Accessibility links

Ақорданың көпвекторлы саясаты сынға түсті ме?


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Сирия президенті Башар Асад. Дамаск. 6 қараша 2007 жыл.

Қазақстан Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ұсынған АҚШ пен одақтастарының Сирияға соққы жасауын айыптайтын қарарына қатысты қалыс қалған соң бұл әрекетті сөккендер де, сүйсінгендер де көбейді.

Сәуірдің 17-сінде Қазақстанның ақпарат министрі Дәурен Абаевтың ресейлік кремльшіл тележүргізуші Владимир Соловьев туралы «Ондай журналисті білмейді екем» деген сөзі жергілікті ақпарат вебсайттары мен әлеуметтік желілерде кең тарады. Соның алдында Соловьев Қазақстанның сәуірдің 14-інде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Ресей ұсынған АҚШ пен одақтастарының Сирияға соққы беруін айыптаған қарар жобасына дауыс беру кезінде қалыс қалғанын сынаған. «Россия» телеарнасындағы тікелей эфир хабарында журналист: «Келесі Майдан Ресейден ажыратып әкету үшін Қазақстанда ұйымдастырылмақ па?» деген екіұшты сұрақ қойған. Сейсенбіде Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «Ресеймен стратегиялық одаққа зиян келтірмеуі үшін мұндай мәлімдемелерге қатысты шара қолданатынын» хабарлады.

Бұл мәселеге қатысты пікірлер әлеуметтік желілерде де көп жазылды. Ресей президентінің пулына кіретін ресейлік журналист Дмитрий Смирнов Twitter парақшасында: «Астана қалыс қалды: Неліктен Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ресейдің қарарын қолдамады?» деп жазды.

Мұндай позицияны жақтаған қазақстандықтар да болды. Facebook қолданушысы Дос Ильяшев Астананың дауыс беруде қалыс қалуын «ұят іс» деп сипаттады. Ол әлеуметтік желіде жақын көрші әрі ҰҚШҰ бойынша одақтас бола тұрып «Ресейді қорқып, лақтырып кеттік пе?» деген сауал қояды.

Ресейдің Федералдық кеңесінің Халықаралық істер бойынша комитетінің төрағасы Константин Косачев те Facebook парақшасында Қазақстанның қалыс қалуын күтпегенін жазды. Ол мұны «жағымсыз жаңалық» деп бағалады.

Қазақстандық медиа менеджер Арман Шораев ресейлік журналистер мен саясаткерлерге қаратып: «Солай, жолдастар. Өз елдеріңізді танымай тұрсыздар-ау деймін. Өз азаматтарын Британияда, кінәсіз адамдарды Сирияда газбен улайтын оқшауланған елге айналып барасыңдар» деп жазғыра пікір білдірді.

Азаматтық белсенді Мұхтар Тайжан бұл мәселеге қатысты Қазақстанның сыртқы істер министрлігін қолдауға шақырды.

Сәуірдің 7-сінде Сирия президенті Башар Асадқа бағынышты үкімет әскері Дамаск түбіндегі Шығыс Ғута аймағы деп аталатын жапсарлас қалалардың бірі – «Думада химиялық қару қолданды» деген айыпқа ұшыраған. Сирия, Ресей мен Иран бұл айыпты теріске шығарғанымен, АҚШ, Ұлыбритания мен Франция бастаған бірқатар Батыс елдері химиялық қаруды Асад үкіметі қолданғанына «дәлел барын» айтқан. Іле-шала өткен жұма күні АҚШ пен одақтастары Асад үкіметіне қарасты химиялық қару жасау мен сақтау орындары болуы мүмкін бірнеше нысанға 105 зымыран атып, залалсыздандырған еді.

Сенбіде Ресейдің бұл шабуылды айыптауға шақырып, қарсы ұсынған қарар жобасын өзін қосқанда Қауіпсіздік кеңесінің үш мүшесі ғана қолдаса, сегіз мемлекет қарсы дауыс берген. Ал Қазақстан, Эфиопия, Экваторлық Гвинея мен Перу дауыс беруден қалыс қалған. Биыл бір жылға БҰҰ-ның тұрақсыз мүшесі болып сайланған Қазақстанның мұндай қадамын жергілікті сарапшылар әрқилы түсіндіреді.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековтың пікірінше, Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесінде ресейлік қарарға қатысты дауыс беруде қалыс қалуы – көпвекторлы саясаттың нәтижесі.

Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков.
Саясаттанушы Жұмабек Сарабеков.

- Астана Сирия дағдарысын реттеу бойынша өзін диалог алаңын ұсынған бейтарап мемлекет ретінде көрсетіп отыр. Қазақстан әлемдік саясатта БҰҰ-ның қағидаттарына, халықаралық құқыққа негіздеп қадам жасауы керек. Соңғы уақыттары Ресей мен Батыс арасындағы, Қытай мен АҚШ арасындағы кикілжіңдердің көбейгені байқалады. Осы ретте көпвекторлы саясатты жүргізу қиындады. Сыртқы саясаттағы маневрлар үшін кеңістік тарылып жатыр, - дейді ол.

Жұмабек Сарабеков көпвекторлы саясат жүргізу қиындаса да, Қазақстанның әлемдік саяси аренада өз мүддесін қорғау үшін бұл бағыттан айнымайтынын айтады.

Саясаттанушы Жеңісбек Төлен Қазақстанның Ресей қарарынан қалыс қалуы орынды деген ой айтады. Оның сөзінше, бұл «Қазақстанның Ресейдің бір бөлшегі емес, тәуелсіз ел екенін» көрсетеді. Оның пайымдауынша, көпвекторлы саясат ұстану Қазақ хандығы кезінен бері жалғасып келе жатқан дәстүр.

- Географиялық орналасуы мен энергетикалық шикізат қорының молдығына байланысты Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанады. Еуропа, АҚШ пен Ресей инвесторларының мүдделері осында тоғысқандықтан Қазақстан қаласа да, қаламаса да көпвекторлы саясат ұстануы керек, - дейді Жеңісбек Төлен.

Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев кезінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне бір жылға тұрақсыз мүше болып сайланғанын «труимф» деп бағалағандар бұл қызметтің салмағын да түсінулері керек еді деп санайды.

«Енді жылдың соңына дейін екі оттың ортасында отыруымызға тура келеді» деп жазды ол Facebook парақшасында.

Қалыс қалуды жақтаушылар мен даттаушылардың әңгімесі Ақорда мен Кремльді де бейжай қалдырмаса керек. Сейсенбі күні Астана президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ресейлік әріптесі Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, «Сириядағы жағдайды талқылағандарын» хабарлады. Осы туралы ақпарат таратқан Ресей президентінің ресми сайты болса, екі ел басшыларының "АҚШ пен одақтастарының Сирия жерін зымыранмен атуын айыптағаны" жайлы мәлімет таратты. Онда екі ел президенттерінің "агрессиялық әрекеттердің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі санкциясынсыз жасалғаны және оның БҰҰ жарғысы және халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын тікелей бұзуы болып табылатынын атап көрсеткені" хабарланған.

ВИДЕО: "Қазақстан Ресей мен АҚШ арасында қыспақта қалды".

"Қазақстан Ресей мен АҚШ арасында қыспақта қалды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:18 0:00

Қазақстан БҰҰ-да қандай да бір халықаралық мәселелерге оң не теріс деп баға беру кезінде көп ретте қалыс қалады. Мәселен, 2016 жылғы желтоқсанның 19-ында БҰҰ-ның Қырымдағы адам құқықтарына алаңдайтын, Ресейдің түбекті аннексиялап алғанын және Шығыс Украинадағы сепаратизмге дем бергенін айыптайтын қарарына қарсы дауыс берген. Ол кезде Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілі «Қырым автономиялық республикасы мен Севастополь қаласындағы адам құқықтарының ахуалы» атты қарарды қолдамау себебін «қарар жобасы дағдарысты реттеп, диалог орната алмайды, керісінше, Ресей мен Украина қарым-қатынасын тығырыққа тірейді» деп түсіндірген.


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2014 жылы бекітілген Қазақстанның сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында: «Қазақстанның ұстанымы мемлекеттердің егемендігі мен олардың халықаралық тұрғыда танылған шекараларындағы аумақтық тұтастығын сақтау туралы БҰҰ-ның негіз қалаушы қағидаттарына, дағдарыстарды реттеу жөніндегі құжаттарда, ең алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларында көрсетілген ережелерді орындау негізінде даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуді іздестіруге негізделеді» деп жазылған.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG