Accessibility links

ҚМДБ: Қазақстаннан қажыға бес мың адам бара алады


Қажылыққа баратын мұсылмандар сапар алдында Алматының орталық мешітінде отыр. 8 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қажылыққа баратын мұсылмандар сапар алдында Алматының орталық мешітінде отыр. 8 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Әл-Харам мешітін кеңейту жұмыстарына байланысты Сауд Арабиясы биыл қажылыққа келетіндер санын 20 пайызға қысқартқан. Қазақстанға берілген квота көп адам апаруға мүмкіндік берсе де, қажыға баратындар саны былтырғыдай болмақ.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қажылық бөлімінің меңгерушісі Қанат Бекжановтың Азаттыққа айтуынша, Қазақстаннан қажылыққа баратын азаматтар саны биыл жылдағыдан өзгермейді.

– Былтырғыдай биыл да Қазақстаннан бес мың адам қажылыққа бармақ. Сауд Арабиясының талабы бойынша, әр бір миллион мұсылманнан бір мың адамның қажыға баруына рұқсат етіледі. Осы шарт бойынша, орта есеппен 10 миллион мұсылман бар деп есептелетін Қазақстаннан 10 мың адамға дейін қажыға баруына болады, бірақ бізден баруға ынта білдіргендер саны бес мың адамға ғана жетеді, - дейді ол.

ҚМДБ өкілінің сөзінше, биыл Меккеге қажылық сапарға баратындарды қысқарту өздеріне бөлінген квотаға сай мұсылмандар жіберіп отырған елдерге қатысты болмақ.

Меккеге қажылыққа келген мұсылмандар. 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Меккеге қажылыққа келген мұсылмандар. 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Мәселен, Малайзиядан 60 мың адам баруы керек болса, олар жыл сайын тура сонша, яғни 60 мың адам жібереді. Енді оның 20 пайызы қысқартылады. Ал біз толтыра алмай жатырмыз, - дейді Қанат Бекжанов.

Алматылық тұрғын Хасан Османов қажылық парызын өтеп қайтуға ниеті болғанымен, Меккеге қажылыққа барып-қайту өзіне қымбатқа түсетінін айтады.

– Дінге бет бұрғаныма оншақты жылдан асса да, мен үшін бес парыздың бұл түрі әзірге арман. Өйткені, қажылық сапар айтарлықтай қаражатты керек етеді. Умраға бару бағасы 1000 доллар көлемінде болса, қажылық 3500 доллардан бастап 8000 доллардан асады. Ал оған мен сияқты қарапайым мұсылманның шамасы жетпейді. Сондықтан әзірге тек ниет етіп отырмыз, - дейді ол.

ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Қанат Бекжанов қажылық сапардың қымбат болуының бірнеше себебін атады.

– Біріншіден, ұшақ билеті қымбаттау, оны әуе компаниялары солай бекітеді. Одан кейін, қонақ үй де қымбат. Сауд Арабиясы солай жасап отыр. Қажылық кезінде өздерінің маусымдық бағалары болады. Қажылықтан өзге уақытта Умраға жыл он екі айда бара беруге болады. Сол уақытта Меккеге кіріп-шығуға сіз ақша төлемейсіз, тек виза ғана сатып аласыз. Ал қажылық кезінде Меккеге кіргеніңіз үшін сіз кем дегенде 300 доллар ақша төлейсіз. Оған қызмет көрсету түрлері кіреді, және басқа да көрсетілетін әртүрлі қызметтерге ақша төленеді, - дейді ол.

Қанат Бекжановтың сөзінше, биыл қажылық қыркүйек айының басында басталады.

Бұған дейін, 2013 жылы да Меккедегі әл-Харам мешітіндегі жөндеу жұмыстарына байланысты дүниежүзі бойынша қажыға келетіндер саны 20 пайызға қысқартылған еді. Сол жылы Қазақстаннан 4 мың 400 адам қажыға барған. Былтыр Қазақстаннан қажылық парызын өтеуге Меккеге баруға ниет білдірген бес мың адамға квота бөлінген.

XS
SM
MD
LG