұл жолғы еңбек жәрмеңкесіне 200-ге тарта адам қатысқан.

– Мейлі, он отбасы көшсе де, мүмкіндік жасап беру, үйсіз жүрген адамға үйлі болуға, жұмыс табуға көмектесу – мақсатымыз. Көшкісі келмегендер көшпей-ақ қойсын, бұл – ерікті қоныс аудару, – дейді ол.

Жаңаөзен қаласының әкімі Елубай Әбіловтің сөзінше, қалада 1032 адам жұмыссыз. Ол «Жаңаөзенде халықтың ішкі миграциясы жоғары әрі жұмыс көзі тапшы» екенін айтады.

– Олардың бәрі мұнай компанияларынан жұмыс сұрайды. Бірақ мұнай компанияларынан жұмысқа тапсырыс түсіп жатқан жоқ. Биыл мен былтырдың өзінде 150 адамды жұмысқа орналастырдық, соның ішінде 38-і – тұлдыр жетім бала, – дейді Елубай Әбілов.

ВИДЕО: Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмуханбетова аймақтағы жұмыссыздық туралы айтты

Әкімнің орынбасары Маңғыстаудағы жұмыссыздық туралы айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

Маңғыстау облыс әкімдігі былтыр ондағы 633 мың адамның 19 мыңнан астамы жұмыс сұрағанын, билік биыл 26 мың жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырғанын айтады. Әкімдік дерегінше, 2014 жылы Маңғыстаудан Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласына екі отбасы ғана көшкен.

Қазақстан үкіметі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын 2013 жылы қабылдаған. Бұл бағдарламадан кейін солтүстік пен шығыстағы «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға оңтүстіктегі «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру науқаны іске аса бастаған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен.

XS
SM
MD
LG