Accessibility links

Алматыдағы 16 желтоқсан күнгі наразылықтың артында не тұр немесе сахнада “қара қолшатырлар” қозғалысы


Айнұр Құрманов ортада мегафонмен тұр. Алматы, 16 желтоқсан, 2008 жыл.
Айнұр Құрманов ортада мегафонмен тұр. Алматы, 16 желтоқсан, 2008 жыл.

16 желтоқсанда, яғни Тәуелсіздік күні, 7 құрылыс компаниясының алданған үлескерлері Алматыда кезекті наразылық шарасын өткізді. Сол күні-ақ сот ереуілді ұйымдастырғандардың бірі Айнұр Құрмановты 15 тәулікке абақтыға кесті.

“ҚАРА ҚОЛШАТЫРЛАР” ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

Алданған үлескерлердің, үй-күйсіз зейнеткер әскерилердің немесе баспана-жеркепелері қиратылған тұрғындардың түрлі наразылық шаралары туралы хабарлар күн сайын бір толастамайды.

Тамыз айынан бастап осы күнге дейін Қазақстаннан ағылып жатқан мұндай ақпараттардың қысқаша жиынтығы мынадай:
Алаңда алдымен полиция шеп құрып тұрды. Алматы, 16 желтоқсан, 2008.


- 12 тамыз күні таңертең Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты Мұқағали кентінде 50-ге тарта тұрғын үй қиратылды.

- 21 тамызда банкротқа ұшыраған «Верный КZ» құрылыс компаниясының алданған ондаған үлескері Алматы қалалық қаржы полициясының алдында ереуіл өткізді.

- 10 қыркүйекте «Шанырақ-5», «Красный трудовик», «Шестой градокомплекс», №1 аурухана мен бұрынғы автопарк жатақханаларының тұрғындары өздерінің баспаналарын заңдастыруды талап етіп Алматы қаласы әкімдігінің алдына жиналды. Олар шенеунектердің іс-әрекетін өздеріне қарсы “жарияланбаған соғыс” деп есептейді.

- 6 қазанда «Лайықты баспана үшін» қоғамдық бірлестігі үкімет үйінің алдында наразылық ереуілін ұйымдастырып, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына талап-хат тапсырды.

- 28 қазан күні үй-күйсіз зейнеткер офицерлердің наразылық қозғалысына олардың жұбайлары қосылды. Олар өздерінің ерлеріне тиесілі пәтерлерін беруді өтініп, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу жолдады.

- 4 қарашада Алматы қаласында 50-ге жуық алданған үлескер өздерімен бірге ыдыс-аяқтарын алып келіп, «Қуат» корпорациясы кеңсесінің қақ алдында әжуа «қоныстойын» өткізді.

- 17 қараша күні 50-ден астам адам премьер-министр Кәрім Мәсімовтің үстінен Астана қаласындағы аудандық сотқа шағым берді, ипотекадан берешегі бар тағы 50 адам Кәрім Мәсімовтің үстінен сотқа келесі күні арызданбақшы болды.

- 28 қарашада «Әскери қызметкерлердің «БОМЖ одағы» қозғалысының жетекшісі Дәулет Жұмабеков елдегі жемқорлыққа қарсы наразылық білдіріп, Алматыда құрылыс кранының төбесіне шығып алды.

- 3 желтоқсан күні Алматыда “Қуат” корпорациясы салып жатқан “МегаСайран” тұрғын үй кешенінің алданған үлескерлері бұрын-соңды болмаған наразылық шарасын өткізді. Олар өздерінің адам айтқысыз ауыр халін көрсету үшін, қыстың қақаған аязында жалаңаш шешініп шықты.

86- ЖЫЛҒЫ ЖЕЛТОҚСАННЫҢ 2008 ЖЫЛДЫҢ 16 ЖЕЛТОҚСАНЫНДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҒЫ. БҰЛ КҮНІ АЛМАТЫДА НЕ БОЛДЫ?

Енді міне 16 желтоқсанда, Тәуелсіздік мерекесі күні Алматы қаласы мен облысындағы тығырыққа тірелген 7 құрылыс компаниясы үлескерлерінің Үйлестіру кеңесінің жетекшілері Тәуелсіздік Монументі алдында кезекті наразылық ереуілін өткізді. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар бұл пикетті 1986 жылғы Желтоқсан толқуының кезекті жылдығына арнады, сол себепті де олар наразылық шарасын Тәуелсіздік күні ұйымдастырды.


Азаттық радиосының тілшісі “Ақ ауыл” компаниясы үлескерлерінің бастамашыл тобының жетекшісі Амангелді Шорманбаевпен оның мобил телефоны арқылы хабарласқанында, ол Алматы қаласының Бостандық ауданы ішкі істер бөлімінде жүргенін хабарлады. Полиция жасағы наразылықты ұйымдастырғандардың бірі Айнұр Құрмановты ұстап, осы бөлімге жеткізіпті.

А.Шорманбаевтың сөзіне қарағанда, жеті құрылыс компаниясының алданған үлескерлері таңғы сағат 10-ға қарай Ұлттық кітапхананың төңірегіне жинала бастаған. 500-ге тарта адам жиналған соң, олар гүл шоқтары салынған кәрзеңкелерін қолдарына алып, қыр соңынан қалмаған полицейлермен бірге Тәуелсіздік монументіне қарай қозғалған.

Амангелді Шорманбаев атап көрсеткендей, “ Алдында полиция өздерін Тәуелсіздік монументіне жібермейтіндерін ескертіпті”. Бірақ қаншама халықтың жиналғанын көрген соң, осыншама жұрттың жолын бөгеуге ешкімнің дәті бармаған. Оған қоса бұл мерекелік шара, бейбіт шеру болатын.


"Біз Тәуелсіздік ескерткішіне бардық та гүл шоқтарын қойдық. Содан кейін ескерткіш маңайына топтасып, 7 проблемалық құрылыс компанияларының алданған үлескерлерінің бастамашыл тобы жиылысының қарарын оқып бермекші едік.
Жиылыс кезінде оқып үлгерген бұл қарарымыздың негізігі талаптары үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Алматы қаласы және Алматы облысы әкімдерінің қызметтен кетуі болатын. Олар үлескерлер проблемасын шеше алмай отырған басшылар деп танылуда.Үлескерлер мәселенің шешілуін Қазақстан президентінің өз бақылауына алуын талап етісті.

Полиция қызметкерлері әркімді бір ұстап, ең соңында жиналғандар тарай бастаған кезде, Абай даңғылы маңында Айнұр Құрмановты ұстады”.

Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне апарылғаннан кейін “Талмас” қоғамдық бірлестігінің басшысы Айнұр Құрманов Азаттық тілшісіне 16 желтоқсанда болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық кітапхана жанында полиция үлескерлердің қолдарынан түрлі ұрандар жазылған транспаранттар мен басқа да символикалық белгілерін тартып ала бастаған.

“500-дей адам Тәуелсіздік ескерткішне гүл шоқтарын қойып, Қазақстан мемлекеттік гимнін айтып, қолдарына көк байрақты ұстап, бастарына сары ленталар байлаған еді. Олар наразылық белгісі ретінде қара қол шатырлар ұстап алған.

“Қара шатыр” идеясы желтоқсанның 3-де басталған болатын. Бұл идеяны үйлестіру кеңесі іліп алып, көптеген үлескерлер қара шатырлар ұстап келген-ді.

Полиция бұл шараға кедергі жасап, Амангелді Шорманбаевтің қарар оқуына мүмкіндік бермеуге тырысты. Полиция оппозициялық жастар ұйымдары мүшелерінің бірінен фотоаппаратын да тартып алуға тырысты.

Мен содан кейін үлескерлердің арасына кіріп кетіп, қолыма мегафон алып, біздің ортақ талабымызды аяғына дейін оқыдым."

Дегенмен, полицияның үлкен тобы ішке қарай ентелей еніп, мені ұстауға тырысты. Үлескерлер мен ипотека төлеуші адамдардың тобы мені құтқарып қалды.

Содан кейін көптеген достарымның кеңесімен жайлап шығып, машинаға мінуге тырысқан едім. Алайда, Байсейітова көшесі мен Абай даңғылы қиылысында мені күшпен тоқтатып, осы Бостандық аудандық ішкі істер бөліміне әкелді.

СОТ ШҰҒЫЛ ӨТКİЗİЛДİ, АЛ АЙНҰР ҚҰРМАНОВТЫҢ АДВОКАТЫНА СӨЗ ДЕ БЕРİЛМЕДİ

Дәл сол 16 желтоқсанда “қара шатырлар” қозғалысының басшысы Құрманов 15 күнге сотталды. Ол бостандыққа тек 31 желтоқсанда ғана шыға алады. Айнұр бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жазаларға тартылған болатын.

Құрмановтың қорғаушылары болса үкімді қайта қаратпақшы. Өз наразылықтарының дәлелі ретінде хұқық қорғаушы Денис Әлімбеков Азаттық радиосына бірнеше мысал келтірді.

“Біріншіден сотта көрсетілген бейнетаспа әбден қырқылып, редакцияланғаны көрініп тұр. Себебі кадрларда уақыт көрсеткіші жоқ. Мысалы бейнетаспада митинг алдында ескертуді оқыған сияқты болған прокурор Еламанов шын мәнінде митингіге кешігіп қалған еді. Ол аталған ескертуін митингіден кейін камера алдында оқып берген болатын. Екіншіден, айыпталушының куәларына куәгерлік сөзі берілген жоқ. Үшіншіден, сотқа Айнұр Құрмановтың қорғаушысы жіберілмеді”,- деді Денис Әлімбеков.

Тұтқындалғанға құқықтық көмек көрсету үшін Бостандық аудандық İİБ-де болған Әлімбековтың телефон арқылы түсіндіруінше, қарсылық шараларына қатысушылар тарапынан қандай да бір құқық бұзушылық орын алмаған. Оның айтуынша, керісінше атқарушы билік тарапынан заң бұзушылықтар болды:

“Бейбіт жиындар мен шерулер және пикеттер жөніндегі біздің заңымыз бойынша әкімшіліктің өкілі халыққа оның әрекеттері заңсыз деп түсіндіруі тиіс болатын. Алайда жергілікті биліктен ешкім келген де жоқ, түсіндірген де жоқ. Оның орнына, полиция өзінің жеке бастамасымен шеруді тарқатуға кірісіп кетті және наразылық шарасына қатысқан адамдардың бірі Айнұр Құрмановты тұтқындады, ал бұл заңсыз әрекет”.

Байқалып тұрғандай, Қазақстанның саяси оппозициясы әдеттегідей тәуелсіз баспасөзде мәлімдемелер жасаумен ғана шектеліп отырса, алданған үлескерлер нақты іс-қимылдарға кірісіп кетті.
Тәуелсіздік күні шеруге шыққан алданған үлескерлер. Алматы, 16 желтоқсан, 2008.

Бұған қоса, үлескерлер бірігіп жатса, олардың іс-қимылдары алдын- ала ойластырылған және ұйымдастырылған болып шықты. Олардың “Үкімет пен әкімшілік отставкаға кетсін!” немесе “Нұрсұлтан Әбішұлы, егер біздің проблемаларымыз шешілмесе, сіз жауап бересіз!” деген талаптары саяси және қатқыл мазмұнда естілуде.

“Ақ ауыл” компаниясы үлескерлерінің бастамашыл тобының жетекшісі Амангелді Шорманбаев Азаттыққа берген сұхбатында алданған үлескерлер мен несие алушылардың және баспанасыз офицерлер мен тағы басқаларының көбейіп жатқан наразылық шаралары мақпал төңкерісіне алып келуі мүмкін деп мәлімдеді.

“Мұндай төңкерістің көрінісі қызғалдақ та емес, раушангүл де емес, 3, 16 желтоқсанда өткен ең соңғы акциялардың барысында көрінгендей, үкіметтің отставкаға кетуіне қол жеткізген Тайланд оппозициясының үлгісі ретінде қара қолшатыр немесе сары орамал болуы мүмкін”, - дейді Амангелді Шорманбаев.

Айта кету керек, өткен аптада Қазақстан үкіметі үлескерлердің мәселесін шешу үшін арнайы шараларды қолға алып отырғанын хабарлаған болатын. Министр Владимир Школьниктің мәлімдеуінше, мемлекеттік бюджеттен тұрғын үй құрылысын қайта тірілтуге бағытталған жоспар жасалған.
Президент Назарбаев өзінің соңғы мәлімдемелерінде тереңдеп бара жатқан ғаламдық экономикалық дағдарыстан Қазақстан шыға алады деп уәде еткен болатын.
XS
SM
MD
LG