Accessibility links

Мәсімовтің хэштегін келемеждеушілер көбейді


Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің Twitter парақшасындағы басты суреті.
Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің Twitter парақшасындағы басты суреті.

Әлеуметтік желілерде белсенді бола бастаған Қазақстан премьері Кәрім Мәсімовтің ел жетістігін #Тәуелсіздікке25жыл хэштегімен жазу ұсынысын сынағандар көп. Белсенділердің бірі «экономика олқылықтарына Мәсімовтің тікелей қатысы бар» десе, енді бірі «ол президент болғысы келеді» дейді.

«ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖЕҢУ»

Премьер-министр Кәрім Мәсімов тамыздың 9-ы күні Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Тәуелсіздік мерейтойы қарсаңында #Тәуелсіздікке25жыл хэштегін іске қосамын. Барлық жетістіктерімізді осы хэштегпен таныстыруды ұсынамын» деп жазды.

#Тәуелсіздікке25жыл хэштегі мазаққа қалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:21 0:00
Жүктеп алу

Арасында бірер жыл үзіліспен Қазақстан үкіметін 2007 жылдан бері басқарып келе жатқан Кәрім Мәсімовтің ұсынысын ресми БАҚ-тың қолдай кеткені, олардың күнделікті ақпараттарды осы хэштегпен жариялай бастағаны байқалды. «Қазақстанның барлық жетістіктерін хэштегпен таныстыру» ісіне мемлекеттік БАҚ-тан бөлек, әлеуметтік желі қолданушыларын да жұмылдырғысы келген Мәсімовтің бұл әрекетін «құптарлық бастама» деген интернет қолданушылар да бар. Дегенмен әлеуметтік желілерде премьер әрекетін сынаушылар басым екені көрінді.

Сынаушылардың кейбірі пікірлерін астарламай тікелей жазғаны аңғарылса, желі қолданушылардың көбі әжуа, келемежге жүгінген. «Асхат Нурсултанов» есімді Twitter қолданушы «бұл хэштегпен жиналатын позитив аз» екенін ескертсе, «Bairam Azizov» атты Twitter қолданушы «Арал теңізін қалпына келтірдік, тұқымы көбейіп, иен даламызда желдей есіп жүретін киіктерді мыңдаған туристер тамашалап жүр» деп жазады. «Дедушка Фу» есімді қолданушы «ұлттық валютамыздың бағамы долларға шаққанда 4,75-тен 345-ке жетіп, жарқын жолмен қарыштадық, біз мұнымен де шектелмейтінін білеміз» деп үкімет басшысының бастамасын келекеге айналдырған.

«Инородное тело» атты твиттер қолданушы Мәсімовтің парақшасына «Жемқорлықты жеңдік. Балабақша мен мектепті жеткілікті түрде аштық!» деп жазса, «Марим Касимов» деген қолданушы «жеті жылда Қазақстанның сыртқы қарызы 65 пайызға көбейді, ал премьер-министр бұрынғыша Қазақстанның үздік премьері» деп мысқылдайды.

Жұртты Мәсімовтің бұл бастамасын қолдауға шақырған Twitter-дегі кейбір аккаунт иелері «позитив жазайық» деген ұран тастаған.

Ал @Rysiq «Кейбір кемшілдіктерге қарамастан, Қазақстан бәрібір көптеген салаларда жетістіктерге жетті. Құттықтаймын!» дейді.

«ҚОЛДАУШЫЛАРДАН СЫНАУШЫЛАР КӨП»

«Мәсімовтің бастамасын сынаушылар неге көбейді?» деген сауалды премьер бастамасын қыжыртқандардың бірі, белсенді Айгүл Орынбекке қойып көрдік.

- Қазақстан дәл қазір жетістігін тізетіндей жағдайда емес. Қазіргі экономикалық қиындықтар кезінде премьер-министрдің «жетістікті» тізбелегісі келуі маған халықты мазақтау сияқты көрінді, - дейді ол.

Ал премьер бастамасын сынаған белсендінің бірі Мұхтар Тайжан Facebook-те «Кәрім Мәсімов 25 жыл тәуелсіздіктің 10 жылға жуығында премьер болды, 10 жылда Қазақстан... қарызға батты, өзге мемлекеттің ақпараттық және мәдени отарына айналды, үкімет азаматтардың келісімін сұрамай-ақ зейнетақы қорын қалауынша жұмсауға кірісті...» деп сынай отырып, «мұның бәрін хэштег арқылы жасыра алмайды» деген.

Мұхтар Тайжан Кәрім Мәсімовтің бұл бастамасын «10 жыл сабақ оқымай келіп мектеп бітіргенде жақсы аттестат алғысы келетін оқушымен» теңестіреді.

Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина.
Қоғамдық белсенді Бақытжан Төреғожина.

Ал қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина Кәрім Мәсімовтің әлеуметтік желідегі белсенділігін «келешекте екінші президент болғысы келетінімен» түсіндіреді.

- Ол болашақ президенттің үгіт кампаниясын бастағанға ұқсайды. Оны лидер ретінде көрсететін команда жұмысқа кіріскен сияқты. Команда осы хэштег арқылы Мәсімовті 25 жылдағы табыстарға жеткізушінің бірі, іс басындағы белсенді саясаткер деп көрсеткісі келген. Бірақ қоғам шын мәнінде қандай жетістікке жеткенімізді көріп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда «марафонға киіп шыққан екі түрлі шұлығынан бастап бүгінгі хэштегіне дейінгі әрекеттерінің бәрі сәтсіз шықты, - дейді белсенді.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ ӘРИНЕ БАР»

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктерін мойындау қажеттігін, бірақ хэштег ұсыну сияқты саяси технологияларды дәл қазір сақтықпен пайдалану керек екенін айтады.

- Қазақстанның жетістіктері әрине бар. 1990-жылдардың бас кезінде Қазақстан либерал-демократиялық реформалар жасады. Мұнай қымбаттап, экономика тез өсті. Қаржы көбейгеннен кейін тоқырау байқалды. Қазір Қазақстан экономикасы жағдайы қиын. Әрине Мәсімов те саяси технологияны пайдаланады. Бірақ тым белсенділік те, халықтың көңілін таппау да кері реакция тудырады, - дейді ол.

Кәрім Мәсімовтің қарулы топ шабуылы кезіндегі жаралыларға көрсеткен көмектері үшін бір топ дәрігерді марапаттаған сәті. Ақтөбе, 15 маусым 2016 жыл.
Кәрім Мәсімовтің қарулы топ шабуылы кезіндегі жаралыларға көрсеткен көмектері үшін бір топ дәрігерді марапаттаған сәті. Ақтөбе, 15 маусым 2016 жыл.

Кәрім Мәсімов 2007-2012 жылдар аралығында алғашқы премьер-министр болған кезінде әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын. Алайда ол 2014 жылы қайтадан премьер қызметіне тағайындалғаннан кейін бұл дағдысын сиреткен еді. Сол тұста оның бұл әрекетін кейбір сарапшылар «Қазақстанда бір ғана саясаткер бар, ол – президент Нұрсұлтан Назарбаев» деген жазылмаған ұғымға мойынсұнып, жусаннан аласа, бетегеден биік жүруге көшті» деп түсіндірген.

Алайда Кәрім Мәсімов биыл күзден бастап әлеуметтік желілердегі белсенділігін қайта жандандырды. Оның жоғары жылдамдықпен жүретін жолға велосипедпен шығып, айыппұл төлегені, аяғына екі түрлі шұлық киіп марафонға қатысуы, Алматыдағы терактіден соң іле-шала жастық шағынан бір үзік видео жариялағаны әлеуметтік желіні пайдаланушылардың назарын аудартып, әртүрлі реакциясын тудырған еді.

XS
SM
MD
LG