Accessibility links

Журналистер «кәсіби біліктіліктің төмендігін» биліктен көреді


Полиция оқиғадан хабар таратуға келген журналисті бөгеп тұр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Полиция оқиғадан хабар таратуға келген журналисті бөгеп тұр. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың «телеарна тілшілерінің кәсіби біліктілігі төмен» деген сөзін естіген БАҚ өкілдері «бұған мемлекеттік саясат кінәлі» деп біледі.

Ақпанның 9-ы күні ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев әлеуметтік сауалнама мәліметіне сілтемей жасай отырып, «журналистердің кәсіби дайындық деңгейіне қазақстандық көрермендер көңілдері толмайтынын» мәлімдеді.

Сауалнаманың қашан және қай қалаларда жүргізілгенін, оған қанша респондент қатысқанын нақтылап айтпаған министр «қазақстандық телеарналардағы жарнаманың көптігіне, жергілікті тақырыптардағы телеөнімдер мен танымдық бағдарламалардың аздығына, журналистер біліктілігінің төмендігіне» шағымданды.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев.

«МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ БЕЛГІЛЕГЕН ШЕҢБЕР»

Қазақстан телеарналарында 20 жыл тілші болып істеген Әділхан Шайков министр айтқан «кәсіби біліктілік төмендігіне» шығармашылық еркіндік пен шынайы бәсекелестіктің жоқтығы себеп деп түсіндіреді.

– Редакция тапсырмасымен іс-шараға шыққан тілші оны қалай түсіру мен жазу керек екенін алдын ала біліп отырады. Өйткені телеарна, ондағы редактор мен тілшілер мемлекеттік саясат белгілеген шеңберден шыға алмайды. Шеңбер болған соң шығармашылық еркіндік жоқ, – дейді Әділхан Шайков.

Мемлекеттік «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ақпараттық бағдарламалар дирекциясы басшысы Ерлан Атамбай «мемлекеттік саясатты насихаттау кей жағдайда науқанға ұласып, оқырманға тартымсыз болып кететінін» мойындайды.

«Қазақстан» ұлттық телеарнасының ақпараттық бағдарламалар дирекциясы басшысы Ерлан Атамбай.
«Қазақстан» ұлттық телеарнасының ақпараттық бағдарламалар дирекциясы басшысы Ерлан Атамбай.

– Телеарналар, мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, бәрі мемлекеттік тапсырысты орындап отыр. Кей жағдайда оқырманға қызықсыз шаралардан жағымды жаңалық жасап беру басым болып кетеді. Мемлекеттік тапсырыс деп оқырманға қызық емес оқиғаларды эфирге тыға беру дұрыс емес. Тілшінің кәсіби біліктілігіне мұндай жағдай кері әсер ететіні бар, – дейді Ерлан Атамбай.

«ОЙЫ БАР ЖУРНАЛИСТЕРДІ БЕЗДІРІП ЖІБЕРДІ»

Бұрын мемлекеттік «Хабар» телеарнасында қызмет еткен журналист Дина Елгезек әріптестері жайлы министр Дәурен Абаев айтқан пікірмен келіспейді. Ол журналистерді жаппай «кәсіби емес» деп қаралай салуға болмайтынын айтады.

Тәуелсіз журналистік зерттеулер жасауды мүлдем қойды, объективті ақпар бере алмайтын болдық.

– Мықтылар бар. Бірақ мәселе – жүйе оларды қандай күйге түсірді?Біріншіден, журналистер әлеуметтік жағынан мүлдем қорғалмаған. Ел қатарлы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларынан үй ала алмайды. Қазақстандық журналистердің орташа айлығы 100-200 мың теңгекөлемінде. Яғни перспективалы мамандықтардың қатарында емес, сол себепті соңғы 15 жылда мектепті үздік бітірген түлектер журналистиканы мүлдем таңдамайтын болды. Екіншіден, саяси журналистиканың ізі қалмады, тәуелсіз журналистік зерттеулер жасауды мүлдем қойды, объективті ақпар бере алмайтын болдық, – дейді ол.

Дина Елгезек «билік журналистиканы өз қолымен буындырып отыр» деп біледі.

– Біздегі тәуелсіз БАҚ-тың көрген күні бар болсын. Осыдан кейін кей мықты мамандар журналистикадан кетті, көнбістері «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» боп жүр әлі, – дейді ол.

Бірнеше телеарналарда тілші, редактор, бас директордың орынбасары болған, қазір аймақтық телеарналардың бірінде жұмыс істейтін Серік Әбікеннің пікірінше, Қазақстанда журналистиканы «еріккенің ермегі қылып жіберген».

Журналист Серік Әбікен.
Журналист Серік Әбікен.

– Журналистиканың қыры мен сыры бар мамандық екенін ысырып қойды да, аннан-мыннан қашқандарды журналистикаға жиып қойды. Қазір ақша тапқысы келген, күн көргісі келгендер журналистиканы шыр айналдырып жүр. Саналы түрде осы дәрежеге алып келді. Түйін сөзі, ел санасына сәуле салар ойы бар журналистерді ақпарат саласынан бездіріп жіберді. Журналистиканы жылтыр мадақ, жалаң сөзге мемлекеттік саясат тіреп қойды. Енді оған кімді кінәлауға болады? Өздерінен басқа ешкімді кінәлай алмайсың, – дейді Серік Әбікен.

Парламент депутаттары өткен жылы желтоқсан айында министр Дәурен Абаевқа телеарна өнімдері сапасына қатысты сын айтып, «Қазақстан телеарналарын ешкім көрмейді» деп шағымданған. Депутаттармәжілістегі үкімет сағатында жергілікті БАҚ-та сараптама мен журналистік зерттеудің аздығын айтқан. Министр Абаев ол кезде депутаттарға «министрлік жергілікті БАҚ-ты қолдау үшін стимул беретін механизмдер даярлағанын» хабарлаған.

Ақпарат және коммуникация министрлігі дайындаған БАҚ туралы заңға түзетулер енгізу жобасы парламентке биыл мамырда түседі деп жоспарланған. Құқық қорғаушылар мен журналистер «бұл жобаның кейбір нормалары БАҚ саласының дамуына кері әсер етіп, баспасөз еркіндігі жағдайын нашарлатады» деп алаңдайды.

XS
SM
MD
LG