Accessibility links

«Сайлаудағы ұрланған жеңіс» жайлы видеоны авторы алып тастады


Өскемен қаласы тұрғыны, қалалық мәслихат сайлауына өзін ұсынған Роман Честных.
Өскемен қаласы тұрғыны, қалалық мәслихат сайлауына өзін ұсынған Роман Честных.

Өскемен қалалық мәслихаты сайлауында «ұрланған жеңіс» жайлы видео авторы жанжалға ұласқан жазбасын парақшасынан алып тастады, бірақ көшірмелері тарап жатыр. Видеоролик авторы «достарына қысым күшейгеннен кейін күрестің басқа жолын таңдаған».

Өскемен қаласының тұрғыны, 31 жастағы заңгер әрі қалалық мәслихатқа өзін ұсынған Роман Честных Youtube желісіндегі арнасынан «қалалық мәслихат сайлауында жеңдім, бірақ сайлау учаскелеріндегі бұрмалаушылықтардың кесірінен депутат бола алмадым» деп мәлімдеген видеоролигін алып тастады. Азаттықпен сөйлескен Честных «достарыма қысым көрсетіп жатыр, сондықтан жағдайды ушықтырмай, бұрмалауға кінәлі жандарды жауапқа тартуға тырыспаймын» дейді.

Сайлаудағы "ұрланған жеңіс"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00
Жүктеп алу

Бірақ Честных аймақта қалыптасқан қазіргі жағдайда «сайлау учаскесінде бюллетеньдерді заңсыз қайта санау» туралы мұндай бір видеороликті жариялау фактісінің өзі әзірше жеткілікті деп санайды. Оның айтуынша, «ұрланған жеңіс» жайлы мәселені әрі қарай қоздыра берсе, туыстары мен достары, бар жазығы «жоғарыдан түскен жарлықты орындаған» учаскелік комиссия мүшелері зардап шегіп, ал нағыз бұрмалаушылар шет қалуы мүмкін.

Ерте парламент сайлауы мен кезекті мәслихаттар сайлауы наурыздың 20-сы күні өткен. Сайлауалды науқаны тыныш әрі күні бұрын болжанғандай болғанымен, кей жерлерде жергілікті мәслихат сайлауы кезіндегі «бұрмалаушылықтарға» қарсы наразы үндер естілді. Өскеменнен тараған видео биылғы сайлаудағы осындай сирек наразылықтың бірі болды.

САЙЛАУДАН КЕЙІН

Өскемен қалалық мәслихаты сайлауында болған оқиғалардан кейін Роман Честных екіұдай сезімде қалған:

Өскемен қаласы мәслихатына сайлау кезінде Роман Честных пайдаланған насихат фотосы.
Өскемен қаласы мәслихатына сайлау кезінде Роман Честных пайдаланған насихат фотосы.

- Маған не болып жатқанын да, енді мұнымен қалай жұмыс істеуге болатынын да ұғу қиын. Енді тіпті төсбелгісін [мәслихат депутатының] ұсынса да, «алғым келмейді» дер едім, өйткені ана жақтағы адамдармен (ал олардың қалай іліккенін жақсы білемін ғой) бірге жұмыс істегім де, бір шоғырда болғым да келмейді, - дейді ол.

Роман Честных өзінің үндеуі мен Өскемендегі сайлау учаскелерінің бірінде болғанға ұқсайтын оқиғалар жазылған видеоны Youtub желісіндегі веб-сайтынан алып тастаған.

- Облыс деңгейінде болсын, республика деңгейінде болсын, бүкіл мүмкіндікті пайдаланып, достарыма жан-жақтан қысым жасап жатыр, - дейді ол.

Бірақ Честных Азаттық тілшісіне өз сөзінен де, сайлау учаскесінде түсірілген деп болжанған видеодан да бас тартпайтынын, ал видеороликтің сапасына көңілі толатынын айтады.

Шынымен контраст видео болып шықты, қалай болғаны тамаша көрініп тұр.

- Шынымен контраст видео болып шықты, қалай болғаны тамаша көрініп тұр. Бәрі түсінікті, бәрі барынша ашық әрі анық түскен, - дейді ол.

Роман Честныхтың айтуынша, оның видеороликті алып тастауы видеоролик көтерген шуды әрі қарай өршітпейтінін, өз болжамын БАҚ арқылы дәлелдеуге тырыспайтынын немесе «дауыс беру қорытындыларын бұрмалаушыларды» қылмыстық қудалауды талап етпейтінін ғана білдіреді. Ол егер қозғалған қылмыстық іс жабылмаса, «көп болса, сайлау комиссиясына мүше әйелдер ғана зардап шегеді» деп санайды.

ЧЕСТНЫХ ПЕН САЙЛАУБАЕВ

Жұртты шулатқан видеороликте Роман Честныхтың үндеуі мен мәжіліс және қалалық, облыстық мәслихаттарға сайлау өткен наурыздың 20-сы күні Өскемен қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс беру аяқталғаннан кейін өрбіген деп болжанған оқиғалар түсірілген видео бар. Жергілікті Yk.kz наурыздың 24-і күні Роман Честных жайлы «Немного о выборах. Честных» деген мақала жариялады. Бұл жергілікті баспасөзде Роман Честныхтың шағымдарына қатысты жазылған әзірше жалғыз мақала деуге болады.

Yk.kz сайты Роман Честныхтың «Қазір ішкі істер департаментінде сайлау комиссиясы мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Дәлел жинап жатырмын. Президент әкімшілігіне хат жазып, ЕҚЫҰ миссиясына да жүгінбекпін. Меніңше, комиссия мүшелеріне қысым жасалған, оларды тиісті нәтиже «шығаруға» мәжбүрлеген » деген сөздерін келтірген.

Учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұраған Роман Честныхтың арызы бойынша наурыздың 21-і күні қылмыстық іс қозғалып, қазір онымен Өскемен қаласы Үлбі аудандық плиция бөлімі тергеушісі Махаббат Жанғазина айналысып жатқанын Азаттыққа Өскемен ІІД-сі де растады.

Сайлау учаскесінің біріне дәрігерлер алып келген пациент. Қазақстан, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Сайлау учаскесінің біріне дәрігерлер алып келген пациент. Қазақстан, 20 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Бірақ Роман Честных Азаттық тілшісіне «егер істі жапса, қарсылығым жоқ» дейді.Алайда ол арызын өз еркімен кері қайтарып алуды әзірше ойламайды.

Yk.kz сайтында жарияланған мақала оқырмандардың көптеген пікіріне ұласты, олардың көбі Роман Честныхты әлеуметтік желілер арқылы білетін болып шықты. Сондықтан ол видеороликті Youtube желісіндегі арнасынан алып тастағаннан кейін де әлгі видеоның көшірмелері Youtube пен өзге әлеуметтік желілерде тарап, талқыланып жатыр.

Роман Честных Өскемен қалалық мәслихатына өткен сайлауда жолы болған бәсекелесі - «Восток-молоко» корпорациясының бас директоры Сейілжан Сайлаубаевты танымайтынын айтады.

Азаттық тілшісіне Сайлаубаевқа хабарласудың сәті түсті. Бірақ Сайлаубаев «Роман Честныхты да, оның жұртты шулатқан видеоролигін де, Честныхтың арызы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын да білмеймін» деп әңгімені қысқа қайырды.

«ӨЗГЕ ЖОЛ»

Бірақ мәслихат депутаттығына бұрынғы тәуелсіз кандидат әрі өзін-өзі ұсынған Роман Честных қол қусырып отырмайтынын айтады. Ол өзге жолды таңдаған –заң саласындағы білімі мен тәжірибесіне сүйеніп, артық шусыз, яғни өз шындығын «процедуралық жолмен» дәлелдеуге ниетті. Ол бұл жолда қолданатын тактикасын ашуға әлі ерте деп санайды.

Роман Честныхтың пайымдауынша, оның жуырда жарияланған видеоүндеуі мен әлеуметтік желілерде кейін тараған көшірмелері өздерінің арсыз мүддесін ғана ойлайтын жергілікті шенеуніктердің өздерін ғана емес, орталық билікті (ал оған еш қарсылығы жоқ) де қалай масқаралайтынын көрсететін мысалға айналып үлгерген. Ол енді жергілікті билік мұны түсініп, «нағыз бұрмалаушыларға» қарсы шара қолданатын шығар деп үміттенеді. Бұған қоса, ол келесі сайлаулар кезінде қоғам заң бұзушылықтарға бейжай қарамайды, ал учаскелік сайлау комиссиясы мүшелері өздерінің абыройын төгетін әрі оларды кінәлі етіп шығаратын қылықтарын тыятын шығар деп үміттенеді.

Биыл наурыздың 20-сы кезекті мәслихаттар сайлауы мен кезектен тыс парламент сайлауы қатар өтті. ЕҚЫҰ бақылаушылары «сайлау науқанында бәсекелестік болған жоқ, ал сайлау комиссиялары көбінесе «Нұр Отан» билік партиясы мүшелерінен жасақталды» деп мәлімдеді. Ал жергілікті мәслихаттар парламенттің жоғарғы палатасы – сенатты қалыптастырады. Парламенттің төменгі палатасы – мәжілісте де «Нұр Отан» партиясы мүшелері көп.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG